15 там, 2016 сағат 13:16

Бүркітбай Аяған: Кенесары ханның бас сүйегі жоғалып кетті ме деп қорқамын

Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған Кенесары ханның бас сүйегі мүлдем жоғалып кетуі мүмкін екендігі туралы күдігін айтты.

«Таяуда ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтың Ресей Премьері Дмитрий Медведевпен кездесуібарысында қазақтың ұлы тұлғалары Кенесары хан мен Кейкі батырға қатысты мәселе көтерілуін жақсы нышан деп бағалаймын. Қазақстан бұған дейін де осы мәселені бірнеше мәрте көтерген болатын. Сонымен қатар, тарихшылар мен журналистерден құралған топ арнайы Санкт - Петерборға да барды. Бірақ, бұл шаралар нәтиже бермеді, себебі мұрағаттарда үкіметтің қаулысы бойынша көптеген жәдігерлерге қатысты мәліметтер құпия болады. Яғни, жоғары жақтан рұқсат берілмесе, олар ғимаратқа кіргізбейді де, көрсетпейді де. Ал енді Дмитрий Медведев Кейкі батыр мен Кенесары ханның бас сүйегін Астанаға қайтарып беру жағын қарастыруға уәде берді ғой. Демек, сең қозғалды, яғни біз жақсы хабар күтуіміз керек», - деп тоқталды Б. Аяған «ҚазАқпарат» агенттігіне берген сұхбатында. 

Сонымен қатар ол ғалым ретінде бұл мәселедегі өзінің күдігін айтты. Әсіресе, бұл Кенесары ханның басын қайтару мәселесінде туындауы мүмкін. «Кезінде Кенесарының бас сүйегі болғаны рас, оны ғалымдар көргендігі туралы хабарланған еді. Алайда, кейіннен бас сүйек жоғалып кетеді. Осы ретте бұдан кейін де таба алмаймыз ба деп қорқамын»,-деп ойымен бөлісті ол. 

Дегенмен де, Бүркітбай Аяған екі елдің үкімет басшылары арасында бұл мәселе көтерілгеннен кейін, Кенесары ханның бас сүйегі табылуы мүмкіндігін де жоққа шығармады. Оның пайымынша, осыған байланысты дереу Үкімет тарапынан арнайы комиссия құру керек. Бұл тұрғыда ғалым Қазақстан мен Ресей арасындағы жақсы қарым-қатынасты ұтымды пайдаланып, кеткен құндылықтарды қайтарып алу керек екенін айтты. 

«Жалпы, әлемдік тәжірибеге тоқталатын болсам, кезінде отарлаушы болған елдер кейіннен өзге халықтардан жинаған ұлттық құндылықтарын қайтарды. Мәселен, Франция мен Англия, Голландия бұрынғы отарында болған елдерге жәдігерлерін қайтарып берді. Өткен ғасырларда Еуропа тасыған жәдігерлерді қайтарып беруге тырысып бақты. Өкінішке қарай, Ресей Орталық Азия мен Кавказ елдерінің құндылықтарын бермей отыр. Кунсткамерада және өзге де мұрағаттарда көптеген ұлттық мұралар жатқандығы белгілі жағдай. Осы ретте «қайтара ма екен және қай деңгейде қайтарады, сондай-ақ не тауып аламыз?» деген сауал туындайды»,-деді ғалым. 

Оның сөзіне қарағанда, енді Кейкі батырдың бас сүйегін нақтылау үшін медициналық, популяциялық генетиканың мүмкіндігін пайдалану керек. Осы саланың мамандары Назарбаев Университетінде және басқа да мекемелерде де бар. «Жалпы Кенесары мен Кейкі батырдың ұрпақтары елімізде бар, осы ретте генетикалық сараптама арқылы анықтауға ерекше мән берген жөн»,-деді ол.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Кунсткамера Қазақстанның батыры Кейкінің бас сүйегін қайтаруға әзір. РҒА Ұлы Петр атындағы Антропология және этнография музейі директорының орынбасары Ефим Резванның айтуынша, Ресейдің федеральдық тізіміндегі жәдігерді федеральдық заңға сәйкес немесе Ресей Президентінің жарлығымен қайтарылуы ықтимал. Мұражай басшылығы Петербордағы Қазақстан консулына нысанды қайтару үшін не істеу керектігін айтып берген.

Еске сала кетсек, Қазақ хандығының соңғы ханы - Кенесары Қасымұлы (1802-1847) отарлаушыларға қарсы 1837-1847 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының көсемі болды. Ол атақты Шыңғыс ханның 27-інші ұрпағы, Абылай ханның немересі. 1802 жылы Көкшетау өңірінде дүниеге келген. 

1847 жылы Кенесары хан Қырғызстанның Жетіжал жотасының оңтүстік алабындағы Кекілік-Сеңгір аңғарында айуандықпен өлтіріледі. Жаулары оның басын кесіп алып, орыс әкімшілігіне жіберді. Князь Горчаков Кенесарының басын Батыс Сібір бас басқармасындағы «Кенесары бүлігі туралы» іске қосып сақтауға бұйрық берді.

Ал, Кейкі (Нұрмағанбет) Көкембайұлы (1871-1923) - 1916 жылғы Торғайда болған ұлт-азаттық көтерілісінің батыры, атақты мерген. Азан шақырылған шын аты - Нұрмағамбет. Кейкі Көкембайұлы Ресей патшасының 1916 жылғы маусым жарлығы себеп болған (ел аузында «июнь жарлығы» деп аталады) Торғай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісіне алғашқы күндерінен белсене араласып, сол көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі болды. 

Халық батыры Амангелді Иманов өлгеннен кейін Кейкі батыр қуғынға ұшырайды. Бұл сүргін Торғайда Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де толастамайды. Біраз жыл Ұлытау, Қызылқұм жағында бой тасалайды. Кейін қызыл әскерлер ұстап алып, айуандықпен өлтіреді. Олар мергеннің екі қолы мен басын кесіп алады. Кейін мергеннің бас сүйегін Орынборға жөнелтеді, ал 1926 жылы республика астанасы Қызылордаға көшуіне байланысты, Санкт-Петерборға жіберіледі. Ол қазір Санкт-Петербордағы антропологиялық қордың кунсткамерасында сақтаулы.