24 қар, 2022 сағат 13:22

БҚО-да қызметкерлерін боқтаған әкімнің ісі тексеріліп жатыр


Желіде Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжановтың жиналыс кезінде былапыт сөздер айтқаны жазылған аудиожазба тараған еді. Қол астындағы қызметкерлерді балағаттаған шенеунікке қатысты тергеп-тексеру шаралары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік қызметшілерге қатысты жарияланған материалдарға мониторинг жүргізу барысында Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов төрағалық еткен мәжілістің аудиожазбасы анықталды.

Мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінде айқындалған. Мемлекеттік қызметшілер әріптестерімен қызметтік қарым-қатынаста дөрекілікке, қадір-қасиетін кемсітуге, әдепсіз және бейәдеп мінез-құлыққа жол бермеуі тиіс", - делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі осы лауазымды тұлғаға қатысты қызметтік тергеп-тексеру шараларын жүргізіп жатыр. Нәтижесі бойынша тиісті шешім қабылданады.

"Уральская неделя" басылымының сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, аудиожазбаның ұзақтығы - 1 сағат 20 минут. Шенеунік сан алуан балағат сөзді 150 рет айтқан. Соның ішінде қызметкерлердің ар-намысына тиетін сөздер де аз емес.

Бұл жиналыс наурыз айында болған. Сол кезде қар еріп, су басу қаупі туындаған. Әкім қол астындағы қызметкерлеріне ұрысып, туфлидің орнына резеңке етік киюді бұйырады.

"Иә, сол кезде мен қызбалыққа салындым, қатты сөздер айттым. Заң бойынша олай істеуге құқығым жоқ, оны да білемін. Бірақ сол кезде су басу қаупі бірінші орында тұрды, содан қатты сөздерді пайдалануға тура келді. Осы кеңестен кейін ауданда бірде-бір үйді су басқан жоқ. Ал қатты сөздерім үшін барлығынан кешірім сұраймын", - дейді Тоқжанов.