12 сәу, 2021 сағат 13:11

БҚО-да 14 мыңнан астам адам коронавирусқа қарсы екпе салдырды

Батыс Қазақстан облысында 14190 адам коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін салдырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

БҚО денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткеніндей, соның 4696-сы – медицина қызметкерлері, 2867-сі – педагогтар, 1280-і –құқық қорғау органдарының өкілдері, 5347-сі –басқа сала адамдары.

Оған қоса 3459 адам вакцинаның екінші компонентін алды.

Екпе науқаны басталғаннан бері облысқа 34300 доза вакцина жеткізілсе, соның 24150-і – бірінші, 10150-і – екінші компонент. 

9 сәуірде әкелінген 14 мың доза (І компонент) өңірдегі медицина ұйымдарына бөлініп берілді. Тұрғындарды көбірек қамту мақсатында егу кабинеттері демалыс күндері де жұмыс істейтін болды. Атап айтқанда, 9 сәуірде – 1175, 10-ы күні – 1935, кеше 930 адам екпе салдырды.

Күні бүгінге дейін соңғы түскен вакцинамен 4040 адам (28,8 пайыз) егілді.

Алдын ала мәлімет бойынша осы айда тағы да 35 мың доза вакцина өңірге жеткізілмек.