01 жел, 2025 сағат 17:53

Әкім орынбасары мен блогердің даулы пікірлері: Ерекше жандардың құқығын кім қорғайды?


Фото: autismnj.org


Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатовтың мүгедектігі бар азаматтар туралы айтқан сөзі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Талғар ауданында тұрғындармен өткен кездесуде айтылған бұл пікір әлеуметтік желілерде сынға ұшырап, шенеунік көпшілік алдында кешірім сұрауға мәжбүр болды. Осы орайда Ult.kz тілшісі осы және басқа да қоғамдық резонанс болған мәселелерге қатысты бірнеше сұрақты заңгерге қойып көрді.


Оқиға мемлекеттік қызметкерлердің этикасына, мүгедектердің құқығын қорғауға және лауазымды тұлғаның қоғам алдындағы жауапкершілігіне қатысты маңызды сұрақтарды күн тәртібіне көтерді.

 

Даулы сөз қалай айтылды?


Тұрғындармен кездесу барысында Есболатов денсаулығына байланысты залда кезек күтіп тұрған азаматтарға қатысты:


«Мүгедектердің еңсесін түсірмейік. Онсыз да Алла тағала бұл кісілерді, орысша айтқанда, ‘их наказали’...» деді.



Залда отырғандар бұл сөзді естіген сәтте-ақ әлеуметтік желілерде наразылық толқыны пайда болды.

 

Қоғам реакциясы бірден және өте қатаң болды. «Алла жазалады дегені ме? Бұл қорлық қой!», «Лауазымды тұлғаның этикасы қайда?»,«Мүгедектерді кемсіту –  адамгершілікке де, заңға да қарсы!» деген пікірлер болды. 

 

Қоғамдық қысымнан кейін Қанат Есболатов Instagram парақшасында жазба жариялап, айтқан сөзінің дұрыс түсінілмегенін жеткізді.


Шенеунік өзінің ойы өзгеше болғанын, бірақ орысша жеткізу барысында қателік жасағанын айтты:


«Орыс тілінде сөзімді дұрыс жеткізбеппін. «Құдай үлкен сынақ берген» деп айтқым келген еді», деді.


Сонымен қатар ол көпшіліктен шын жүректен кешірім сұрап, жағдайдан сабақ алатынын жеткізді.


 Заңгер: «Бұл – кемсітушілік элементтері бар сөз»


Заңгер Қуат Ауғанбектің айтуынша, мемлекеттік қызметкердің «мүгедектерді Алла жазалады» деп айтуы –  ар-намыс пен қадір-қасиетке тіл тигізу ретінде қарастырылуы мүмкін. Қазақстан –  Мүгедектердің құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясын ратификациялаған мемлекет.


Сондықтан мүгедектік белгісі бойынша кемсітушілікке заң жүзінде қатаң тыйым салынады.


«Негізі мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар да мүгедектерге қатысты дискриминациядан аулақ болуға міндетті.  Ал «мүгедектерді Алла жазалады» деп айту – бұл пікір, бірақ сөз сапасы мен контекстке қарай –  мүгедектерді кемсітуге, олардың қадір-қасиетіне тіл тигізу категориясына түсуі мүмкін. Заңдарда «мүгедектерге » қатысты нақты «тіл тигізу» жаза­лау нормасы – конвенциялық міндеттемелер арқылы, ал нормативтік актілерде дискриминацияға қарсы ережелер бар. Сонымен қатар, егер бұл сөздер қоғамдық орындарда, БАҚ немесе интернетте айтылған болса –  бұл кемсітушілік, ар-намысқа тіл тигізу және мінеген кемсітушілікке жатуы ықтимал. Мұндай пікір кемсітушілікке жатуы мүмкін, және мүгедектер құқықтарын қорғауға арналған нормалар қолданылуы тиіс», – дейді заңгер Қуат Ауғанбек. 



Заңгердің айтуынша, мемлекеттік қызметкердің лауазымдық мәртебесіне сәйкес қоғамдағы пікір білдіруі (әсіресе, мүгедектер немесе басқа әлеуметтік азшылықтар туралы) оның «қызметтік міндеттерімен үйлесімді» болуы шарт.  Егер қызметтік міндеттерімен үйлесімсіз және мүгедектерді кемсіту, ар-намысқа тіл тигізу болса, бұл тәртіптік жауапкершілікке әкелуі мүмкін. 


«Бұл –  мемлекеттік қызмет туралы заңдар мен ішкі тәртіп ережелері шеңберінде қаралады. Сонымен қатар, қоғамдық пікір білдіру адамның негізгі бостандығы; бірақ мемлекет қызметкерінен этика, теңдік қағидаттарын сақтауды талап етеді. Егер сөздері заңда көрсетілген «ар-намысқа тіл тигізу» немесе «кемсітушілік» құрамына сәйкес болса әкімшілік немесе тіпті қылмыстық жауапкершілік саралануы ықтимал», – дейді заңгер.



Осы орайда заңгерге «бұл жағдайға қатысты мемлекеттік органдар тарапынан ресми тексеру немесе қызметтік жауапкершілікке тарту мүмкіндігі бар ма?» деген сұрақ қойдық. 


«Иә, теориялық тұрғыдан – бар. Себебі: мемлекеттік орган немесе уәкілетті орган (әкімшілік немесе адам құқықтары саласындағы органдар) аталмыш пікірлерге ресми тексеру жүргізе алады. Егер пікірлер мемлекеттік қызметкерден айтылған болса, ішкі тәртіптік тәртіп (лоялдық, этика, қызметтік міндетке сай болу) бұзылды деп танылуы мүмкін. Егер заңнамалық нормалар (ар-намысқа тіл тигізу, кемсітушілік) тұрғысынан материалдар жиналса, кімшілік немесе қылмыстық іс қозғауға негіз болуы ықтимал. Иә, расында ресми тексеру және жауапкершілікке тарту мүмкіндігі заңды негізде бар», – дейді заңгер Қуат Ауғанбек. 

 


Блогер Гүлнардың аутизм туралы пікірі қоғамда дау туғызды

 

Даулы жария мәлімдемелер тек шенеуніктер тарапынан емес. Желіде блогер Гүлнардың аутизмі бар балаларға қатысты сөздері де жұрттың наразылығын туғызды.


Блогер тәртіпсіз жыныстық қатынас пен генетикалық ауытқуларды байланыстырып, аутизмнің пайда болуын субъективті және ғылымға қайшы түсіндіруге тырысқан.


Бұл пікір ата-аналардың ғана емес, медицина саласының да сынына ұшырады. Алайда медициналық қауымдастықта мұндай тұжырымдар ғылыми негізсіз деп саналады. Генетикалық немесе даму ерекшеліктері туралы тақырыптар халықаралық деңгейде этикалық жауапкершілік пен дәлдік талап етеді. Сол себепті бұл жазба жұртшылық арасында дау-дамай туғызып, пікірталасқа себеп болды.

 

Ерекше балалардың құқығы қалай қорғалады?

 

Заңгер Қуат Ауғанбектің айтуынша, егер мұндай мәлімдеме балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың ар-намысына, қадір-қасиетіне, әлеуметтік топтардың (ата-аналар, балалар) құқықтарына бағытталған кемсітушілік, қорлау, жағымсыз, қорлайтын ақпарат болса, бұл да ар-намысқа тіл тигізу, қорлау, кемсітушілікке жатуы мүмкін. Ұлттық заңнамада адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне қарсы қылмыстар қарастырылған.  


«Егер мұндай пікір БАҚ, интернет арқылы таратылып, үлкен аудиторияға жетсе  жауапкершілік болуы мүмкін, әсіресе жәбірленушілердің нақты тобы бар болса. Бала мен ата-аналарға қатысты қорлаушы, кемсітуші пікір ретінде құқықтық жауапкершілікке негізделуі мүмкін. Иә, Қазақстан ратификациялаған конвенция мүгедектердің (соның ішінде мүгедек балалардың) құқықтарын, қадір-қасиетін, теңдігін қорғауды міндеттейді. Заңдар мен нормативтік актілер кемсітушілік пен кемсітушілікке әкеп соғатын пікірлер, стереотиптерге қарсы болуы тиіс. Сонымен қатар, қоғамда осындай пікірлерге  әлеуметтік, мемлекеттік, құқық қорғаушы органдар арқылы жауапкершілік тән. Демек, шектеу қою заңды негізге сай болуы мүмкін. Расында, мүгедектердің, соның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балалардың қадір-қасиеті, теңдігі құрметтелуі тиіс; сондықтан мұндай пікірлерге заңмен шектеу қоюға құқықтық негіз бар», – дейді заңгер. 



Осы орайда «қоғам немесе ата-аналар бұл пікірді «балаларға зиян келтіретін сөз» деп есептесе, заң бойынша қандай іс қозғалады?» деген заңды сұрақ туындайды. Маманның айтуынша, егер сөздер (пікірлер) кемсітушілік, қорлау, ар-намысқа тіл тигізу, балалар мен ата-аналардың қадір-қасиетін қорлау ретінде танылса, бұл заң көзі ретінде қылмыстық, әкімшілік немесе тәртіптік жауапкершілікке тартуға негіз болуы мүмкін. Ұйымдастырылған түрде, жүйелі түрде, немесе көпшілікке бағытталған түрде болса, жауапкершілік ауырлатылуы мүмкін.


«Жәбірленуші (мүгедектер, ата-аналар, балалар), заңды немесе физикалық тұлғалар, өз құқықтарын қорғау үшін мемлекеттік органдарға, сотқа, құқық қорғау органдарына жүгінуге құқылы. Бұл – Конституциялық құқық. Егер қоғам немесе ата-аналар мұндай пікірді зиянды деп танылса, заңдық баптар (ар-намысты қорлау, кемсітушілік, әдепсіздік) бойынша іс қозғауға негіз бар», – дейді Қуат Ауғанбек.



Жалпы, заңгердің айтуынша, заң және практика жағынан шектеулер мен жауапкершілік мүмкіндігі бар. Мүгедектер, ерекше қажеттіліктері бар адамдар, балалар және олардың ата-аналары Қазақстан заңнамасы бойынша қорғалған топтар. Егер қоғамдық немесе жеке тұлғалар олардың ар-намысын қорлайтын, кемсітушілікке негізделген пікір білдірсе, бұл заңға қайшы және құқық қорғау органдарының араласуын талап етеді.


Ақбота Мұсабекқызы