09 ақп, 2024 сағат 19:05

"Бәйтерек" ұлттық холдингінің басшысы ауысты

Фото: Ашық дереккөз

Рустам Қарағойшин "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингінің төрағасы болып тағайындалды, деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

"Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ директорлар кеңесінің шешімімен Рустам Қарағойшин "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ төрағасы болып сайланды", - делінген хабарламада.

Бұған дейін ұлттық холдингтің төрағасы Нұрлан Байбазаров болған. Алайда ол таяуда ғана Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі болып тағайындалды.

 

Өмірбаяны

2004 жылы Рустам Қарағойшин Қазақстанның менеджмент, экономика және болжау институтын "бухгалтерлік есеп" мамандығы бойынша тәмамдады. 2008 жылы Халықаралық бизнес академиясын "Іскерлік басқару магистрі" бағдарламасы бойынша аяқтады.

Еңбек жолын 2004 жылы "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ ("ҚДБ" АҚ, "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ құрылымына кіреді) менеджер болып бастады, кейін бас менеджер, жобаларды талдау бөлімінің басшысы болып жұмыс істеді, кейін "ҚДБ" АҚ еншілес кәсіпорны "ҚДБ-Лизинг" АҚ-ға ауысты.

2007 жылы "ҚДБ-Лизинг" АҚ басқарушы директоры – басқарма мүшесі болып тағайындалды. 2011 жылдан – Рetroleum Operating ЖШС мұнай және мұнай өнімдерінің маркетингі департаменті сыртқы экономикалық қызмет бөлімінің басшысы болды.

2012 жылы Credit Systems ЖШС басқарма төрағасы болып жұмыс істеді. 2013 жылдан бастап "Сбербанк Лизинг" ЖШС бас директорының орынбасары, кейін бас директоры қызметін атқарды. 2015 жылы "ҚазАгроҚаржы" АҚ басқарма төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

2019 жылдан 2021 жылға дейін "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ басқарма төрағасының орынбасары, оның ішінде "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ директорлар кеңесінің мүшесі және "Қазақстан Даму банкі" АҚ директорлар кеңесінің мүшесі қызметін атқарды.

Ол Forbes 2023 нұсқасы бойынша Қазақстандағы ең ықпалды 50 бизнесменнің қатарына кіреді.