16 ақп, 2021 сағат 08:50

Биылғы бірінші тоқсанда кәсіпорындардың экономикалық белсенділігі баяу өседі

2021 жылдың 1-тоқсанында кәсіпорындардың экономикалық белсенділігі әлсіз өседі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстанда іскерлік белсенділік өнеркәсіптегі іскерлік белсенділіктің баяулауы және қызмет көрсету саласындағы іскерлік белсенділіктің баяулауы есебінен 49 тармақтан 48,4 тармаққа дейін екі ай қатарынан төмендеді. Құрылыс оң көрсеткішке шықты. Ұлттық Банк 2020 жылғы 4-ші тоқсанда кәсіпорындарға жүргізген мониторинг инвестициялық белсенділік пен өндіріс көлемінің төмендеуіне байланысты нақты сектордағы экономикалық белсенділіктің төмен қарқынының сақталуын көрсетуде», - деді ол. 

ҰБ төрағасының айтуынша, сонымен бірге сұраныстың қалпына келуі және дайын өнім бағасы өсуінің жылдамдауы, кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуі байқалады.

«Композиттік озық индикатор нақты секторда экономикалық белсенділіктің біртіндеп қалпына келу белгілерінің пайда болуын көрсетуде. Биылғы жылғы 1-ші тоқсанда кәсіпорындар экономикалық белсенділіктің әлсіз өсуін күтуде», - деді Ерболат Досаев.