
Батыс Қазақстан облысында карантин шектеу шаралары күшейтілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
БҚО бас мемлекеттік санитар дәрігері Мұхамғали Арыспаевтың 30 наурыздағы қаулысы шықты.
1 сәуірден бастап күшіне енетін қаулыға сәйкес төртінші тоқсанда облыс аудандарында контигенті 300 оқушыға дейінгі ауылдық мектептерде балалар санын 25-тен асырмай дәстүрлі түрде оқытуға рұқсат беріледі.
Ал індет көбейіп отырған Орал қаласы, Бөрлі және Бәйтерек аудандарында бала саны 15-тен аспауы тиіс.
Білім беру ұйымы әкімшілігінің шешімі бойынша сабақтан тыс уақытта 15 адамнан аспайтын топтарда шәкірттерді жеке оқытуға болады.
Сондай-ақ жалпы білім беретін мектептерде мектепалды және 1-5 сыныптар, халықаралық мектептерде 1-7 сыныптарда бала санын 25-тен асырмай аралас форматта оқытуға рұқсат берілді.
Орал қаласы, Бөрлі және Бәйтерек аудандарында бала саны 15-тен аспайды.
Оқу бітіретін сыныптар (9-12 сыныптар) аптаның алты күні ішінде бала санын 15-тен асырмай, пәндердің 70 пайызын штаттық режимде, 30 пайызын қашықтан оқиды.
Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, жоғары және ЖОО-дан кейінгі оқу орындарында 1 курс студенттері санитарлық талаптарды сақтай отырып, аралас түрде білім алады.
Діни орындарда әр келушіге кемінде 5 шаршы метр есебінде, нысанның толуын 30 пайыздан асырмай жұмыс істеуге рұқсат етілгенімен, бұқаралық ұжымдық іс-шараларды өткізуге тыйым салынды.
Қасиетті Рамазан айы кезінде де ұжымдық ауызашар өткізуге болмайды.
Қоғамдық тамақтандыру орындары санитарлық талапты сақтай отырып, сағат 09.00-ден 22.00-ге дейін жұмыс істейді.
Ұжымдық, салтанатты, отбасылық және басқа бұқаралық іс-шаралар өткізілмейді.
Сонымен қатар тағамды жеткізу және шығарып беруді қоспағанда, сенбі және жексенбі күндері қызметін тоқтатады. Фудкорт қызметі де тек тағамды жеткізу және шығарып берумен айналыса алады.
