28 шіл, 2025 сағат 11:50

Банктік деректерді үшінші тұлғаларға беру – қылмыстық жауапкершілікке әкеледі: ҚР ҚК-на жаңа бап енгізілді

Фото: Polisia.kz

Ішкі істер министрлігі азаматтарды қаржылық алаяқтықтан қорғау және дербес деректер қауіпсіздігін күшейту мақсатында Қылмыстық кодекске енгізілген маңызды өзгеріс туралы ескертті, деп хабарлайды Ult.kz.

ҚР Қылмыстық кодексіне жаңа – 232-1-бап енгізілді. Енді өзінің банктік деректемелерін үшінші тұлғаларға бергені үшін, сондай-ақ материалдық сыйақы немесе пайда табу мақсатында басқа біреудің атынан төлемдер немесе ақша аударымдарын жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

ІІМ мәліметінше, алаяқтар мұндай деректерді заңсыз жолмен табылған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру үшін немесе өзге адамдарды алдау мақсатында пайдаланады. Көп жағдайда азаматтар өздерінің қылмыстық схемаға қатысып қалғанын кеш түсінеді.

Министрлік азаматтарға ескертеді:

  • Өз банктік деректеріңізді (карта, IBAN, шот) бөтен адамдарға бермеңіз;

  • «Оңай ақша табу» уәдесіне алданып, картаңызды үшінші тұлғаларға пайдалануға бермеңіз;

  • Күмән тудыратын жағдай болса, дереу банкке немесе құқық қорғау органдарына хабарласыңыз.

Есіңізде болсын: жеке және банктік деректер — тек ақпарат емес, олар сіздің мүлкіңіз, қауіпсіздігіңіз және заң алдындағы жауапкершілігіңізбен тікелей байланысты.