24 мау, 2022 сағат 18:30

БҚО-да тоқ соғып, екі қолынан айырылған бала оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды


Батыс Қазақстан облысында ток соғып, екі қолынан айырылған бала оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, қазіргі кезде аталған дерек бойынша ҚР ҚК 371-бабы 2-бөлігіне (абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соққан салғырттық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 

«Аталған бап бойынша кінәлі деп танылған адам белгілі бір лауазымды атқару немесе бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, төрт мың АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Тиісті сараптама тағайындалды. Қорытындысы кейін белгілі болады», - деп хабарлады ведомстводан.

БҚО әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, өңір басшысы Ғали Есқалиев ауруханада жатқан баламен кездесіп, жағдайын білді.

Бес жасар Аманжол қазір басын көтеріп, өз бетінше жүре алады. Жас бала психологтардың бақылауына алынды.

Анасымен сөйлесу барысында облыс әкімі: «Мәселені өзімнің жеке бақылауыма алдым. Жарақат орны протезді бекітуге ыңғайлы болған соң, заманауи протез саламыз. Отбасыңызға жергілікті билік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетеміз» - деді.

Кездесуден соң Ғ.Есқалиев электр желісіне жетекшілік ететін орынбасары Темірхан Меңдіғалиевке, Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясына облыс аумағындағы барлық трансформаторлардың қауіпсіздігі, олардың қоршалуы, есіктерінің кілттенуі керектігі жөнінде қатаң тапсырма берді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да ток соққан екі баланың ауруханаға түскенін жазған болатынбыз.