16 ақп, 2023 сағат 23:25

БҚО-да жаттықтырушы балаларды өзге әріптесіне ауысып кеткені үшін ұрған

видео кадры

Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданы Шыңғырлау ауылында балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде самбо күресінен жаттықтырушы екі баланы ұрған, - деп хабарлайды Massaget.kz порталы.

Ер азаматтың балаларды ұрып жатқан сәтінің видеосын "Орал апталығы" редакциясы жариялады.


Видеода жаттықтырушы жаттығу кезінде қасына келген екі баланы кеудесінен, басынан ұрғанын көруге болады. Бір баланы жұлқылап отырғызып алып, бетінен бірнеше рет соққан.

Таяқ жеген оқушының сөзінше, ол балаларды басқа жаттықтырушыға ауысып кеткені үшін ұрған.

"Қай жаттықтырушыға ауыссақ та, өзіміз білеміз ғой. Досым екеуімізді осы үшін ұрды. Сосын ата-анаммен полицияға барып үстінен арыз жаздық. Содан кейін ғана бізден кешірім сұрады. Арыз жазбасақ кешірім сұрамайтын еді", - дейді оқушы.

Оның анасы Сәуле Уәлиахметова жаттықтырушының балаларды ұрмақ түгілі саусағының ұшын тигізуге қақысы жоқ екенін айтты.

"Кеште жұмыстан келсем, баламның беті қызарып тұр. "Не болды?" деп сұрасам, айтпады. Бірнеше рет сұрағаннан кейін ғана барып, жаттықтырушының ұрғанын айтты. Оның баламды ұруға қандай қақысы бар?! Ешкім баласын спортқа жаттықтырушы ұрсын деп бермейді ғой. Біз полицияға арыз жазғаннан кейін жаттықтырушы үйге келіп, аяғымызға жығылып кешірім сұрады. Енді оның да бала-шағасы болғасын, қателеспейтін адам болмайды ғой деп, біржолға кешірім беріп, полициядан арызды қайтып алдым", - дейді Сәуле Уәлиахметова.

Ал жаттықтырушы балаларды ашумен ұрдым деп отыр.

"Жаңадан бір жаттықтырушы келіп, менің шәкірттерімді "тартып алды". Осыған ашуланып, "Неге маған ескертпей кетіп қаласыңдар?" деп балаларды ұрғаным рас. Бұл қылығым үшін балалардан, ата-аналардан кешірім сұрадым", - дейді ол.

Шыңғырлау ауданы полиция бөлімінің басшысы Сергей Астафьев бұл жағдай бойынша әкімшілік хаттама толтырылғанын, бірақ жаттықтырушы мен балалардың ата-анасы татуласқан соң, хаттаманы қарау тоқтатылғанын айтты.

Батыс Қазақстан облысы дене шынықтыру және  спорт басқармасы басшысының орынбасары Жеңіс Нығметуллин бұл оқиғадан хабарсыз болып шықты.

"Бізге ешкім шағымданған емес. Сіз жіберген видеоны көргеннен кейін ғана біліп отырмыз. Енді бұған қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргіземіз. Содан кейін шешім қабылданады", - деді Жеңіс Нығметуллин.