15 шіл, 2025 сағат 16:54

Блогер Палестина халқына көмек көрсету үшін Перизат Қайратқа 83,5 млн теңге жинап берген

Фото: Instagram.com

Астанада Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты атышулы қылмыстық істі қарау жалғасуда. Екі күдіктіге қайырымдылық үшін жиналған 3,5 миллиард теңгені иемденді деген айып тағылған, деп хабарлайды Ult.kz.

Сотта куәгер ретінде танымал блогер Олжас Садық жауап берді. Оның айтуынша, ол Газа секторына гуманитарлық көмек көрсету мақсатында 83,5 млн теңге жинап, бұл қаражатты Перизат Қайрат басқаратын қорға сеніп тапсырған. Қаржы жинау бастамасы 2023 жылдың қазан айының соңында досы Назим Мисановпен бірге Instagram желісінде жарияланған видеодан басталған. Видеоны миллиондаған адам көріп, нәтижесінде блогердің жеке банк картасына қомақты қаражат аударылған.

Бастапқыда Садық бұл ақшаны БҰҰ-ның ЮНИСЕФ ұйымы арқылы жолдауды жоспарлаған, алайда Перизат Қайрат онымен байланысқа шығып, Палестина елшілігімен тікелей жұмыс жүргізіп жатқанын айтқан соң, блогер оған сеніп, қаражатты осы қорға аударған. Кейіннен олар бірлесіп Әбу-Дабиге барып, гуманитарлық қоймаларға да барған. Садықтың айтуынша, бұл сапардың барлық шығынын Перизат өзі өтеген.

Алайда елге оралғаннан кейін блогер көмек қаржысының нақты қайда кеткенін растайтын құжаттарды бірнеше мәрте сұрағанымен, ешқандай жауап ала алмағанын айтты. Сотта Олжас Садық алдағы уақытта тек ресми арналар — ЮНИСЕФ секілді ұйымдар арқылы жұмыс істейтінін мәлімдеді.

Бұған дейін «Асар-Үме» қорының басшысы Перизат Қайратқа 200 миллион теңге аударғанын жазғанбыз.