31 қаң, 2023 сағат 16:33

Бос тұрған жерге бірден тұрғын үй салынады - Тоқаев Астана туралы

Фото: weproject.media

Астана тұрмысқа жайлы шаһар болуы керек. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңес отырысында айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ең алдымен, қаланы дамыту тұжырымдамасын қайта қараған жөн. Қазір Астанада саябақтар жетіспейді. Тұрғындар серуенге шығатын, демалатын орындар аз.

Бірақ қала әкімдігі мұны ескермей, құрылысқа рұқсат береді. Бос тұрған жерге бірден тұрғын үй салынады. Саябақтарды, жаяу адамға арналған көшелерді көбейту қажет. Қаланы жоспарлаған кезде мұның бәрін алдын-ала ойластыру керек.

Қазір Есілдің жағасына дұрыс көңіл бөлінбей отыр. Мысалы, көрші елдегі Қазан қаласының тәжірибесін зерттеп көруге болады. Бұл қаланың көшелері, саябақтары және жағалау алаңдары өте әдемі және тартымды. Біздің мақсатымыз – Елордамызды жылдың кез келген мезгілінде халқымызға және шетел адамдарына барынша қолайлы ету, Астананың келбетін мейлінше жақсарту» - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент көлік жүруге тыйым салынған көшелер жөнінде мәселе қозғады.

«Өзенге жаяу адам жүретін көпірлер салу керек. Мұндай өткел, әсіресе, қазір салынып жатқан Тәуелсіздік даңғылындағы көпірдің маңайына қажет. Көлік жүруге болмайтын көшелер жөнінде талай рет айтылды. Бірақ қалада ондай бір де бір көше салынған жоқ.

Жалпы, әлемдік тәжірибеде дәл осындай көшелер көптеп салынады. Бұл мәселені мұқият ойластыру керек. Білікті мамандарды тартып, оңтайлы шешім қабылдауға болады. Мысалы, бізде ЭКСПО аумағы бар. Бір қарағанда, өте әдемі жер. Бірақ қаңырап бос жатыр.

Шын мәнінде, оған жан бітіріп, жұрт жаппай демалатын орынға айналдыруға болады. Қоғамдық кеңістікті дамытудың бірыңғай тұжырымдамасын қабылдаған жөн. Нысандарды жобалау және салу кезінде осы тұжырымдамаға сүйену қажеттігі заңды түрде бекітілуге тиіс» - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысының сөзінше, елордада салынып жатқан кейбір ғимараттар бір-бірімен мүлде үйлеспейді.

«Біз қаланың келбетін сақтап қалуымыз керек. Астанада әлемнің ең үздік сәулет үлгілері қолданылуы керек. Бұған дейін қаланың бірыңғай дизайн-коды әзірленді. Бірақ бұл құжат қағаз жүзінде ғана қалды.

Салынып жатқан кейбір ғимараттар бір-бірімен мүлде үйлеспейді. Қаланың оңтүстік-шығыс ауданында сыртқы сипаты сын көтермейтін, бей-берекет салынған нысандар көп.

«Артем» және «Тұлпар» сауда орталықтарының маңын да ретке келтіру керек. Әкімдік нақты шаралар қабылдауға тиіс» - деді Президент.

Одан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада қала келбетін бұзатын жарнама көбейіп кеткенін де сөз етті.

«Тағы бір мәселе бар. Қаланың келбетін бұзып тұрған ала-құла жарнамалар өте көп. Оның бәрі талапқа сай болуы керек. Сондай-ақ қалада орынсыз құрылыс жұмыстары көбейіп кетті, яғни үйлердің арасына ғимарат салына беретін болды. Бұл әсіресе, «Мыңжылдық» аллеясында, Сарайшық, Сығанақ, Тұран, Бейсеков көшелерінде қатты байқалады.

Тұрғындарға әлеуметтік нысан, саябақ немесе ойын алаңы салынады деп уәде беріледі. Алайда, ол жерде иін тірескен ғимараттар пайда болады. Мысалы, «Олимп палас-2» тұрғын-үйінің ауласындағы ойын алаңының орнына зәулім кеңсе салынған.

Мұндай құрылысты біржола доғару керек. Әйтпесе, шешім қабылдаған тиісті лауазым иелері жемқорлыққа байланысты жауапқа тартылады. Себебі осындай шешімдердің астарында құрылыс компанияларының әкімдікте жұмыс істейтін адамдармен бірге азаматтарымыздың ықыласына қарсы қабылдаған әрекеттері жатыр» - деді Мемлекет басшысы кеңес отырысында.