29 нау, 2023 сағат 10:41

Бай мен кедейдің арасы алшақтай түсті - Президент

Фото: Akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Қазақстан Парламентінің алғашқы сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде бай мен кедей арасындағы алшақтықты ескертіп, Үкімет пен Парламенттің алдына міндет қойды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Алдымызда айрықша маңызды міндеттер тұр. Біз жан-жақты жаңғырту жұмысын күшейтуіміз қажет. Сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық даму барысына тың серпін беруіміз керек. Еліміз ұзақ уақыт бойы қолайлы сыртқы ахуалға арқа сүйеп келді. Неше түрлі тұжырымдамаларға, бағдарламаларға сенді.

Атқарылған жұмыс туралы жалған есепке сенуге мәжбүр болды. Алайда аса маңызды, өзекті мәселелер назардан тыс қалды. Халықтың тұрмыс сапасы әлі күнге дейін жақсы емес. Құқықтық әділетсіздік белең алды. Бай мен кедейдің арасы алшақтай түсті.

Алдағы бес жылда Үкімет және Парламент осы негізгі мәселелердің шешімін табуы қажет. Біз еліміздің белдеуін бекемдеп тартуымыз керек. Экономикада және әлеуметтік салада жылдар бойы жиналып қалған түйткілдер бар. Оның барлығын ретке келтіруіміз қажет. Сол үшін жұрттың бәріне бірдей жаға бермейтін, бірақ тиімді әрі қажетті шешімдер қабылдау керек болады» - деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Президент нақты басымдықтар форматында жұмыс істеу керек екенін айтты.

«Аса маңызды мәселелерді дереу шешу қажет. Бірақ кейбір мәселені кейінге қалдыруға, ал бірқатары бойынша алдағы шешімдердің тек жобасын белгілеуге тура келеді. Әйтпесе, еңбегіміз зая кетеді және қолда бар ресурстарымызды сарқып аламыз.

Алдағы бес жыл ел тағдыры шешілетін маңызды кезең болмақ. Елімізді қарқынды дамыту үшін сапалы заңнамалық база қалыптастыру керек. Ол үшін экономикаға қажетті ережелер мен қағидаларды өзгерту қажет.

Бұл бағытта алғашқы қадамдар жасалды. Монополиядан арылту және елімізден заңсыз шығарылған капиталды қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл елімізге орнықты, бәсекеге қабілетті ірі бизнес керек емес дегенді білдірмейді. Керісінше, қажет екені сөзсіз және біз оны қолдаймыз. Ірі бизнес біздің жаңа экономикалық парадигмада жаңаша жұмыс істей бастайды әрі міндетті түрде дамиды. Жалпы, ашық әрі өзін-өзі қамтамасыз ететін нарықтық экономика қалыптастыру басты басымдық болып қала береді» - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, шағын және орта кәсіпкерлік экономика мен еңбек нарығының қозғаушы күшіне айналуға тиіс.

«Бұл жөнінде көп айтылды. Бірақ аталған бағытта айтарлықтай ілгерілеу болған жоқ. Демек, экономикалық саясатқа өзгеріс енгізу қажет.

Шағын және орта бизнесті толыққанды қолдау үшін кешенді шаралар қабылдау керек. Олар елімізді дамытуда маңызды рөл атқаратынын толық сезінуге тиіс. Бізге Қазақстан экономикасын дамыту жолында өзіне жауапкершілік ала алатын кәсіпкерлердің «жаңа толқыны» қажет. Оның бел ортасында әкімшілік ресурстарға иек артпай, кәсіпкерлік таланты мен еңбекқорлығының арқасында кәсібін табысты жүргізе алған бизнесмендер болуға тиіс.

Ондай адамдар әр аймақта бар. Оларға елімізде өз бизнесін дамытуға мүмкіндік беру және нақты көмек көрсету маңызды. Қазақстанның қазіргі экономикалық моделі, ең алдымен, шикізат секторына инвестиция тартуға негізделеді. Сондықтан ұлттық буржуазияның негізін құрайтын орта бизнес жүйесіз дамып жатыр. Тек жекелеген аймақтарда ғана оң қарқын байқалады.

Жалпы Үкіметке экономиканың негізгі салаларына қомақты инвестиция, соның ішінде шетелдік инвесторларды тарту міндеті жүктеледі. Олар орта бизнестің дамуына тың серпін беруге тиіс. Бұл мәселені созбалаңға салуға болмайды» - деді Президент Парламент сессиясының ашылуында.