13 мам, 2022 сағат 13:34

Бапкер 14 жастағы спортшы қызбен жыныстық қатынасқа түсті деген күдікке ілінді

© Sputnik / Табылды Кадырбеков

Алматы облысында таэквандо бапкері 14 жастағы қызға сексуалдық сипаттағы әрекет жасады деп айыпталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қылмыстық іс кәмелет жасқа толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаралып жатыр. Сот процесі 4 сәуірде Қаскелең қаласында басталған. Келесі отырыс 18 мамырда өтеді.

"Сот отырысы жабық өтіп жатыр. Күдікті сотқа келіп жүр, ешқайда кетпеу туралы қолхат берді. Қылмыстық іс 122-бап, яғни 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау ісі бойынша тергелді", - дейді сот мамандары.

Оқиға халық арасындағы резонанс туғызды. "Немолчи.кз" қоры тергеу шараларын жіті бақылап отырған. Сот процесін де қадағалап жатыр.

Қоғам белсенділерінің айтуынша, басында полицейлер 120-бап (Зорлау) және 121-бап (Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) бойынша тергеу шараларын жүргізген. Артынан 122-бапқа (16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау) ауыстырды. Ол баптың жазасы жеңілдеу.

Айта кетері, 122-баптың 1-тармағы бойынша белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

"Қылмыстық кодекстің 122-бабы - бұл педофилдер, әсіресе, балаларға арналған спорттық мектептердегі педофилдер үшін кәдімгідей мереке", - дейді "Немолчи.кз" қорының басшысы Дина Смайылова.