көрнекі сурет
Еліміздің барлық өңіріндегі көпбалалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан 1 мыңнан астам бала, оның ішінде жетім балалар 2021 жылдың басынан Білім және ғылым министрлігінің «Бөбек» орталығында емделді.
Әңгіме созылмалы соматикалық аурулары бар немесе суық тиіп, жиі ауыратын 8 жастан 13 жасқа дейінгі балалар туралы болып отыр. Олар 22 күндік тегін оңалту және сауықтыру курсынан өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Біз балалардың физикалық және рухани саулығына көп көңіл бөлеміз. Ай сайын әлеуметтік осал топтардан шыққан 100-ден астам бала «Өзін-өзі тану» оқу-сауықтыру кешенінде емделеді. Педиатрлар әр баланың жасын, физикалық және психоэмоционалдық жағдайын ескере отырып, жеке бағдарлама жасайды. Емдеу курсы терренкур, фитотерапия, галотерапия (тұз бөлмесі), дене шынықтыру және басқа да жалпы сауықтыру шараларын қамтиды», — деп атап өтті ҚР БҒМ «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және сауықтыру орталығының бас директоры Баян Файзуллина.
Орталықта балаларға білім беру бойынша да қызметтер ұсынылады. Сауықтыру курсы мектеп бағдарламасы бойынша оқумен үйлестірілген. Бұл ретте «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасына ерекше көңіл бөлінеді. Бұдан басқа, балалардың ой-өрісін кеңейту үшін Алматы қаласының көрікті жерлерінде экскурсиялар, сондай-ақ балалардың қызығушылықтары бойынша үйірмелер мен шығармашылық шеберханалар ұйымдастырылды.
«Айта кетейік, ҚР БҒМ «Бөбек» орталығы балаларды әлеуметтік-педагогикалық қолдау және тұлғалық дамыту бойынша жобаларды жүзеге асырып жатыр», - делінген ҚР БҒМ баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
