Фото: ашық дереккөз
ҚМА Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті несиелік серіктестік басшысына қатысты 150,7 млн теңге көлеміндегі субсидияны жымқыру фактісі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Ult.kz.
Күдікті "Агробизнес" бағдарламасы арқылы өз бақылауындағы шаруа қожалығының атына 126,7 млн теңге жеңілдетілген несие рәсімдеген. Алайда қаражат ірі қара мал сатып алуға жұмсалмай, қолма-қол ақшаға айналдырылған. Сонымен қатар, 2017–2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жобасы аясында 24 млн теңге субсидияны жалған құжаттар арқылы иеленген.
Субсидияны заңды түрде алынды деп көрсету мақсатында ол басқа шаруа қожалықтарынан асыл тұқымды сиыр сатып алды деген жалған құжаттарды тапсырған.
Қылмыстық жолмен алынған табысқа күдікті жер телімдерін сатып алып, олардың бірінде сауна мен сауда үйін салған. Аталған мүлікті жасыру мақсатында оны туысының атына рәсімдеген.
Сот санкциясымен жалпы құны 198 млн теңге болатын мүлікке — 2 жер теліміне, сауда үйіне, саунаға және «Exeed LX» маркалы автокөлікке — тыйым салынды.
Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу қолданылды.
