
Батыс Қазақстан облысында 7 мың адам коронавирусқа қарсы екпе салдырды. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибеков мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат"
Оның айтуынша, вакцина алғандардың көпшілігі – медицина қызметкерлері. Сондай-ақ педагогтар, құқық қорғау және басқа сала өкілдері бар.
Арман Талғатұлы ковидпен ауырғанына алты ай уақыт өткеннен кейін бүгін өзінің де «Спутник V» вакцинасының бірінші компонентін қабылдағанын жеткізді.
Қазіргі кезде Орал қаласы мен аудан орталықтарында отыз шақты егу кабинеттерінде тұрғындарды кесте бойынша вакцинациялау жүргізілуде.
Сәуір айының аяғына дейін облысқа тағы да 49700 доза вакцина әкелінбекші. Сол уақытта тұрғындардың едәуір бөлігін қамтуға мүмкіндік туады.
«Осыған орай айтарым, коронавирусқа тосқауыл қою үшін облыс тұрғындарының кемінде 50 пайызы екпе қабылдауы керек. Сондықтан адамдарды алдымен өздерінің денсаулығын сақтау үшін вакцина алуға шақырамын», деді Қалибеков.
