20 нау, 2024 сағат 14:12

Елтаңба шетелдіктерге де түсінікті болуы керек – депутат

Фото: Baq.kz.

Бүгін Мәжіліс отырысында бірнеше депутат елтаңбаны өзгертуге қатысты сұрау жолдады, –  деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Депутат Абзал Құспан елтаңбаны қоғаммен талқылау туралы Президенттің бастамасын қолдайтынын, оны заман сұранысын ескеріп, жетілдіру керек екенін айтты.

"Бұл ұсыныс қоғамның қызығушылығын туғызып, қызу талқылануда. Олардың бір тобы қолданыстағы гербті осы қалпында қалдырайық десе, енді бірі заман талабына сай өзгертейік дейді. Бұл - заңды әрі оң құбылыс. Азаматтық қоғамның белсенділігі мен жетілгенінің көрінісі.
Екінші жағынан, жұртшылықтың елдік нышандарға бей-жай қарамайтынын, отаншылдық сезімінің жоғарылығын айқын аңғартады. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, мемлекет гербі сол елдің терең тарихымен, төл дүниетанымымен және алға қойған мұратымен тығыз байланысты болады. Герб атауының өзі «мұра» деген ұғымды білдіреді. Кейбір елдер гербсіз, эмблемамен ғана шектелген", - деген А.Құспан қазіргі қолданыстағы елтаңба да көңілінен шығатынын айтты. 


Абзал Құспанның айтуынша, Қазақ мемлекеті 1991 жылы ғана пайда болмағанын, оның мемлекеттілік тарихының тереңде жатқанын да ескергеніміз жөн дейді.

"Ол - арғыдағы Сақ, Ғұн, Түрік қағанаты, Ұлық Ұлыс - Жошы ұлысының, бергідегі Қазақ хандығының тікелей мұрагері. Бұл - ерлік пен өрлікке толы тарих. Биыл Қазақ Даласында ту көтерген Жошы ұлысы - Алтын Орданың құрылғанына 800 жыл толуын атап өткелі отырмыз. Міне, Қазақ елінің осындай терең тарихи сабақтастығы, жауынгер ата-бабаларымыздың асқақ рухы, мемлекеттіліктің сұсы мен сесі, атағы мен айбыны Гербте көрініс тапса игі. Сондықтан алдағы уақытта осы бағытта көп болып кеңесу артықтық етпейді", - деді депутат.


Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл елтаңба тек қазақстандықтарға ғана емес, сондай-ақ шетел азаматтарына да қарапайым, түсінікті болуы керек деп отыр.

"Елтаңбада мемлекеттің тарихи ерекшелігі байқалмайды, Қазақстан Ұлттық тәуелсіз мемлекет екенін айқындап тұрғаны көрінбейді", - дей келе депутат геральдика мен тарих мамандарының пікіріне сүйеніп шешім шығару қажет деп есептейтінін айтты.