
Алматыда коронавирусқа байланысты эпидемиологиялық ахуал күрделене түсті. Бұл туралы бүгін онлайн брифинг барысында қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы-бас мемлекеттік санитар дәрігер Жандарбек Бекшин айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Алматыда эпидемиологиялық жағдай күрделене түсті. Соңғы тәулікте мегаполисте 437 адамнан коронавирус анықталды. Осыған байланысты сән салондарына тек шаш қиюға ғана рұқсат. Басқа қызметтерге тыйым салынады. Сауда орталықтары мен сауда үйлері 20 наурыздан 28 наурызға дейін жабық болады. Қоғамдық тамақтану орындарына тамақты тапсырыспен жеткізіп беруге рұқсат етіледі», - дейді ол.
Спорттық кешендер де жұмыс істемейді.
«Медеу» мен «Шымбұлақ» шаңғы курортында жаппай сырғанауға тыйым салынады. Келушілер саны 50% (1000 адамға дейін) азайтылуы керек. «Шымбұлақ» тау курортындағы қоғамдық тамақтану объектілеріне сағат 7:00-ден 21:00-ге дейін, тек жазғы алаңдардың жұмыс істеуіне рұқсат етіледі», - дейді Жандарбек Бекшин.
Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен «Қазпочта» АҚ бөлімшелері алдын ала жазылу бойынша таңғы сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді.
«Көңіл көтеру мекемелерінің (караоке, бильярд, компьютерлік және түнгі клубтар мен ойын клубтары, боулинг орталықтары, балалар спорты мен ойын алаңдары, аттракциондар, батуттар және букмекерлік кеңселер мен лотореялық клубтардың) қызметіне тыйым салынады», - деп атап өтті спикер.
Мынадай шаралар қабылданды:
- офлайн оқитын сыныптарда бала саны 25-тен 15-ке дейін азайды;
- мектептерде қоғамдық тамақтану қызметі тоқтатылды;
- 500 шарты метрге дейінгі, жеке тұрған азық-түлік емес дүкендердің жұмыс уақыты 10.00-ден 20.00-ге дейін қысқарды;
- шаштараз салондары алдын ала жазылу бойынша тек шаш қию қызметін көрсетеді;
- маникюр, педикюр және косметологиялық қызмет көрсететін сұлулық салондары жабылады;
- мейманханалар, қонақ үйлер, курорттық ұйымдар, демалыс үйлерінің толымдылығы 50%-тен аспауы керек;
- сауда ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, азық-түлік емес базарлар 21 мен 28 наурыз аралығында толығымен қызметін тоқтатады;
- дәмханалар мен мейрамханалар тамақты өзімен бірге әкету және жеткізу қызметін ғана көрсетеді;
- кітапханалар уақытша жұмыс істемейді;
- жұмыс күндері қоғамдық көлік штатты режимде, ал демалыс және мереке күндері таңертең 6.00-ден 10.00-ге дейін, кешке – 17.00-ден 22.00-ге дейін;
- спорт нысандары жабылады;
- ХҚКО демалыс және мереке күндері жұмыс істемейді, жұмыс күндері – жазылу бойынша 9:00-ден 18:00-ге дейін;
- Медеу мұз айдынында жаппай сырғанауға тыйым салынды;
- Шымбұлақ курортында адамдар саны 500-ден аспауы тиіс;
- Шымбұлақта қоғамдық тамақтану нысандары тек өзімен бірге алып кету және жеткізу қызметін көрсетеді;
- "Ашық" бағдарламасына енгендерді қоспағанда, бильярд, компьютерлік клубтар жабық болады.
