19 ақп, 2021 сағат 14:35

Батыс Қазақстанда орталықтандырылған оттегі көзіне 100-ге жуық адам қосылған

Батыс Қазақстан облысында осы кезге дейін 12412 адам коронавирус жұқтырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибековтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлім еткеніндей, соның ішінде 6714 адамда ауру белгілері болса, 5698-і – симптомы жоқтар. 

Күні бүгінге дейін індет жұқтырғандардың 9970-і немесе 80,3 пайызы жазылып шықса, соның 4368-і стационарлық, 5602-сі амбулаторлық ем алды. 199 адам көз жұмды. 

Арман Талғатұлының сөзіне қарағанда, қазіргі таңда 195 төсектік 4 карантиндік стационарда 19 адам емделуде. 591 төсектік 7 жұқпалы аурулар стационарында 312 адам ем алуда. 

Сондай-ақ 18 науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Бұлардың жетеуі – 25-60, тағы жетеуі – 60-80 жас аралығындағылар, төртеуі – сексеннен асқандар. Жансақтау бөліміндегі 13 науқастың созылмалы дерті болса, соның 10-ы жүрек-қан тамырлары ауруына шалдыққан. 

«Күні бүгін инвазивті емес жасанды тыныс алу аппаратына 4, оттегі концентраторына 11, орталықтандырылған оттегі көзіне 98 науқас қосылған. Облыста қосымша 1986 төсек- орын резервте тұрса, соның 1221-і инфекциялық, 765-і карантиндік стационарларда. Әр емханада COVID-19 және пневмонияға шалдыққан, созылмалы аурулары бар пациенттерді, сондай-ақ көрсеткіштер бойынша жүкті әйелдер мен балаларды үйде бақылау үшін 124 мобильді бригада жұмыс жасауда. Мобильді бригада тәулігіне орта есеппен 350 шақыруға барса, соның ішінде 65-і COVID-19 бойынша», деді А.Қалибеков.