01 қыр, 2016 сағат 11:41

Биыл ШҚО-да 23 мыңға таяу бала бірінші сыныпқа барды

Биылғы оқу жылы Шығыс Қазақстанда бірінші сыныпқа барған балалар 4% көбейіп, саны мектеп бітіруші түлектерден екі есеге артқан. Бүгін, облыстағы 664 күндізгі білім беру ордаларында сол балаларға алғашқы қоңырау соғылды, - деп хабарлайды ШҚО Ақпараттық орталығы.

ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше 2016-2017 оқу жылы басында аймақта 664 күндізгі жалпы білім беру мектептері жұмыс істеп тұр. Оның 492 орта, 121 негізгі және 51 бастауыш білім ошақтары. Ал, халық аз шоғырланған 382 елді мекендегі мектеп жасындағы 4 666 баланының мектепке қатынауы мәселесі де назардан тыс қалмады. Бұл балалардың 80% күнделікті мектепке тасу үшін 175 автобус қарастырылған. 586 бала мектеп жанындағы интернаттарды білім алуда. Ал, қалған 282 шәкірт туған- туыстарының үйінде тұрып оқиды.

Білім күні облыс басшылығы мектептердегі алғашқы қоңырау салтанатына қатысып, оқу жылына дайындығын тексерді. ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қаладағы рейтингтік №16 орта мектеп пен облыстық математика, физика, информатика саласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған №25 мектеп-лицейінде болды.

– Мектеп қай кезде болсын, қай қоғамда болсын ерекше білім ордасы болып табылады. Мұнда балалар сапалы білім алу үшін келеді. Бұл мектептер былтыр жақсы білім көрсеткішін көрсеткен. Себебі, Сіздер, болашақта Қазақстанның болашағы үшін қызмет ететін жандарды тәрбиелеп жатырсыздар. Сондықтан мектеп ұжымына, ұстаздарға білім беруде, тәрбие беруде биыл да босаңсуға болмайды,– деп қатаң тапсырды өз сөзінде Ж. Омар.

Айта кету керек, ағымдағы жылы облыстағы білім ордаларының саны тағы біреуге артпақ. Курчатов қаласында үш ауысымдық білім беру мәселесін шешу мақсатында 600 орындық жаңа мектеп жуырда пайдалануға беріледі.

Ұлт порталы