20 мам, 2025 сағат 14:12

Баланы еңбекке жегу мен баулудың ара жігін қалай ажыратамыз?

Фото: gov.kz

Балалардың жазғы демалысы басталысымен олардың уақытын қалай өткізетіні жиі көтерілетін мәселе. Бірі лагерьге барып, демалыс орындарында уақыт өткізсе, тағы бірі аулада ойнап, үйірмелерге қатысып қызықты уақыт өткізуге тырысады. Қолы бос балалардың ата-анасына үй шаруасында көмектесіп, жеңіл-желпі жұмыс істеуі де қажеттілік деп есептейді мамандар. Алайда қоғамда жиі көтерілетін өзекті мәселе - балалардың жазғы каникулда жұмысқа жегілуі. 

Ult.kz тілшісіне сұхбат берген Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов баланы еңбекке баулу мен қара жұмысқа жегудің айырмашылығы неде екенін анықтап алу керек екенін айтады.

"Біздің тиісті заңнамада қандай жұмыс неше сағатқа, неше жастан кімді тартуға болатыны туралы заңнамада жазылған. Егер заңдағы талаптар бұзылатын болса, мысалы 11 жастағы баланы қиын қара жұмысқа салып қойып, оған 10-15 сағат жұмыс істетіп қойса, әрине бұл заң бұзушылық екені белгілі. Сондықтан біз баланы еңбекке жегіп қою мен оны еңбекке баулудың ара жігін ажыратып алуымыз керек. Мысалы өзіміз ауылда тұрдық, мал жайғадық, су тасыдық, қойдың кезегіне шықтық. Сабақтан тыс уақытта жазда да, қыста да жұмыс істедік. Одан жаман болған жоқпыз. Сондықтан еңбекке баулу деген өзіңнің саяжайыңжа жұмыс сітеу, үйде ыдыс жуу, төсегіңді жинау, үй жинау деген сияқты жұмыстар адамды жақсы тәрбиелейтін бастамалар. Ал оны 15 сағат жұмыс істетіп қойса, өзі қаламаса, құқығы бұзылса ол бала еңбегін қанау болып есептеледі", - дейді депутат.


Бала еңбегінің құны бар ма?

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде оқудан бос уақытта денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмысты орындау үшін 14 жасқа толған оқушылармен заңды өкілдерінің бірімен қол қойылған жағдайда, еңбек шарты жасалады, яғни бала заңды жұмыс істеп, жалақы ала алады.

Сонымен қатар кинематография ұйымдарында, театрларда, театр және концерт ұйымдарында, цирктерде денсаулығына және имандылық тұрғысынан дамуына нұқсан келтірмей шығармалар жасауға және (немесе) орындауға қатысу үшін 14 жасқа толмаған адамдармен еңбек шарты жасалуы мүмкін.

Жалпы еңбек шартын 16 жасқа толған азаматтармен жасаға құқылы. Алайда кәмелет жасына толмаған балалар тек қысқартылған жұмыс уақыты режимінде ғана жұмыс істей алады. 

Сондай-ақ 18 жасқа толмаған балаларды жұмысқа алғанда белгілі бір талаптарды орындау шарт.

Балаларға қандай жұмыс түрлеріне шектеу мен тыйым салынған?

- Ауыр жұмыстарға, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарға 18 жасқа толмаған азаматтармен жасауға тыйым салу;

- жұмыс берушінің мүлкі мен басқа да құндылықтарының сақталуын қамтамасыз етпегені үшін қызметкердің толық материалдық жауапкершілігін көздейтін лауазымдар мен жұмыстарға, сондай-ақ орындалуы олардың денсаулығы мен имандылық тұрғысынан дамуына зиян келтіруі мүмкін жұмыстарға (ойын бизнесі, түнгі ойын-сауық орындарындағы жұмыс, алкоголь өнімін, темекі бұйымдарын, есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды өндіру, тасымалдау және сату);

- түнгі уақытта жұмыс істеуге тыйым салу (сағат 22.00-ден 6.00-ге дейін);

- үстеме жұмысқа тыйым салу;

- жұмыс уақытының жиынтық есебі кезінде жұмысқа тыйым салу;

- вахталық әдіспен жұмыс істеуге тыйым салу;

- қоса атқаратын жұмысқа тыйым салу;

Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында 14 жастан 18 жасқа дейінгі адамдарға қатысты қысқартылған жұмыс уақыты режимі бойынша талаптар белгіленген:

– 16 жастан 18 жасқа дейінгі қызметкерлер үшін-аптасына 36 сағаттан артық емес.
– 14 жастан 16 жасқа дейінгі қызметкерлер үшін-аптасына 24 сағаттан артық емес.


Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын, оның ішінде балалар еңбегін пайдалану кезінде бұзу бойынша жұмыс берушілерге қатысты «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес әкімшілік жауаптылық көзделген. Олар: адамды еңбек шартын жасамай жұмысқа жіберуге, еңбегіне ақы төлеу жөніндегі талаптарды бұзғаны үшін, жұмыс уақытының нормасын заңсыз асырып жібергені үшін, еңбек саласында кемсітушілікке жол бергені үшін, еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз ету қағидаларын бұзғаны үшін заңмен жазаланады.

Жазғы демалыс 9 ай мектеп табалдырығын тоздырып, оқу оқыған балаларға демалыс уақыты екенін де ұмытпаған жөн. Олардың уақытын тиімді өткізу мақсатында жас ерекшелігін ескермей жұмысқа салу заңмен шектеледі. Қоғамда "Балаңды бес жастан бастап құлыңдай жұмса" дейтін тәмсілді тікесінен түсініп, асыра сілтеп жататын ата-аналар қаншама?! Мамандар баланың денсаулығына зиян келетін ауыр жұмыстарды істету болашақтағы өмір сапасына тікелей әсер ететінін де ескертеді. 

Айма кетейік, биылғы оқу жылын 3,9 млн оқушы аяқтағалы отыр. Оның ішінде бастауыш сыныпты – 391 мың, негізгі мектепті – 364 мың бала аяқтайды. 

Балжан Жеңісқызы