Фото: Артур Нығметтің кітабынан
Жас қазақ журналист-зерттеушісі Артур Нығметтің кітабы 1991 жылғы Орал оқиғаларының белгісіз беттерін ашады.
12 тарау. Орал оқиғаларының сабақтары
13 тарау. Қазақтар өз мемлекетін қалай басқаруы керек
Соңғы сөз орнына
ОРАЛДАҒЫ ТЕКЕТІРЕС. 1991 ЖЫЛ 10,11 тарау
12 ТАРАУ. ОРАЛ ОҚИҒАЛАРЫНЫҢ САБАҚТАРЫ
Орал казактарының жетекшілері де, қазақ патриоттары да сол кездегі текетірестің шығу себептеріне қатысты бүгінде де өз ұстанымынан таймаған. «Азаттықтар» казактардың астыртын қастандық дайындағанына сенімді, ал казактардың жетекшілері өздерінің астыртын ештеңе жоспарламағынын айтуда. Арада ондаған жылдар өтсе де бұл түйін шешілмей тұр. Сонымен қатар 1991 жылғы Орал оқиғаларына Қазақстан президенті Әкімшілігі тарапынан да, Республика парламенті тарапынан да ресми баға берілген жоқ, қандай да болсын бір ғылыми зерттеу жүргізілген жоқ.
Кейінгі сепаратизмнің көріністері байқалған кезде Қазақстан басшылығы мәселені одан әрі тұңғиыққа жіберіп отырды. Көрініс тапқан сепаратизмге Астана қаншалықты кеңінен қарап отыр, осы құбылыстардың негізгі себептері анықталды ма, ол себептер жойылды ма, ол жағы бізге белгісіз. Авторитарлық құрылымда арнайы қызметтер кейбір құпиялық теориясын әдейі асыра көрсетуге, марапат пен погондағы жұлдызшалар үшін жалған оқиғаларға, арнайы арандатуларға өздері мүдделі болатыны да бар. Дегенмен, бұл жағдайлардың өзінде де болашақ ықтимал сепаратизмнің немесе территория бөлігін аннексиялаудың саяси, экономикалық және әлеуметтік аспектілерін ескермеуге болмайды.
Назар аударсаңыз, 1991 жылы қыркүйекте қазақ жерінде, Орал қаласында болған оқиғадан кейін Ресей империялық ұранынан бас тартуды ойлаған жоқ. 1991 жылдың 7-10 қарашасында Ставропольде казак Одағының Екінші Үлкен шеңбері өтті. Казактар съезі Солтүстік Қазақстанның, Оңтүстік Осетияның және басқа да «байырғы орыс аймақтарының» Ресейге қосылуы туралы айтты және Ресей құрамында казак республикасының құрылуын қолдады.
1994 жылға қарай Қазақстанның көптеген облыстарында казак ұйымдары құрылған болатын, бұл ұйымдар бір-бірімен және Ресейдегі казак ұйымдарымен тығыз байланыста болды.
Сол 1994 жылы Сібір казактарының шеңбері өтуі жоспарланған Көкшетау қаласына оңшыл бағыттағы орыс жазушысы Эдуард Лимонов бастаған орыс ұлтшылдарының десанты келді. Лимонов өз естелігінде жазғандай, сол жиында жергілікті казактар «Қазақстан территориясындағы казак жерлері мәртебесі» туралы мәселе көтеруге тиіс болатын. Оңтүстік-Сібір республикасы деп аталатын автономия құру туралы жарияланып, оның құрамына Қазақстанның Көкшетау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары кіруі керек еді.
Бірақ, Лимонов мысқылдай былай деп жазған, Көкшетауға келген олар жергілікті атамандардың рухсыз түрлерін көрді, Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) агенттері орыс ұлтшылдары десантын мұрнынан жетектеп жүрді. «Құр қол қайтпас үшін», болмай қалған төңкеріс делегациясы ресейлік әскери гарнизонды көру үшін ары қарай Тәжікстанға аттанады. Жолшыбай Алматыға тоқтаған олар сол уақытта мемлекеттік прессада істеген жергілікті журналистің үйінде түнеп шыққан. Яғни, 1991 жылғы Орал оқиғаларынан кейін де орыс эмиссарлары Қазақстанды еркін аралап жүрді.
Қазақстан билігі Орал оқиғаларынан қорытынды шығарса, бұлай болмауы керек еді. Бірақ, ресми түрде мұндай қорытынды жасалған жоқ. Тек арнайы Президенттік комиссия деңгейінде тексерулер жүргізілді, алайда ол комиссияның қорытынды құжаты бейресми түрде жарияланды. Парламент өз тексеруін жүргізген жоқ және парламентте Президенттік комиссия қорытындысы тыңдалған жоқ. «400 жылдық мерейтойды» ұйымдастырғандарға немесе қазақ ұлтшыл-патриоттық ұйымдарына қарсы қылмыстық немесе әкімшілік айып тағылар болса, ол да резонанс тудырар еді, билік бұл жерде де тездетіп мәселені жауып тастады.
Президенттік комиссия төрағасы, сол кезде Қазақстан президентінің кеңесшісі Серік Әбдірахманов құжат көлемі тым үлкендігін алға тартып, «1991 жылғы Орал оқиғалары туралы анықтамаға» қол қоюдан бас тартады. Айтпақшы, «Анықтамада» Ресей тарапынан әскери қауіп төнгені туралы ештеңе айтылмаған еді. Бұл эпизод ол кезде ауызша талқыланды, Президенттік комиссия оны қараусыз қалдырды, дәлелдеген де жоқ, сонымен бірге жоққа да шығарған жоқ. Кітап авторымен әңгімелескен Серік Әбдірахманов «Макашов танкілеріне қатысты» сол 91-ші жылдың қыркүйегіндегі ойында екенін білдірді:
- Қазақстан шекарасында танк дивизиясы тұрғаны туралы көп әңгіме айтылды. Маған бұл толықтай анық емес. Бұл Борис Ельцин мен Михаил Горбачевтың билікке таласқан дүрбелең кезі еді ғой. Кремльде Қазақстан территориясын аннексиялау туралы әлдеқандай стратегия болды деп ойламаймын. Кейбір күштер казактардың жауынгерлік көңіл-күйін қоздырып отырғаны түсінікті еді, түрлі үндеулер де болды. Егер қақтығыс болып, жағдай бақылаудан шығып кеткенде, казактардың ол мемлекеттен көмек сұрайтыны анық еді. Ондай жағдайда Мәскеудегі орталық биліктің қалай қимылдайтынын болжау қиын. Ең бастысы, халық бірлігінің, «Азат» қозғалысы жетекшілерінің принципті берік ұстағаны арқасында жағдайдың шиеленісуіне жол берілген жоқ.
Серік Әбдірахманов 1992 жылы Президенттік комиссиядағы жұмысынан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасында көп кідірген жоқ. Сол жылы қоғамдық жұмысқа ауысты, «Елім-ай» қорын құрды, бірнеше рет Қазақстан парламентінің депутаты болды. Қазір Назарбаевтың билігіне қатысты сыни ұстанымда.
1991 жылғы Орал оқиғаларын зерттеуші Нұрлыбай Сисенбай өзінің «Азат» азаттық жолында» кітабында бұл оқиғалардың әлі күнге дейін тарихи бағасын алмағанын жазады. Зерттеуші билік өкілдері арасынан алғашқы болып оқиғаға 10 жыл толған 2001 жылдың желтоқсанында жоғары баға берген Орал облысының әкімі Қырымбек Көшербаев болды.
«Сегіз ғасырға жуық уақытта қазақ елдік пен ерлікті де, бодандық пен бодаулықты да басынан кешірді. Соңғы екі ғасыр ішінде қазақ халқы бостандық жолында 300-ден аса шеру жасаса, кешегі 1986 жылғы Желтоқсан оқиғалары қазақтың ұлттық тәуелсіздігі жолындағы күресі болды. Біз Желтоқсанның қасына Орал қаласында болған 1991 жылғы Қыркүйек оқиғасын да қояр едік. Себебі, ол еліміз бен жеріміздің, ұлтымыз бен ұлысымыздың намысын аяқ асты етпеу жолында жасалған ақ тілеулі қозғалыс болатын».
Тіпті асыра сілтеп айтылған, немесе бейтарап пікірді ұстанған, болмаса теріс көзқарастағы болсын өзге ресми тұлғалардың аузынан осындай сөзді есту қиын. 1990 жылдардың басындағы жоғарғы мемлекеттік шенеуніктер Орал оқиғалары туралы айтқанды ұната бермейді, олардың сирек кездесетін мемуарларынан қыркүйектегі төңкеріс жайлы ештеңе таба алмайсыз. Былайша айтқанда, «Алматы» Орал оқиғасы кезінде ұйықтап жатты.
Орал қалалық халық депутаттары кеңесінің 1980-1990 жылдары депутаты болған, сол кездегі жылу электр орталығы (ТЭЦ) энергетикалық кәсіпорны директоры Петр Своик те Орал оқиғалары сахнасында көзге түскен еді, кейін парламент депутаты, танымал саясаткер болды. Ол билік жағындағы, оппозициялық және жалған оппозициялық құрылымдар қызметіне араласты. Ол да 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігіне ешқандай қауіп төнген жоқ деген ұстанымда. 2016 жылы «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Петр Своик: «Ішкі интрига оның айналасындағы интригадан әлдеқайда аз болды. Бұл менің сырт көз ретіндегі пікірім, қандай да бір казак жиындарына мен қатысқан жоқпын. Бірақ, меніңше, онда бәрі тыныш та бейбіт өтуі тиіс болатын», - деді.
Кітап авторымен әңгімесінде Орал казактарының қазіргі жетекшісі Вячеслав Солодилов сол 1991 жылы өз қауымдастығында ешқандай арам пиғыл болмағанын айтады. Казак генералы Солодилов Қазақстанның шекарасында Макашовтың танкпен жасақталған әскері дайын тұрды деген пікірлермен де келіспейтіндігін жеткізді. Бүгінгі Ресей тарапынан төнген әскери қауіп туралы әңгімелерге қатысты Солодилов біржақты пікірде:
- Ресей мен Украина арасындағыдай жағдай бұл жерде ешқашан болмайды. Ресей ешқашан бізге кірмейді. Ресейге барғанда казактар менен қазақтар бізге қысым жасамай ма, деп сұрайды. Мен үнемі бекер олай ойлайтынын айтамын. Мен не ойласам, соны айтамын. Әлбетте, кейбір мәселелер мен кемшіліктер бар, онсыз болмайды. Бірақ, жалпы алғанда, Орал жерінде біз бәріміз тату тұрып жатырмыз.
Вячеслав Солодиловпен оралдық казактардың бүгіні туралы да әңгімелестік. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі 30 жыл ішінде Қазақстанда көп нәрсе өзгерді, миллиондаған этникалық орыстар, миллионға жуық этникалық немістер, Сталин кезінде депортацияға ұшыраған славян және басқа да халықтар өкілдері, Хрущев кезінде көшірілген тың игерушілердің ұрпақтары елден кетті. Олардың орнына 1990 жылдары ауылшаруашылығы ойсыраған ауылдардан миллиондаған қазақ көшіп келді.
Қазақстанның барлық қалаларында және жалпы ел бойынша қазақтар негізгі тұрғындардың басым бөлігін құрайды. Елді мекендер мен көше атаулары өзгеруде, барлық жерде негізінен қазақша сөйлесуде. Орал казактарында қазір тіл мәселесі бар, олар қазақ тілін білмейді, оны оқу әдістемелік жағынан қиын, жұмыстан қысқарту мәселесі онсыз да көп, сондықтан көпшілігі Ресейге көшіп жатыр, - деді атаман Солодилов.
- Бұл үлкен мәселе, халықтың көбі кетіп қалды, кетуге жиналып отырғандар да көп. Олар осында оқыды, осында білім алды ғой, олар сол білімдерін осы жерде қолдануы керек еді ғой. Бірінші себеп – бұл тіл. Көпшіліктен түсініспеушілік барын естимін. Бізде Халық ассамблеясында тегін қазақ тілі курстары ұйымдастырылды, көбі сонда барып жүр, мен 70 жастамын, кейбіреуі маған күледі, бірақ мен де сонда барамын. Кеңес кезінде Оралда негізінен орыс тілі болды ғой. Алайда біздің ата-бабаларымыз, казактар бәрі қазақ тілін білді, қатынаста болды, сауда жасады.
Айтпақшы, атаман Солодиловтың кенже ұлы да Қазақстаннан кетіп қалған екен. «Ұлым ол жақта балаларымды уайымдамаймын, дейді. Өз басым кетпеймін, жас болсам да кетпес едім, Орал – ерекше жер», - дейді атаман.
Этникалық орыстардың қазақтың қоғамдық өміріне сіңуі үшін түрлі сөздіктер шықса, қазақ тіліне үйренісу үшін мемлекеттік телеканал тәулігіне 24 сағат қазақ тілінде жүрсе деген тілектерін айтты Вячеслав Солодилов. «Бізге автобуспен немесе таксимен қатынамайтындай, «Қазақ тілі» курстары қол созым жерде болуы керек. Қоғамдық жиындарда синхронды аударма жоқ, біздің Ассамблеяда қазақ тілінде сөз сөйленсе, барлығы бірдей түсіне бермейді».
Оралдағы орыстарды да сол қазақтар сияқты экономикалық мәселелер алаңдатады. «Мемлекеттік мекемеге жұмысқа орналасу өте қиын – мемлекеттік тілді міндетті түрде білу керек, орыстілділердің көбі оны білмейді. Зауыттардағы жұмыс орындары қысқартылған, тек кәсіппен айналысу ғана қалды. Кәсіппен айналысуға болады, көбі айналысып та жүр, бірақ оған үлкен қаржы, айналымды капитал керек. Біз тәуелсіз болсақ, бәрін Қытайдан тасымай, бәрін өзіміз істеуіміз керек», - деген Солодилов осы арада сөзін әрі жалғады: «Қазақстан Ресейден емес Қытайдан қорқу керек, олар Орал өзені және оның сол жақ жағалауына дейінгі аймаққа көз салып отыр, ал казактар мекендейтін Оралдың оң жағында жұмыстары жоқ».
Казак атаманы Солодилов Оралда ономастикаға қатысты мәселелер барын айтады. Көшеге берілген кеңестік ескі атаулармен бірге тарихы да жоғалып жатыр. Осылай болса, онда тақтайшаға көшенің бұрынғы және жаңа атауын жазып қою керек. Барлық собор, шіркеулер православие қауымына қайтарылды, алайда «Зенит» зауыты аймағында қоймаға айналған шағын шіркеу бар. Хан тоғайында, қала шетіндегі үлкен тарихи саябақта Сталиннің билігі тұсында атылған құрбандар жерленген жерде Табыну шармығы тұрған еді, бірақ орманшылар оны алып тастады, 30 жыл бойы тұрған шармықты қалпына келтіре алмай келеміз. Тарихи үйлер бұзылуда, Оралдың көрікті орындары жоғалып жатыр, алайда осында туристік саяхаттар ұйымдастыруға болар еді, - дейді Солодилов.
Соңғы жылдары мектептердегі орыс сыныбы мен балабақшалардағы орыс топтарының қысқаруына қатысты да алаңдайтынын жеткізген ол, орыс балаларын қазақ балабақшасына, қазақ мектебіне берген жағдайдың да болғанын айтты.
Әрине, осы жағдайды жергілікті билік те жақсы білуі тиіс. Қоғамда осындай уайым болса, одан қорытынды жасап, шара қолдану қажет. Кремльдің үгіт-насихат машинасында «Орыс картасы» деп аталып кеткен ойынды ойнауға себеп қана емес, сылтау да болмау керек. Бұл да - 1991 жылғы Орал оқиғаларының сабақтарының бірі.
Вячеслав Солодилов басқаратын «Жайық-Орал казактарының Одағы» 2023 жылдың тамызында 25 жылдықтарын атап өтті. Осы орайда Оралда «Город малиновых зорь» казак әндері фестивалі өтті. Фестивальда қаланың қазақ, беларус, кәріс, татар және шешен шығармашылық ұйымдары да өнер көрсетті. «Достық пен келісімде өмір сүреміз, онсыз болмайды. Бейбітшілік пен келісімде өмір сүру үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан қолдан келгеннің бәрін жасаймыз»,- дейді Солодилов.
Қоғамның бірігуінің, түсіністіктің үлгісі ретінде Солодилов 1991 жыл оқиғаларынан кейін өзінің «Азат» ұлттық партиясы Орал бөлімінің жетекшісі Аманжол Зинуллинмен әріптестік қатынасын айтты. Казактар мен қазақ белсенділері текетіресі бейбіт жолмен аяқталғаннан кейін Оралда жастар арасында кейбір төбелес болып тұрды.
- Бәрі де болуы мүмкін еді. Шабуылдар болды, бірақ ол жақта да, бұл жақта да дұрыс ойлана алатын адамдар болған еді. «Зенитте» концертті тоқтатты, неге? Біз өз мейрамымызды өткізер едік те, сосын Орал жағасында балық сорпасын ішіп, тарқайтын едік. Атаман Качалиннің еңбегін атап кеткен дұрыс, ол жастарға ешнәрсеге көңіл аудармауды айтты, ал арандатушылар көп болды. Сосын не болды? Жастар арасында текетірес ол жақта да, бұл жақта да орын алды. Мен Аманжол Зинуллинге шықтым, бірінші рет, екінші рет, үшінші ретте де біз бір-бірімізді түсіндік. Бұл жастарды тыныштандыру үшін керек болды. Кейін біз Зейнуллинмен өзіміздің бірлескен «Тамыр» кәсіпорнын құрдық. 30 жыл бірге жұмыс істедік, егістіктер алдық, егін ектік, бізде тракторлар болды, ортақ балық базары болды. Барлық жағдайда біз бірге болдық. 30 жыл бойы казактар мен қазақтар бірге болдық, бәрі тыныш.
Оралдағы казактардың санына қатысты атаман шамамен 50 мың адамды атап отыр, өйткені көпшілігі өздерін казак деп санағанмен, казактардың қоғамдық жұмыстарына қатыспайды, өздерінің тыныш өмірлерін сүріп, казак жиындарына бармайды.
Қазіргі Батыс Қазақстан облысының орталығы Оралда «Орал казактарының патша тағына қызметіне 400 жыл» толуы төңірегіндегі шиеленістің бейбіт түрде аяқталғанына 30 жылдан астам уақыт өтті. Казактар мен қазақтардың қатерге толы сол текетіресі туралы, Орал облысының бір бөлігінің Қазақстаннан бөлініп кету қаупі туралы ештеңе де білмейтін ұрпақ өсті. Мектептерде, тарих оқулықтарында Орал оқиғалары туралы ештеңе айтылмайды. Орал музейлерінің, тіпті «Старый Уральск» жекеменшік музейінің экспозицияларында да 1991 жылғы қыркүйектің сызды күндері туралы ештеңе таба алмайсыз. Тек кейде Орал оқиғаларының қандай болмасын бір мерейтойларында ол туралы қазақ тілді пресса еске алып тұрады.
Оралдағы жергілікті орыс тілді пресса ол туралы ештеңе жазбайды. Сол оқиғалардан кейінгі 32 жыл ішінде бірде-бір жергілікті орыс тілді журналист бұрынғы Орал облысы басшысы Нәжімеден Есқалиевтан оқиға туралы сұхбат алмаған. Қазақстанда ол оқиғалар жайлы бұрын соңды орыс тілінде бірде бір кітап жарық көрмеген, біздің осы кітабымыздың орысша нұсқасы алғашқысы болды. Орыс тілінде деректі фильмдерді таба алмайсыз, өйткені түсірілмеген.
1991 жылғы Орал оқиғаларына келгенде тіс жармау нені аңғартады? Барлық қорытындысы жасалып, себебі анықталып, мұражайдағы папкалар мен компьютерлік файлдарға салынып, архивке кетті ме? Олай емес сияқты. Орал оқиғаларының басты куәгерлері жариялаған деректер онсыз да аз, ал олардың көпшілігі бүгінде өмірден озып кеткен.
Ал бұл арада өмір Ресейдің Украинадамен соғысы сынды жаңа геосаяси шындықтарды алға қоюда. 21 ғасыр басындағы осы ең үлкен соғыс немен аяқталатыны жайлы болжамдар жетерлік. Біреулер Батыс санкциялары мен әскери шығындар ауыртпалығын көтере алмаған ресейлік экономика күйреген жағдайда Ресей Федерациясының сөзсіз ыдырайтынын айтып жатса, ал біреулер, керісінше, өздерінің ұлтшылдық көңілдегі электоратының назарын аудару үшін Кремль Қазақстан территориясының батыс бөлігін бөліп алуға әрекет жасап көреді дейді. Ресейде автократия ма, Кремль палатасын Ленин мен Сталин большевиктері ала ма, немесе Ельцин мен Горбачевтың орнына Путин келді ме, ал оны оппозиционерлер Навальный мен Ходорковский ығыстырғысы келе ме, бәрібір, Кремль тынбастан көрші елдерге қауіп төндіруде.
1992 жылы Орал оқиғаларын тексеру бойынша жұмыс істеген Президенттік комиссия төрағасы Серік Әбдірахманов Қазақстанға төнген әскери қауіп сол кезде де болмаған, қазір де жоқ деген пікірде.
- Мен Қазақстандағы ахуал украиндық бағдарлама бойынша жүруі үшін ешқандай алғышарттар жоқ деп есептеймін. Ресей басшылығы бұған мүдделі емес. Оның үстіне біз түрік әлемінің бір бөлігіміз. Бұл жерде Украинамен салыстырулар жасаудың қажеті жоқ. Мені жалғыз бір нәрсе ғана алаңдатады, ол назарбаевтық олигархия тарапынан болуы ықтимал арандатушылықтар. Олар алысқа кеткен жоқ. Өздерінің коррупциялық қылмысқа толы іздерін жабу үшін олар бәріне баруға дайын. Бүлік, соғыс пен ұлтаралық жанжалдар туындағаны оларға керек. Ресеймен арадағы қатынастың шиеленісуіне дәл осындай ішкі факторлар себеп болуы мүмкін. Ресейдің өзінде олардың біздің елге шабуылдауға дайындап жатқан астыртын жоспарының ешқандай белгілері жоқ. Ондай ештеңе жоқ.
Орал оқиғасының басқа басты қатысушылары мен куәгерлері, сол кезде Ресейге қарсы сыни көзқараста болғандар бүгінгі күні де Қазақстан билігі сақ болуы керек деген ұстанымда. Сол кездегі Орал облысының басшысы Нәжімеден Есқалиев әңгіме барысында Ресейдің Украинадағы соғысына қатысты алаңдайтынын жеткізді. Есқалиев Қазақстанның Украинадағы, сонымен бірге Молдовадағы елшісі болды, сондықтан да қазіргі қанды қақтығыс аренасындағы күштердің ара салмағын жақсы біледі.
- Бұл ауыр жағдайға әкелуі мүмкін. Ресей өз доктринасынан бас тартпайды, Украинаның дербестігін мойындамай отыр. Украина өз тәуелсіздігі үшін күресте Ресейге еш уақытта есесін жібермейді. Бұл соғыстың ақырын болжау қиын. Дамокл қылышындай қауіп Қазақстан үстінен де төніп тұр. Ресей артында Қытай тұр, Украина артында Америка тұр. Егер нақтылап қарасақ, Қазақстанға Ресейден Украина жақынырақ, өйткені екі ел де Кремль қолымен жасалған аштықты бастан кешірді, екі елдің де өндірісті аймақтарына жоспарлы түрде этникалық орыстар қоныс аударды, ал бұл кейін асықпай жарылатын минаға айналды. Біз Ресей мен Қытай сынды екі айдаһардың ортасындамыз. Біздің жерімізге көз тігушілер де көп, оның ішінде Өзбекстан да бар. Бірақ бізге бейбітшілікте өмір сүру қажет, көршілермен игілікті қарым-қатынас орнату керек.
Орал оқиғаларының қатысушысы және зерттеушісі Мұңайдар Балмолда жазғандай, Орал қаласының тарихы казак қауымдастығы нұсқасындағы 1591 жылдан емес, одан едәуір бұрын басталады. 1991 жылы Оралға 400 жыл емес, оның Теке көне атауымен қалаға кем дегенде 800 жыл болған еді. Қазақтар өз тарихын, өз мемлекетінің тарихын білуі және бағалауы қажет. Сол кезде кей империялық тараптар қазақ жерлеріне қанша көз салса да ешқандай мәні қалмайды.
13 ТАРАУ. ҚАЗАҚТАР ӨЗ МЕМЛЕКЕТІН ҚАЛАЙ БАСҚАРУЫ КЕРЕК
1991 жылғы Орал оқиғалары қазақтарға үлкен мектеп болды, дейді Нәжімеден Есқалиев, халық патриотттық сезімінің не екенін түсінді. Туған жерді қорғау үшін қандай күштер қажет, қандай қарым-қатынастар болуы керек, осының бәрін сол оқиға көрсетті. 1729-1730 жылдардағы жоңғар шапқыншылығындағы әйгілі Аңырақай шайқасы кезіндегідей, 20 ғасыр соңында өз жеріне қауіп төнген сәтте қазақтар біріге алды. Орал оқиғаларының тарихи маңызын Нәжімеден ақсақал осылай бағалады.
«Бірақ, қазақтар одан әрі өздері дербес, күшті мемлекет құра ала ма, бұл енді сұрақ болып тұр. Қазіргі жастар билік пен байлық басты құндылық деп саналатын рухта тәрбиеленіп жатыр. Білім берудің қазіргі жүйесі патриоттықты үйретпейді, бұл сезім анахронизм ретінде қабылдануда. Бүгінгі оқушылар ештеңені жаттап, есіне сақтап алмайды, керегін интернеттен табады. Елде республикалық және облыстық деңгейдегі басшылар арасында біліксіздік пен сауатсыздық етек алуда, шенге бас ию мен тұрғындарға жоғарыдан қарау биліктің барлық деңгейінде таралуда». Орал оқиғаларын түйіндеген Нәжімеден ақсақал ортаға осындай ойларын салды.
«Паркинсон заңдары» атты танымал кітапта іріп-шіріген мемлекеттің белгілері айтылған, оның басты белгілерінің бірі – етек жайған бюрократия. Жылдан жылға басқарушы, тексеруші, нұсқаушы, жазалаушы органдар саны артуда. Осындай жағдайда жұмыссыздық пен азық-түлік бағасының тоқтаусыз өсуі, азаматтардың құқы мен бостандығы тапталуы орын алып, халықтың ахуалы нашарлауда. Білім сапасы, әсіресе жоғары білім сапасы сан соқтырарлық. Егер тұрғындардың сауаты төмендейтін болса, жас қазақ мемлекеті заманауи талаптарға қалай жауап бере алады?».
Сонымен қатар Қазақстанның білім жүйесіндегі, әсіресе жоғары білім жүйесіндегі дағдарыс толғандырып отырғанын жасырмайды. Бұл дағдарыс салдарынан өмірдің барлық саласында тәжірибесіздік байқалады. Кеңес Одағында кадрлар КОКП монополиясында еді, оқу барлық деңгейде тегін болды. Кеңестік жүйеде басқарушы кадрлар мектеп партасынан бастап іріктелді, алдымен пионер мен комсомол, кейін оларды партия, кеңес органдарында іріктеді. Бүгінде кадр даярлаудың осындай жүйесі жоқ, оның орнына сыбайлас жемқорлық пен непотизм келді, ескі жүйе бұзылды, жаңа жүйе құрылған жоқ.
Осы арада Нәжімеден Есқалиевтың өмірі мен қызметінің бірнеше ең жарқын сәттерін айтпай кетуге болмас. Бұл жолда оған басынан-ақ осы өмірдегі күштілердің біразымен кездесуге, араласуға тура келді, жақын таныса келе олардың барлығы бірдей газет суреттеріндегідей ізгі болып шықпады. Партиялық қызметте білімді, сауатты маман болу аздық ететін еді, Мәскеуден әдейі жасалатын кедергілерге тап болуға тура келетін. Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев елді ұзақ жылдар басқарған кезеңде, Кеңестік Қазақстан экономикасының өрлеу кезеңінде партиялық жұмысқа келгендіктен Есқалиев тағдырына дән риза. Нәжімеден Есқалиев өзін Қонаев мектебінің шәкірті деп санайды және оны мақтан тұтады.
Орал облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы ретінде Есқалиевқа кейбір ауқымды мәселелердің шешімін табу үшін Кремль кабинеттерде сан рет болуға тура келді. Ол кабинеттердегі басшылардың шовинизмі де оны талай таңғалдырған еді. Қазақстан кеңестік кезеңде ресми түрде Одақтан еркін шығып кетуге мүмкіндігі бар, Кеңес Одағының ерікті мүшесі болып есептелсе де, іс жүзінде отар ел болды, ол туралы Есқалиевқа Кремль кабинеттерінде абайсызда есіне салып та жүрді. Бұл таңғаларлық жәйт болса да, Орал обкомы аппаратында да осындай жағдайлар кездесіп тұрды. Есқалиев қарамағындағы кейбір қызметкерлер өздерін Қонаев бастаған Алматыға емес, тікелей Мәскеуге, тіпті екінші қатардағы шенеуніктерге, әсіресе ресурстарды бөлуге қатысы бар шенеуніктерге ғана бағынатындай ұстайтын.
Нәжімеден Есқалиев Ресейдің Астрахан облысы Краснояр ауданында туып өсті. Совхоз агрономы қызметінен бастап аймақ басшысына дейін өскен оған Орал облысы туған өлкесіне айналды. 1980 жылы КСРО Халық шаруашылығы академиясындағы оқуын аяқтағаннан кейін Есқалиев Талдықорған облысы ауылшаруашылық басқармасының бастығы болып тағайындалды, кейін Талдықорған облысы Талдықорған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жіберілді. Ауданда 30 мың гектар суармалы жер болды, осы жерде оның ауылшаруашылық өнімдерін өсіру бойынша агрономдық білімі пайдаға асты. Егіс құрылымын жоғары өнімді сорттарға қарай өсіріп, Панфилов ауданындағы даңқты колхоз төрағасы Николай Головацкий әдісін қолданған олар әр гектардан 120-130 центнер жүгері дәнін ала бастады. Соя өнімі де едәуір өсті. Бұл үлкен серпін еді.
Ауданға сапармен келген Дінмұхамед Қонаев жүгері өнімділігіне таңғалған болатын, егістік шетінде қолын көтеріп тұрған бірінші хатшының фотосуреті бар. Бойы ұзын Қонаевтың қолы жүгері сабағына әрең жетіп тұрды. Қонаев Есқалиевты байқап қалды, осылайша оның қызметі жоғарылай бастады, оның негізінде, ең алдымен профессионализм, яғни кәсіби біліктілік болды.
Сояның 30-32 центнер өніміне таңғалған КОКП ОК инспекторы Анатолий Паршин оның бірнеше бауын Мәскеуге ала кеткен еді, кейін олардың бірін Есқалиев КОКП ОК хатшысы Виктор Никоновтың кабинетінен көрді. Сол жылдары Талдықорғанға тексеруге келген КОКП ОК қызметкері Иван Дьяковпен Есқалиев енді қатарлас ретінде кездесті. Дьяков Астрахан обкомының бірінші хатшысы болған еді. Есқалиевтың өтінішімен Дьяков оның туған жері, Краснояр ауданы орталығына дейін жол салуға, екі қабат мектеп пен мұғалімдерге ондаған үй салып беруге көмектесті.
1985 жылдың қыркүйегінде Нәжімеден Есқалиев Қазақстан Компартиясы Орталық комитетіне шақырылды. Дінмұхамед Қонаев Орал облысына ең жоғары лауазым обкомның бірінші хатшысы болуды ұсынды. Мәскеуде кадрлық әңгімелесулер кезінде Есқалиев Өзбекстанның болашақ президенті Ислам Кәрімовпен танысып, араласты. Кәрімов ол кезде Қашқадария обкомының бірінші хатшылығына тағайындалуда еді. Олар араласа бастады. 1993 жылы егіс жинау науқанында Кәрімов өзіне тән жоғары ұйымдастырушылық дағдысымен Өзбекстаннан Көкшетау облысына егіс даласынан дәнді қырманға жеткізуге қажет автокөліктерді жіберді. Арада жылдар өткеннен кейін Нұрсұлтан Назарбаев Есқалиевты Өзбекстанға елші қылып жіберуі де кездейсоқ емес еді, ол Есқалиевтың Кәрімовпен жеке таныстығын есепке алған болатын.
Мәскеудегі рәсімдер келесі 1986 жылдың маусымына дейін созылды, міне, Орал обкомындағы жұмыс та басталды. Оралдағы жұмыстың бірінші күндерінен-ақ обком аппаратындағы жайсыз ахуал сезілді, - деп еске алды Нәжімеден Есқалиев. Алғашқыда бұны ол 1985 жылдың екінші жартысындағы ауыр жағдайлардың салдары болар деп түсінген, ол кезде аграрлық саладағы есеп берудегі ауқымды қосып жазуларға байланысты облыстың бірнеше жоғары лауазымды басшылары жұмыстан босатылған болатын. Бірақ кейінірек, кейде ашық түрде байқалатын айыптаулар мен жасырын келіспеушіліктер ұлтаралық негізде екені анықталды.
Сахна сыртындағы әңгімелердің қайнар көзі Қостанайдан ауысып келген обкомның екінші хатшысы Вера Сидорованың кабинеті болып шықты. Ол сонымен қатар тұла бойын ұлтшылдық буы шалғанымен де әйгілі болатын. Сол кездегі кеңестік жүйе осылай еді, республикалық Компартияның бірінші хатшысы немесе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы жергілікті ұлт өкілі болса, оған екінші хатшылыққа өздерін Кремль өкілімін деп сезінетін этникалық орыс тағайындалатын, басқаша болмайтын.
Өз өмір жолында Есқалиев ұлыдержавалық орыс шовинизмінің әсер-ықпалын талай бастан кешірген еді, алайда Кеңес Одағында интернационализм сөзсіз басым болғаны да рас. Кейінгі 1987 жыл барысында Сидоровамен жайсыз қатынасты болдырмау мақсатында Есқалиевқа тура мағынасында айтқанда, тер төгуге тура келді. Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы Геннадий Колбин Сидорованы Есқалиевтың орнына қоюды ойлаған еді. Қазақстан Компартиясы ОК екінші хатшысы Сағидолла Құбашев Есқалиевқа КОКП Орталық комитетіне Мәскеуге баруға кеңес берді. Таңғаларлығы, Мәскеуде облыстық партия ұйымының жаңа хатшысын қолдады, тек ұсақ аппараттық арандату болды. КОКП ОК-нің сектор меңгерушісі, негізінде Қазақстанның кураторы және бірнеше шенқұмар қазақтардың мансаптық жолын қиған Николай Мищенко ашық мысқылмен Есқалиевқа сұрақ қойды:
- Неліктен Сидорова Сізді «қаскөй ұлтшыл» деп атайды?
Есқалиев былай деп жауап берді:
- Қазақтар сияқты аз ұлттарға қатысты қолданылған «ұлтшыл» деген терминді позитивті түрде қабылдауға болады. Оның үстіне ол «қаскөй» сөзін қосқан екен, ол «нашар» ұлтшыл дегенді білдіреді.
Бұрынғы чекист Мищенко қалың қасы арасынан Есқалиевқа қарап, қулана күлді. Бұл күлкіде ешқандай жақсылық жоғын Есқалиев та түсінді. Бұл әңгіме кейін Оралда жалғасын тапты, кремльдік куратор Мищенко бұндай детальдарды ұмытпайтын.
Бірде Мищенко Қазақстан Компартиясы ОК ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Қуаныш Сұлтановпен бірге Оралға келді. Шай үстінде Мәскеудің байырғы шенеунігі «қаскөй ұлтшыл» сөзін еске түсірді.
- Сонда бұл Сізде қалай көрінеді? - деп сұрады ол Есқалиевтан.
- Вера Васильевна біздің облыстағы жағдайды жақсы білді және қазақ тұрғындары үшін айтарлықтай ештеңе істеген жоқ, - деді жауапты кідіртпеген Есқалиев. – Мысалы, Оралда 70 мың қазақ тұрады, ал мұнда қазақ тілінде білім беретін бүкіл облысқа бір ғана мектеп-интернат бар. Жақында ғана қазақ тілінде тәрбие беретін бірінші балабақша аштық. Менің балаларым өз ана тілін нашар біледі. Олар өзара орыс тілінде сөйлеседі. Қазақтар өз тарихын білмейді. Халықтан оның тілі мен тарихын алса, ол халық жойылып жоқ болатыны белгілі. Егер осыған саналы түрде жол берсек, мен сияқты басшыларды қалай атауға болады?
Есқалиевтың бұл сөзінен соң кремльдік Мищенко астармен сөзін былай түйіндеді:
- Әрине, әрине, алдағы КОКП ОК пленумы аясында жіберілген қателіктер түзетілуі тиіс.
1986 жылғы Желтоқсанның трагедиялық оқиғаларына байланысты «қазақ ұлшылдығы» туралы деген анықтамасы бар КОКП ОК пленумы қаулысының жобасы дайын тұрғанын Мищенко білетін еді. Қазақ халқына таңылған бұл таңба тек бірнеше жылдардан кейін Кеңес Одағының Коммунистік партиясы күйрегеннен соң ғана алынды.
Дегенмен Сидорованы Оралдан кері шақырып алды, алдымен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төрағасының орынбасары болып орналасқан ол кейін Қазақстан ардагерлері Кеңесі төрағасының орынбасарлығына жылжытылды.
Кадрлар үшін кезекті «тартыста» ұтылғанын Колбин түсінген еді, бірақ екі жақтың салмағы тең емес еді. Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы ретінде Геннадий Колбин республиканың «иесі» болды. Кейін ол басшылықта болған екі жыл ішінде Есқалиевтың жеке басына және тұтас Орал обкомына деген алалаушылықты бастан кешуге тура келді. Мәскеу Есқалиевтың жанына этникалық орыстардан өз адамын қоюға әрекет ететін, бұл қимылдардың түпкі мақсаты Орал казак қауымдастығын қайта жандандырып, Орал облысының бір бөлігін Ресейге қосу екен. Колбин ешқандай негізсіз Орал облысында «ұлт мәселесі» бар деп айыптап, Орал обкомына қарсы Мәскеуден үлкен инспекцияны айдап салды.
Тексерушілер тобын КОКП ОК жанындағы партиялық бақылау комитеті секторының меңгерушісі И.Иванов бастап келді. Ол бұрын Саратов обкомының хатшысы болып істеген, өз аймағындағы қазақтарды жақсы білетін және, жалпы алғанда, тілектестік көңілде болғандай көрінді. Комиссия үш аптаға жуық тексерумен айналысты, аудандарға шықты, қоғамдық ұйымдар өкілдерінен сауал алды, қаланың түрлі кәсіпорындарында болды. Ақыры дайындалған анықтаманы көрсетпестен олар кетіп қалды.
Нәжімеден Есқалиевты КОКП ОК жанындағы партиялық бақылау комитеті жиналысында есеп беру үшін 1988 жылдың басында Мәскеуге шақырды. Ивановқа кірген Есқалиев құжаттармен танысып, кейбір ескертулер бойынша түсініктеме жазып берді. Сол арада ол КОКП ОК партиялық бақылау комитетінің төрағасы Борис Пугоға шақырылды. Пуго Кеңес Одағы басшылығындағы ең ықпалды он тұлғаның бірі болатын. Амандасқаннан соң Пуго кофе сұратты. Олар демалыс бөлмесіне кірді. Осы жерде Пуго ашықтығымен Есқалиевты таңғалдырды:
- Жас кезіңізде Сіз комсомолда істедіңіз бе? Сізбен бір жерде кездескен сияқтымыз.
1964 жылы Орта Азия республикалары мен Қазақстан астаналарынан институттардағы комсомол комитеттерінің хатшылары БЛКЖ (ВЛКСМ) Орталық комитетіне шақырылған болатын. Оларды Латвия комсомолы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Борис Пугомен таныстырған еді. Оның басшылығымен Орта Азияның комсомол жетекшілері бір ай бойы идеологиялық отряд ретінде 1965 жылдың жазында Алжирде өтетін Студенттер мен жастар фестиваліне қатысуға әзірліктен өтті. Бірақ ол елде төңкеріс болды да, жоспарланған шаралар іске аспай қалды. Сол «идеологтар» ішінде Қазақ ауыл шаруашылық институты комсомол комитетінің хатшысы Нәжімеден Есқалиев та болған еді.
Осылайша еске алып, өзара пікір алмасып отырғанда бір сағаттай уақыт өтті. Кенет Пуго Есқалиевтан:
- Облыстың ұлттық құрамы қандай? - деп сұрады.
- Қазақтар - 58 пайыз, орыстар -33 пайыз, - деп жауап берді Есқалиев. – Облыста 80-нен астам ұлт өкілдері тұрады.
- Иә, бұл арада мынадай сұрақ туындады, - деп жалғастырды Пуго. – Сіздің облыстық партия ұйымын басқарған уақытыңызда қазақтардан алынған номенклатуралық кадрлар 39-дан 56 пайызға өскен. Сіздің екі жыл жұмыс мерзіміңізде мұндай өсу көп емес пе?
Есқалиев ешқандай алалау жоқтығын түсіндірді. Номенклатураға совхоз, колхоз басшылары қабылданды, ал ол жерде қазақ тұрғындар басым. Сонымен бірге қаланың кейбір кәсіпорындарына басшылыққа олардың ведомстволарымен келісілген жас, жергілікті халық өкілдері келді, ол ведомстволардың көпшілігі осында, Мәскеуде.
- Дегенмен, облыс пен қаланың басқару бөлімінде жергілікті казактар өкілдері бар ма? - деп сұрады Пуго.
Өз таңданысын жасыра алмаған Есқалиев бұған да түсінік берді. Тап мұндай «казактар» деген ұлт тарихта болған жоқ. Бір кезде орыс князьдықтарының шетінде жақсы өмір іздеп, көшіп-қонып жүрген оларды «қашқындардан» шыққан дейді. Казактар өздерін әскери сословиеге жатқызады, патша кезінде оларды қаруландырып, көрші халықтар мен тайпалардың жерлерін тартып алу үшін пайдаланды. Бәрібір, орыстардың өздері казактар туралы бір кездерде «казак әскерлерінде» қызмет еткендер дегенді айтады. Бұның бәрі революцияға дейін болды. Кеңес кезеңінде «казак кадрлары» туралы ешқандай статистика болған жоқ. Бірақ қазіргі оралдық казактар өздерін ак казактарды жеңген қызыл казактардың ұрпағымыз деп айтады және оны мақтан тұтады.
Борис Пуго енді қазақтар тарихы туралы сұрады. Пугоның шынайылығына көзі жеткен Есқалиев енді оған қазақтар тарихының негізгі кезеңдері туралы, әсіресе орыс патшалығының отарлауы, ол отарлауда казак қауымдастығының аяусыз жазалаушы құрал болғаны туралы әңгімелеп берді. Есқалиевты мұқият тыңдаған Пуго «өте құнды ақпарат» берген оған алғысын білдіріп, сенімді дауыспен былай деді:
- Сіз Колбинмен онша жақсы қатынаста емес сияқтысыз. Оның айтуынша, партиялық кадрларды таңдау, іріктеу мәселелеріне жауапты КОКП ОК хатшысы Разумовский жолдас менен сіздердің партия ұйымдарыңызды жіті тексеруді және Орал обкомы бірінші хатшысының қызметін байыппен, ұйымдастыру қорытындысына дейін қарастыруды сұраған еді. Мен мұндай қорытынды жасауға негіз көріп тұрған жоқпын. Бірақ, сақ болыңыз. Сіз Кеңес Одағындағы обкомдардың ең жас бірінші хатшыларының бірісіз, комиссияда облыс еңбеккерлері мен коммунистері арасында Сіздің беделіңіз жоғары екен деген пікір қалыптасты. Әдетте, біз жиналысқа обкомдардың бірінші хатшыларын шақырмаймыз, бірақ Сізге қатысты осылай болуын Колбин сұрады. Енді Сіз үшін осындай қиыншылықтар болмайды деп сенемін. Қазір Сізден Оралмен хабарласып, жиналысқа екінші хатшыңызды жіберуіңізді сұраймын. Шын жүректен Сізге игі істер мен жетістіктер тілеймін. Сау болыңыз!
Нәжімеден Есқалиев КОКП ОК-нің «жазалаушы» органының бірінші басшысы кабинетінен әңгімеге және өзіне бөлінген көңілге қанағаттанған күйде шықты. Сонымен бірге Орал казактары туралы аймақтық мәселе КОКП ОК басшылығы үшін үлкен қызығушылық пен алаңдаушылық туғызып отырғаны анық болды. Бұл 1988 жылы орын алған оқиға, ал Есқалиев болса, екі жылдан кейін Коммунистік партия тарап тынатынын, Орал казак қауымдастығы МҚК нұсқауларымен қалпына келетінін, заңды түрде тіркеліп, Қазақстан егемендігіне қарсы талаптарын ашық түрде білдіре бастайтынын елестете алмаған.
Қалыптасқан дағды бойынша, Мәскеуден кетер алдында Есқалиев Ескі алаңдағы КОКП ОК ғимаратына кірді. Дәлізде КОКП ОК-нің бұрынғы инспекторы, Қарақалпақ обкомының бірінші хатшысы, Қазақстанда танымал ақын Кәкімбек Салықов кездесіп қалды. Қайтар жолда түрлі тақырыпта әңгімелескен олар қонақ үй қасына тоқтады. Автомобильден түскен бойда Есқалиевқа жақындаңқыраған Салықов сыбырлап:
«Колбиннен сақ бол, сен туралы көп айтып жүр. Облыстың партиялық жұмысының құпия бөлігіне қолы жеткен біреу Мәскеуге жеткізіп жүр. Мен кездейсоқ Қазақстан туралы ақпаратты байқап қалдым, ішінде сіздің облыс та бар», - деп айтты.
Жариялылық, қайта құру емес пе, Горбачев Кеңес Одағы экономикасы мен Коммунистік партияға реформа жасауға тырысуда, бірақ айналада сол үрей мен сөз тасушылық, барлық жерде «аға ұлттың» көздері мен құлақтары жүрді. Нәжімеден Есқалиевқа шовинизмнің шектен шыққан көріністерімен бетпе-бет кездесуге, тіпті күтпеген жерлерде кездесуге тура келген еді.
Жаулап алушылар келген жерінің шын иелері туралы ешқандай дерек қалдырмау үшін осындағы ескерткіштерді жоқ қылып отыратыны тарихтан белгілі. Осыған ұқсас жағдай Орал облысының бір кезде кеңестік әскери полигонға мерзімсіз пайдалануға берілген жерлерінде де болды. Ол жерлердің «жаңа иеленушілері» өздерін өте еркін ұстады, жергілікті биліктен ешкімді мойындаған жоқ. Ешкімді ескертпей, ешкімге хабар бермей-ақ олар Орал облысы жерінде үш жерүсті және үш әуе атом қаруы сынағын жасады. Ал жерасты сынақтар қаншама рет болды? Ол туралы тек мүгедек болып дүниеге келген сәбилер мен құмдағы күйіп кеткен көгалдарды көріп, болжауға ғана болатын еді.
Осы полигондарға қатысты бірнеше оқиға Нәжімеден Есқалиевтың есінде қалды. 1988 жылы КОКП ОК Есқалиевты КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа кандидат етіп ұсынды. Сайлаушылармен кездесу үшін ол бір кезде Бөкей хандығының орталығы болған Орда ауылына келеді, ауылға сонымен бірге Ахтуба сайлаушы-әскерилердің өкілдері де келеді. Астрахан, Волгоград облыстарының шығыс бөлігінде шоғырланған әскери бөлімдердің мыңдаған офицері әдетте Қазақстанда тіркеуде болды, бұл да Мәскеудің шовинистік саясатының бір бөлігі болар, байырғы халықты біртіндеп ығыстыра отырып, Қазақстан жеріне нық тамыр жаю.
Жиналыста Орда ауылының тұрғындары Кеңес Одағы парламентіне ұсынылған Есқалиевтың кандидатурасын қолдап сөз сөйледі. Ракеталық бөлім командирі генерал И.Лукин де сөз сөйледі. Одан кейін жас та жігерлі полковник А.Третьяков сөз алды. КСРО парламентінің болашақ депутатына тезис-тапсырыстардың бірінде оның аузынан келесі сөз шықты:
«Жолдас обкомның бірінші хатшысы, біз, авиаторлар, Сіздің кандидатураңызды қолдаймыз. Менде мынандай өтініш бар: біз ол туралы совхоз басшыларын ескертіп отырамыз, әскери жаттығулар кезінде малшылар жаттығу аумағынан тезірек шықсын. Әйтпесе, бізді «екі аяқтылардан» гөрі «төрт аяқтылар» жақсы түсінетін жайлар жиі болып тұрады».
Осылай, бір артық сөзі жоқ, дәл осылай! Ойын ақтарған әскеридің бұл күпірлік сөзінің мағынасын алғашқыда көбі түсінбей де қалды.
Қарамағындағы қызметкері үшін генерал Лукин кешірім сұрай бастады. Қандай ақымақтық жасағанын түсінген полковник те кешірім сұрады. Бірақ залда ызалы дауыстар қарқыны арта бастады, ашуланған адамдар бәріне де дайын еді, бөкейлік революционерлердің ұрпақтары әскерилердің дөрекілігінің не екенін жақсы білетін. Бұл анайы тәртіпсіздік міндетті түрде қараусыз қалмайтынын айтқан Есқалиев залды тынышталдырған еді.
Кейінірек, халық депутаттары съезінде Нәжімеден Есқалиев Талдықорған облысы кезіндегі қызметінен білетін ескі танысы маршал Дмитрий Язовқа кірді. 1980-ші жылдары Орта Азиялық әскери округін басқарған Язов Талдықорғанда жиі болатын. Достық әңгіме барысында Есқалиев оған тексеріс жүргізу және сол полковник Третьяковты жазаға тарту туралы депутаттық сауалын тапсырды. Кейін де осы мәселе бойынша бірнеше рет телефон соқты. Ақырында сол кеңестік офицер формасындағы мәдениетсіз солдафонды ауыстыруға қол жеткізді. Оның орнына генерал Юрий Клишин тағайындалды, онымен Орал облысы басшылығы жақсы қарым-қатынаста болды. Клишиннің көмегімен «Сүйіндік» совхозы жерінде жаттығу кезінде снаряд, бомбалардан толық қирап қалған «Хандар жерленген» орын табылды.
Бұл жер Бөкей Ордасының басты пантеондарының бірі болатын. Сол экспедиция құрамында Оралда құрылған «Қазақгаз» ұлттық компаниясының президенті Есет Әзербаев та болды. Арабша жақсы білетін ол ұлы күйші Дәулеткерейдің зиратын табу үшін қираған тастар арасын ұзақ ақтарды. Кейін ұлы композитордың мүрдесі Ордада қайта жерленді.
Генерал Юрий Клишин сол сияқты Нәжімеден Есқалиевқа ордалықтардың айтуымен ағартушы-ғалым Мұхамед-Салық Бабажанов жерленген ескі зират қорғанын табуға көмектесті. Ғалым өзін осы Бөкей хандығының ең батыс шегіндегі Торғай селосы маңына жерлеуді аманаттаған екен. «Батыстан келушілер біздің бабаларымыздың жерін көптеп ала бастады. Менің зиратым оларға кедергі болсын», - деген екен ол соңғы сөзінде.
- Бұл туралы маған көрнекті ғалым, публицист Салық Зиманов айтқан еді, - дейді Нәжімеден Есқалиев. – Міне біз ескі қорымдар орнындамыз, үлкен зираттан ештеңе қалмаған. Барлық тастар мен қоршаулар бульдозермен тапталып, ысырылып тасталған, ал олардың орнына басқа жер таппағандай, әскерилер бақылау пунктін салған. Мына сұмдықты көрген біздің қасымыздағы ел ақсақалдарының көзіне жас келді. Бұл да осы аймақтағы қазақтар тарихына қатыстының барлығын жоюға бағытталған Мәскеудің арсыз саясатының тағы бір көрінісі еді. Ол сонымен бірге көне ескерткіштерге қатысты адамгершілікке жатпайтын вандализм мен қатыгездік болатын. Осы жер қоршалып, ұлы жерлесіміздің басына құлпытас қойылды.
Сол күндері Есқалиевқа көрші Гурьев облысының әкімі Ғазиз Алдамжаров телефон шалды. Оралдықтардың әскерилермен тартысы туралы білген ол осы әскери зонада болған басқа бір өрескел оқиға туралы айтып берді.
Бірде Обнинскіден ғалымдарды шақырған Алдамжаров олармен және әскерилермен бірге Азғыр ауылына келеді. Азғырда қазылған шахталарда ядролық жарылыстар жасалатын. Полигонның «Арзамас-16» атауы болды. Соңғы жылдары жарылыстар жасалған жоқ. Бірақ радиоактивті газ шығуы байқалған еді, оның ізін жабу үшін әскерилер көрші совхоздан техника жалға алған. Бульдозермен ядролық шұңқырларды көмген тракторшының өзі тиісті деңгейде радиоактивті газдан қорғалмаған болып шықты. Бұған ашуланған ғалымдар Мәскеудегі әскери ведомство атына наразылық хатын жібереді. Нәжімеден Есқалиев пен Ғазиз Алдамжаров антиядролық «Нарын» қозғалысын ұйымдастыру, ядролық жарылыс пен зымыран сынақтарынан зардап шеккен екі облыстың тұрғындарына көмек қорларын құру жөнінде келісті.
Бірақ әскери полигон жерлерін ретке келтіру, сол сияқты Батыс Қазақстан облысына келген шетелдік инвесторлармен тең қарым-қатынас орнату жөніндегі Нәжімеден Есқалиевтың жоспарлары толық орындалмады, Алматы немесе басқа жерлерге түрлі лауазымдарға ауысу туралы президент Назарбаев тарапынан жасалған ұсыныстар қызмет бабын өзгертіп жіберді. Бұл ұсыныстар мен өзіне деген ерекше көңіл төркінін толық түсіне алмаған Есқалиев ұсыныстардан бас тартып жүрді. Сөйтсе, бұл «қамқорлықтың» артында Батыс Қазақстан мұнай-газ саласына кіре бастаған шетелдік деп аталатын, ал нақтысында ресейлік инвесторлар тұр екен.
Есқалиевқа өз адамдары Көкшетау облысы әкімшілігінің басшысын ауыстырғалы жатқанын хабарлады. Кейін белгілі болғандай, жұмыс істеген 11 ай ішінде ол бар экономиканы жеке тұлғаларға беріп жіберген екен. «Казсельхозтехника» облыстық бірлестігі, автобазалар мен құрылыс трестілері, клуб, балабақша, кітапхана ғимараттары, әлі жер қоры туралы заңнама болмаса да малшаруашылық кешендері мен ауылшаруашылық жерлері. Мүмкін осындай «ынталы жұмысы» үшін оны жекешелендіру бойынша вице-премьер лауазымына тағайындап, орнына Есқалиевты жылжыту көзделген болар. Осылайша ары қарай Есқалиев туған ел ішінде, жақын шетелдерде 11 жылға жуық басқа қызметтерде жүрді. Алдымен Көкшетау облысы әкімшілігі басшылығына ауыстырылды, кейін дипломатиялық қызметке, елші болып Өзбекстанға, Тәжікстанға, Украина мен Молдоваға жіберілді. Елшілік қызметті құрмет түріндегі айдау десе де болады.
1990 жылдардың басында қазақстандық дипломатия әлі қалыпқа түспеген болатын, барлығын нөлден бастауға тура келді, алайда жұмыс жауапты да қызықты еді, есте қаларлықтай кездесулер де, алған әсер де көп болды.
Нәжімеден Есқалиев кейбір бұрынғы партия-кеңес қызметкерлері социализм идеяларына опасыздық жасайтын, билік оларды оппозициялық партиялар мен қозғалыстарға іріткі салу мақсатында штрейкбрехер ретінде пайдаланатын, деп тағы бір-екі қызық оқиғаны мысалға келтіреді. Нәжімеден-ақсақал зейнетке шыққаннан кейін оның беделі мен принципті мемлекеттік қайраткерлігін пайдаланбақ болған қызық оқиғалар болған.
2003 жылдың күзінде Есқалиевқа Оралда болған парламент депутаты Владислав Косарев телефон соғып, кездескісі келетінін айтты. Олар ескі достардай кездесті, Көкшетауда Косарев кәсіподақ кеңесін басқарған еді. Жергілікті басшылар ішіндегі тәжірибелі партия қызметкері Косарев Есқалиевқа өз біліктілігімен, мінез ашықтығымен ұнайтын. Міне, енді ол Есқалиевтың үйінде қонақ болып отыр, өзі көңілді, сөзқұмар ол дастархандағы асқа, құйылған беларус горилкасына, үй иесіне арнаған әсіре мақтауларын аяп қалмады. Біраздан кейін әбден ашылды. Ол алғашқы бетінде «Ленин мінберде» деген атақты сүрет басылған, барлығы тұтас қызыл түсте басылған «Правда» газетіне көз салуды ұсынды. Есқалиев газет құрылтайшысы кім екен деп қарады. Коммунистік партия. Партиялық билетінің сигналды данасын көрсеткен Косарев одан сайын таңғалдырды. Ол дәл бұрынғы Коммунистік партия билетінің көшірмесі болып шықты. Билетте тек мүшелік жарна төленгенін көрсететін беттері ғана жоқ.
Косаревтің жаңалықтары мұнымен біткен жоқ. Кезекті рюмкіден кейін Есқалиевқа жақындап отырған ол қарлығыңқы дауыспен сыбырлай бастады:
- Нәжімеден Ихсанович, біз Сізбен бұрыннан таныспыз. Мені қойшы, Сізді бүкіл республика жақсы біледі, бағалайды. Сіз қазір дипломатсыз.ТМД-дағы барлық іспен таныссыз. Дер кезінде қайтып келдіңіз. Қазір Қазақстанның бар саяси алаңдарында жаңа партиялар құрылып жатыр. Біз де, бұрынғы идеалдарына адал коммунистер, Компартияны қайта құруды ұйғардық. Тым сабырлы да тегеурінді Әбділдин басқарып отырған біздің бұрынғы партия күйреудің алдында тұр. Басшылыққа бізге тәжірибелі де беделді тұлғалар керек. Сондықтан да Сізге партияның тең төрағасы лауазымын ұсынамыз.
Бұл әңгімені әзер тыңдаған Есқалиев бар шыдамын бойға жинап оған жауап берді:
- Шынымды айтсам, бұндай сатқындықты мен қазіргі бұралқылардың кез келгенінен күтсем де, Сізден күткен жоқпын. Сіз де «екіжүзді Янусқа» айналдыңыз ба? Жақсы, уақыт сынына шыдамадыңыз, өзіңізді асырап өсірген партиядан теріс айналдыңыз, бірақ құбылмалы болмасаңыз және мына түкке тұрғысыз газетсымағыңыз бен жасанды билетіңізбен масқара болмаңыз. Біздің жеріміздің қайырымдылығы сонша, ол жерді мына Сіз секілді ұсақ адамдар да басып жүр. Ал, енді, кешіріңіз, кетіңіз бұл арадан!
Әңгіменің тосыннан өзгергеніне Косарев абыржып, сасып қалды. Бірден айықты, бірақ түсінікті ештеңе айта алмады. Қолындағы газетін мыжғылаған ол столда дірілдеп қалды. Есқалиев оған тұруға белгі берді. Орнынан тұрған ол мұрын астынан бірдеңелерді айтып, кешірім сұрады да тезірек сырт киімін алып, есікке қарай беттеді. Аздап тынышталған Есқалиев терезе алдына келді. Қала орталығына қалай шығарын білмеген оның «қонағы» әлі есік алдында жүр екен. Сыртқа шыққан Есқалиев қолын көтеріп, өтіп бара жатқан бір машинаны тоқтатып, Косаревті отырғызды да, көлік есігін жақсылап жапты. Автокөлік есігін ғана емес, Косаревпен арадағы қатынас есігін қатты, мәңгіге жапты.
Нәжімеден Есқалиев өзін басқа партияға шақырған тағы бір осындай жағдайды еске түсірді, ол партияның мақсаттары игілікті болса да, алғашқыда Есқалиев оған сенген жоқ. 2000-шы жылдардың басында Қазақстан билігіндегі жас қайраткерлер арасында бір толқу, ауытқулар анық байқалып тұрды. 2003 жылдың қыркүйегінде Минскіден шыққан Нәжімеден Есқалиев жолда Мәскеуге түнеп, келесі күні Оралға келген еді. Ертеңгі күні үйдегі телефонға қоңырау соғылды. Телефоннан Қазақстанның Ресейдегі елшісі Алтынбек Сәрсенбаевтың дауысын естіген ол таңырқап қалды. Сәрсенбаев сөзбе-сөз төмендегіні айтты: «Нәжімеден Ихсанович, Сізді біздің елшілікке кіріп шығады деп ойлап едім. Сізбен бір өте маңызды іс туралы сөйлескім келіп еді».
Есқалиев: «Алтынбек, біз Сізбен бұрын кездеспеген екенбіз. Бұл жолы да Сізді алаңдатуға ондай қажеттілік болған жоқ. Сіз менің дипломатиялық қызметтен мерзімімнен бұрын кеткенімді білетін шығарсыз. Бұл тақырыпқа қандай болса да әңгіме қозғаудың қажеті бола қояр ма екен?» -деп жауап берді. Алайда Алтынбек сөзін ары қарай жалғады: «Сізбен бұрынырақ тығыз қатынастар жасауға мүмкіндік таба алмағаныма өкініштімін, әрине. Бірақ енді рұқсат етсеңіз, телефонмен болса да бір нәрсені хабарласам ба деймін. Менің серіктестерім жаңа саяси партия құру бағытында ұйымдастыру жұмыстарын бастауға нық бекініп отыр. Қазақстанның он шақты белгілі қайраткері бұл жұмысқа қатысуға келісті, оның ішінде Сіздің туысыңыз, Ирандағы елші Төлеген Жүкеев те бар. Мен де елшілік қызметтен кетемін. Елде бізді бұдан да маңызды істер күтіп тұр. Өте маңызды кезең. Партияның әзірге шартты атауы – «Ақ жол». Менің жолдастарым Сізге партияның саяси кеңесі құрамына кіруге ұсыныс білдіреді».
Демократиялық бағыттағы болашақ партияның міндет-мақсаттары туралы айтқан ол Есқалиев кандидатурасы туралы өз негіздемесін жеткізді.
- Шынымды айтсам, мен өзімді аздап ыңғайсыз сезіндім, «Бұл не пассаж? Мүмкін бұл бопсалау болар деген сұрақтар мазалады, - деп еске алды Нәжімеден Есқалиев. – Біз үшін маңызы бөлек елде Алтынбек елшілік қызметін салыстырмалы түрде жақында бастады, Назарбаевтың жоғарылатқан кадры, жерлесі. Тіпті ол қанша дарынды болса да, мемлекет басшысының қамқорлығынсыз жас шағында биліктің жоғары эшелонында саяси және идеологиялық жұмыстың ең маңызды салаларын кім басқарады. Жобаланған партия басшылығы құрамы да күмәндандырды, тағдырға өкпесі жоқ елге белгілі тұлғалар. Ұсынылған тақырыптан сыпайы түрде айналып өту қажет болды.
Осындай күтпеген «сыйлығы» үшін Сәрсенбаевқа алғысын білдірген Есқалиев былай деді: «Есіңізде болса, кезінде мен ел басшылығында белгілі арандатушылық сипаттағы «Бай болыңдар!» ұранына ашық қарсы шыққан аздаған облыс басшыларының бірі болдым. Қазір болса, қартайдым, ендігі өмірімді балаларым мен немерелеріме, мүмкін болса саяси мемуарлар жазуға арнағым келеді. Сонда ғана қоғамға көбірек пайда келтіремін деп ойлаймын».
Өзімен қоштасқан Алтынбек Сәрсенбаевтың интонациясынан Есқалиев оның берген жауабына риза болмағанын байқады. Елдегі одан кейінгі жағдайлар Сәрсенбаевтың сол әңгімеде шынайы болғандығын көрсетті. Тез арада ірі оппозициялық қайраткерге айналған Алтынбек Сәрсенбаев 2006 жылдың ақпанында қаза болды, оны атып өлтірген еді.
Күш жиып алған оппозиция Назарбаев билігіне ашық қарсы шыққан 2000-шы жылдардың қызу тартысқа толы оқиғалары бүгінде қоғамдық өмірдің көптеген салаларында «тымық» күйге ауысқандай. Алайда мемлекеттік басқару жүйесі өзіне салынған миллиардтаған бюджеттік ақшаны ақтап отыр ма? Кеңес Одағы кезінде кадрлар КОКП монополиясында болғаны белгілі, оқу барлық деңгейде тегін болды. Қазір кадрларды тәрбиелеу, іріктеу жүйесінде анархия мен импровизация байқалады, бағыныштының біліктілі, кәсібилігі емес, оның жеке берілгендігі басты өлшем болып қалды, барлық жерде сыбайлас жемқорлық үстемдік құруда, деп алаңдайды Нәжімеден Есқалиев.
Экономикадағы, идеологиядағы бүгінгі зардаптардың себебін бәрінен іздейтін болдық, тек өзімізден іздемейміз, өзіміздің кадр таңдау мен қоюдағы зиянды, теріс жүйемізден іздемейміз. Барлық кадрлық өзгерістер бір шеңбер ішінде жүреді, ал ол жылдар өте келе тозды. Күткендегідей, «жүйе» ұлттық трагедияға айналды.
Нәжімеден Есқалиев жас кезінде «Таловка» совхозында бас агроном болып істеп жүрген өзін Орал партия обкомының бірінші хатшысы Шапет Қоспановтың қалай байқағанын айтады. Облыс бойынша сапарлары кезінде байқап, кейін назарда ұстаған Қоспанов кейін өз бастамасымен оны қызмет мансабы баспалдағымен жүргізген екен. Жұмысты орындады ма, онда келесі сатыға.
Нәжімеден Есқалиевтың ойынша, кадрларды іріктеу мен тағайындаудың кеңестік жүйесі орнына келген президенттік вертикаль Нұрсұлтан Назарбаев кезінде аталмыш кеңестік жүйені ауыстыра алмады, керісінше, қоғамдық өмірдің барлық саласында деградация, яғни кері кету басталды. Назарбаевтың адал да әділ қоғам құру, алдыңғы ұрпақтың басқару тәжірибесін сақтай отырып, жаңа менеджмент тәрбиелеуге басымдық беру туралы уәдесі орындалмады. Қазақстан тәуелсіздік алған соң қоғамда бұрын-соңды болмаған және негізінен өз халқына қарсы бағытталған эксперименттер мен жағдайлар орын алды.
- Өз тәуелсіз елімізді өзімізге құруға берілген мүмкіндікпен қанаттанған біз осындай уәде-сөздің шынайылығына сендік. Ол үшін экономикалық алғышарттар да болды. Біз өз жерінің байлығына халық өзі ие болады деп ойладық. Империялар тарағаннан кейін бұрынғыдан ештеңені қиратпай-ақ өз дамуы үшін қолда бар экономикалық және кадрлық әлеуетті табысты пайдалана білген Азия-Тынық мұхит аймағындағы жас мемлекеттердің тәжірибесі бізге таныс болатын, – деп Нәжімеден Есқалиев өз ойын түйіндеді. – Менің ойымша, президент Назарбаевпен жұмыс, бұрын партиялық жұмыстағыдай, өзара сенімге құрылуы тиіс, біз серіктес болуымыз керек деп ойладым. Президентке кейбір сөздерім немесе мемлекет мүддесіне қайшы келетін үкіметтің кейбір қадамдарына айтқан сыным ұнамай қалған кездер болды. Өз көзқарасымды қорғай отырып, кейде мемлекет басшысына қарсы болған кездерімде мен ол өзінің бұрынғы серіктестеріне еркін ойлауға мүмкіндік береді деп ойладым және оған негіз де болды.
Нәжімеден Есқалиев ірі мұнай кәсіпорындарын жеке қолға беруге, біздің аграрлы еліміздің негізі – колхоз, совхоздарды таратуға, жоқ қылуға қарсы болғанын айтады. «Болашағы жоқ» немесе шенеуніктерді ұстап қаржы үнемдеу деген сылтаумен ондаған аудандар мен ауылдық кеңестер таратылды, ал қарапайым ғана өмір сүру қажеттіліктерінен айырылған ауыл халқы сол тұрғылықты орындарын тастап, қалаға келуге мәжбүр болды. Қалада да жұмыс орындары жедел қарқынмен қысқарды. Қазақстанның тәуелсіздігі жылдарында жүздеген ауыл, өркендеп тұрған агрокешендер мен комбинаттар құрдымға кетті. Қазақстанда ауылшаруашылық өнімдерін миллиондап өндірудің қажеті жоқ, мұнаймен-ақ дәулетіміз артады, бәрін сырттан сатып алатын боламыз, ал халық қалаларда жайлы жағдайда өмір сүреді деген бағыттағы әңгімені халық жоғары деңгейдегі билік өкілдерінен талай естіді. Бірақ олай болмай шықты.
Нәжімеден Есқалиев сол кездегі бір жағдайды да еске алды. Шетелдік инвесторлармен келіссөздер кезінде мемлекет мүддесін қорғауға тырысқан ол бір кезде қорытынды құжаттарға Алматыда қол қойылғанын, ал Батыс Қазақстан облысы әкімшілігінің пікірі ескерусіз қалғанын біледі. Бөрлі ауданындағы елдегі ең ірі «Қарашығанақ» газоконденсат кен орнында бірде британдықтар, итальяндықтар иелік ете бастады, ондаған кеңесшілерін әкелді және кешенді дамыту келісіміне қатысты облыс басшылығына өз талаптарын қойды. Келісімнің көптеген баптарымен, әсіресе шарт мерзімі, жеке делдал фирмалардың қатысуы, бірлескен кәсіпорынның құрылымы, табыс пен бонустарды бөлу туралы баптармен облыс әкімшілігі келіскен жоқ.
- Ең өкініштісі, КСРО газ өндірісі министрі, менің байырғы жақсы танысым Виктор Степанович Черномырдин шетелдіктерді қолдады, шын мәнінде солар жағында болды. Мен онымен бірнеше рет сөйлестім, әңгіменің жайлы тұстары да, жайсыз тұстары да болды, әңгіме барысында мен оған облыс басшысы ретінде маған Қазақстан аймағының мүддесі бірінші орында екенін түсіндіруге тырыстым, - деп еске алды Нәжімеден Есқалиев. – Бір жерлерде Черномырдин менімен келіссе де негізінен қарсы болды, керісінше мені өз позициямды өзгертуге көндіруге әрекеттенді. Ақырында менімен келісе алмаған олар Алматыдан Қазақстан жоғары басшылығына шығатын өзге жолды тапты, біздің келісіміміз, қолымыз бен визамыз керек болмай қалды.
2010 жылы Виктор Черномырдин Қазақстан парламентінің депутаты Елена Тарасенкомен бірге Бөрлі ауданында болды. Аудан әкімі Болат Шәкімовтың оның құрметіне ұйымдастырған үстел басында ол Есқалиевтан ескі таныстары Есет Әзербаев («Қазақгаз» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті) пен Сухан Камалов («Қарашығанақгазпром» компаниясының бұрынғы бас директоры) туралы сұрап, оларға сәлем айтты, Есқалиевтың өзіне және шетелдіктерге көп кедергі жасағанын еске алды. Ол кезде Қарашығанақ кен орнында газоконденсатты алуды одан әрі дамыту жобасындағы бұл принципиальды менеджерлердің ешқайсысы да онда жұмыс істемейтін. Бұл таңғажайып кен орны әлі күнге дейін ресейлік Орынбордағы қайта өңдеу зауытына байланып тұр, кеңестік кезеңдегі кіндік әлі кесілген жоқ.
- Қоғамды әлеуметтік жанжалдарға, наразылық пен билікке сенімсіздіктің артуына әкелген мемлекет тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде азаматтар мүддесін қорғауда әділ төреші болғысы келмейтін сияқты, - деп ойын түйді Нәжімеден Есқалиев. – Табиғи көрікті орындар, саяжайлар, өзен жағалаулары мен тау шатқалдары, басқа да адам денсаулығы үшін маңызды орындар үкімет төңірегіндегі топтарға емес, халыққа тиісті болуы керек. Рейдерліктің ел қауіпсіздігіне қатер төндіріп, денсаулық, білім, ғылым салаларына да таралуы алаңдатады. Жалпы мен жеке деген өлшемдердің теңгерімі бұзылып, жекенің салмағы артып кетті.
1991 жылы өз жерінің пұшпағын қорғаудың нақты үлгісін көрсеткен қазақтар өз Отанының тәуелсіздігін, оның мемлекетқұрушы әлеуетін одан ары қарай да көздің қарашығындай сақтауға міндетті. Қазақ халқы сыртқы қатер алдында ұйымдаса алатынын, біріге алатынын бүкіл әлемге көрсетті. 1991 жылғы Орал оқиғалары қазақ халқының бойында Махамбеттің рухы әлі бар екенін көрсетті.
Ғаламдық қауіптер аясында 1991 жылғы Орал оқиғалары ұмытылумауы керек. Қоғам жаңа тарихта осындай әдейі ұмыттырылған оқиғаларды білуі қажет. Әйтпесе, сепаратизм, ұлтшылдық немесе діни экстремизм туын жамылған осындай жағдайлар Қазақстанның басқа аймақтарында да қайталануы ықтимал.
СОҢҒЫ СӨЗ ОРНЫНА
Болат Шәкімов,
Қазақстан Компартиясы Орал обкомы
бірінші хатшысының бұрынғы көмекшісі
Қадірлі оқырман, «Оралдағы текетірес. 1991 жыл» кітабында көпшілікке беймәлім Орал оқиғалары жан-жақты баяндалып отыр. Назар аударған болсаңыз, екі жақтың да көзқарастары берілген, сонымен қоса, осы ұмыттырылып жіберілген оқиғалардың толық картинасы сипатталған осындай кітапты бұрын соңды ешкім жазған жоқ. Кеңес Одағының құлауына үш ай қалғанда, Алматыдағы республикалық биліктің үнсіз жатқан кезінде Қазақ КСР территориясының бір бөлігін бөліп алуға жасаған Мәскеудің әрекетіне байланысты осы тағдырлы оқиғаның хронологиясы көз алдымыздан қайтадан өтті. Ел тәуелсіздігін қорғап қалудың бар ауыртпалығы Нәжімеден Есқалиев басқарған Орал облысы басшылығына түсті. Қазақстан территориясының тұтастығын мыңдаған қарапайым азаматтар қорғап қалды.
Орал партия обкомының бірінші хатшысы Нәжімеден Ықсанұлы Есқалиев, таласы жоқ, өз ішкі дүниетанымы бар және көптеген мәселелер бойынша Қазақстанның бірінші тұлғасының пікірінен бөлек өз ұстанымы бар ерекше тұлға болды. Оның ашық айтқан әңгімелерінен көпшілік оқырманға 1991 жылғы Орал оқиғаларының айтылмай келген сырлары белгілі болды. Осы кітапқа берген сұхбатында ол отыз жылдан астам бұрын Қазақстанның мұнай мен газға бай батыс аймағында, Оралда тұтанған саяси дағдарыстың өрбуін нақты деректерді ашып көрсетті.
Кітапта біз Есқалиевты Оралдағы қанды қақтығыстың алдын алған шараның тікелей ұйымдастырушысы мен қатысушысы ретінде көреміз. Сол тарихи оқиғалардың рөлін бағалау мен өз көзқарасын айқындау үшін оқырман көптеген бұрын белгісіз болған қызық деректерді табады. Қызметіме байланысты мен өзім де сол оқиғалардың куәсі болдым.
Мен осындай қызметке, қызу саясиланған уақытты кездейсоқ келдім.1991 жылдың басында Алматы саясаттану мен басқару институтын (бұрынғы Жоғарғы партия мектебі) бітірер кезде Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бөлім меңгерушісі Қуаныш Сұлтанов маған өз көмекшісі лауазымын ұсынды. Ол кезде көптеген мәселелер бойынша пікірлес болып жүрген Серік Әбдірахманов Алматы мэрі Заманбек Нұрқаділовтің орынбасары болып істеп жүрді, ол да өзіне шақырды, бірақ мен оқуға дейін тұрған, еңбек еткен туған ауданыма асықтым. Бірақ Тасқала ауданымда маған жұмыс орны жоқ болып шықты.
Оралға бір келген сәтте партия обкомына кіріп, Серік Әбдірахмановқа телефон соқтым, ол енді Қазақстан президенті кеңесшісі болып істеп жүрген еді. Ол маған Алматыға көшіп келуді немесе обкомның бірінші хатшысына кіруді ұсынды, оған мен туралы тапсырып қоятынын айтты.
15 минуттан кейін мен обкомның бірінші хатшысы Нәжімеден Есқалиевтың алдында отырдым. Мен кабинетке кірген бойда ол «Серікті қайдан білесің?» деп сұрады. Біздің ортақ «досымыз», КОКП ОК қызметкері, Қазақстан кураторы Николай Мищенко екенін, оның қатысымен екеумізде де үлкен қиыншылықтар болғанын айтуға тура келді. Қайта құрудың қызған кезінде совхоз парткомы хатшысы болған мен бас кеңестік газет «Правдаға» КОКП құрамында жеке РКФСР (РСФСР) Коммунистік партиясын құруды ұсынып мақала жаздым, өйткені КОКП өзімен Ресей компартиясын ауыстырып, одақтас республикалар компартиялары мәртебесін төмендетіп тұр. Ең үлкен одақтас республикада өзінің Компартиясы болмауы нонсенс.
Мақала жарияланбады, ол «Правда» редакциясынан КОКП ОК-ге, ал ол жерден бір жылдан кейін Мищенко нұсқауымен Қазақстан Компартиясының Орталық комитетіне түсті. Ол кезде мен Жоғарғы партия мектебі тыңдаушысы және партком мүшесі едім. Ректор А.С.Қалмырзаевпен бірге мен Қазақстан Компартиясы ОК хатшысына шақырылдым. Хатшы бос болмады да біз оның қабылдау бөлмесінде ұзақ отырып қалдық. ОК хатшысынан кейін мені бөлім меңгерушісі И.Романовқа кіргізді. «Сталин кезінде дәл осы идея үшін Ленинград обкомының бірінші хатшысы Кузнецов атылған еді, ал сені КОКП-ны ыдырату әрекетің үшін ең аз дегенде партия қатарынан шығу жазасы күтіп тұр», деді ол. Менің бойымда бір ыстық жалын, бір салқын діріл қақты. Партиядан шығып, қоғамдағы өз орныма деген барлық үміттен айырылып, туған ауылыма қалай барамын?
Менің ісімді партия жарғысы бойынша алдымен Жоғарғы партия мектебі партия комитеті қарау керек болатын. Олар мені партиядан шығарған жоқ, ескертумен шектелді. Елде жүріп жатқан, қарқын алған Қайта құру ықпал еткен болар.
Міне, обкомның бірінші хатшысы Есқалиев менімен әңгіме барысында түрлі бейресми ағымдар, қозғалыстарға қатысты қызығушылық білдірді. Жарты сағат әңгімеден кейін ол таңертеңге дейін бейресми қозғалыстармен жұмыс бойынша ұсыныстар дайындап әкелуге тапсырма берді. Келесі күні менің ұсыныстарыммен танысқаннан кейін Нәжімеден Есқалиев өзіне обком партиясы аппаратының басшысын шақырып, мені көмекші ретінде жұмысқа алғысы келетінін айтты. Штат бойынша бір көмекші бар, ал екіншіні болмайды деп уәж айтқан аппарат басшысы қарсы екенін білдірді. Бірақ обкомның бірінші хатшысы шешімді қабылдап қойған еді, бір сағаттан кейін мен өзімнің жаңа жұмыс кабинетімде отырдым.
Обкомның бірінші хатшысы көмекшісі қызметінің алғашқы жұмыс күндерінен бастап, мен қайнап жатқан өзгеше Оралға қайтып келгендей болдым. Күн сайын бір митингілер, казак шеңберлері немесе жаңадан шыққан демократтардың жиындары болып жатты. Мен осы жиындардың барлығына баруға, барлығы туралы басшыма баяндап отыруға міндетті болдым. Бастықта менен басқа оның ағымдағы тапсырмаларын орындайтын негізгі көмекшісі А.Дәулетжанов болды.
Сол кезде шыға келген Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комитет (ТЖМК) бүлігінің бірінші күні, 1991 жылдың 18 тамызы менің есімде ерекше сақталды. Ертеңгі 7.30-да облыс басшысының қабылдау бөлмесінде мен МҚК басқармасы бастығы А.М.Дружининді, ОІІ басқармасы бастығы В.Г.Шумовты, облыс прокурорын, әскери бөлім командирі, Орал әскери горнизонының бастығы генерал В.Ф.Рагузинді және тағы да бірнеше адамдарды көрдім. Барлығы ТЖМК-ні талқылап, оқиғаның қалай өрбитінін болжап жатты. Олардың біреуі ОІІ басқармасы бастығы В.Г.Шумовтан енді кімге бағынатынын сұрады, Мәскеуге ме, әлде жергілікті билікке ме?
- Мен облыстық кеңес төрағасы Есқалиев пен Қазақстан президенті Назарбаевқа бағынатын боламын! - деп ол дауысын көтере және анық жауап берді.
В.Г.Шумовтың жауабы жиналғандарды таң қалдырды, облыс милициясы басшысының осы жұрт күтпеген мәлімдемесі кейін жалғасын тапты. ТЖМК-ден бірнеше айдан кейін полковник Шумов тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш ішкі істер министрі болып тағайындалды.
Обкомда сол күні толқушылық басым болды. Қаладағы кейбір әскери зауыттар мен қала билігі ТЖМК-ні қолдап шықты. ТЖМК-ге қатысты ахуал лакмус қағазы сияқты обкомның кейбір қызметкерлері бетпердесін ашты. Сырт көзге тыныш та байқаусыз көрінетін кейбір бөлім меңгерушілері мен нұсқаушылары жігерленіп шыға келді, «көп ұзамай бәрі өз орнына келеді, басқа тәртіп болады» деп өзгеше сөйлей бастады. Әр кабинет пен дәліздерде пікірталас жүріп жатты, бәрі енді кімге, Мәскеуге ме, әлде Алматыға бағынамыз ба деген мәселені талқылап жатты.
Көпшілігі бұның бүлік екенін түсінді, бірақ Қазақстан басшылығы ТЖМК-ні айыптағанға дейін екі-үш күн ішінде пікірталас жалғасып жатты, кейбіреулер бір-біріне артық та сөйлеп қойды. 1991 жылы тамыздың соңында Коммунистік партия ыдырады, партия обкомы таратылды, біз Есқалиевпен бірге жұмысты одан ары жалғастырдық, ол халық депутаттары облыстық кеңесі төрағасы дәрежесінде облыстың бірінші басшысы болып қала берді.
Оралдағы саяси өмір бұрқыраған қарқынын төмендеткен жоқ, күн сайын дерлік митингілер өтіп, одақтық билік қолтықтарына су бүріккен казактар өз шеңберлеріне жиналды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты және «Возрождение» қозғалысының жетекшісі Виктор Водолазов жуықта Орал облысы территориясында казак автономиясы құрылатынын айтып жүрді, Орал партия қалалық комитетінің бұрынғы бірінші хатшысы Валерий Джунусов бастаған «Демократиялық Орал өңірі» қозғалысымен бірге жақтастарын жинап жүрді. Горбачев казактардың автономияға құқын ресми мойындады және жиналыстардың бірінде Н.Назарбаев және республиканың басқа басшылары алдында Орал облысындағы казактар мәселесіне бас хатшының назарын аударғысы келген Н. Есқалиевты дөрекі түрде ұрсып тастады.
Казак жетекшілері 1991 жылдың 15 қыркүйегінде «Орал казактарының Ресей империясына қызметінің 400 жылдығын» атап өтуді сұрады. Орал облысының басшылығы мерейтой барысында Орал казактары автономиялық облысы жариялануы мүмкін деп алаңдады, бұған нақты негіз болды. Нәжімеден Есқалиевтың басшылығымен өтетін жиналыстарда Орал облысы шекарасында танк полкі тұрғанын, казактардың сұрауымен-мыс полк Оралға кіруге дайын екенін баяндалатынын мен өзім де естідім. Бұл ақпарат қалада үрей туғызбау үшін құпия болды. Казактарға тойтарыс беру үшін Оралға қазақ қоғамдық ұйымдарының жүздеген мүшелері келді, олар негізінен Алматыдан болатын.
«Азаттықтардың» ресейлік казактармен қыркүйектегі қарсыластығы қарсаңында облыс орталығы әскери қимылдар театрына ұқсап тұрды, папахадағы, алтын погон мен эполеттері бар әскери формадағы оншақты казак генералдары, полковниктері мен есаулдары қала орталығын асықпай аралап жүрді. Оралға Ресей жоғары атаманы, Горбачевтің жерлесі Александр Мартынов келді. Қала орталығы театр алаңы сияқты еді, қызықтаушылар мен барлығына таңырқай көз тастаған кездейсоқ адамдар да көп болды. Бас алаңда «Вести» бағдарламасының журналистері репортаждарын түсіріп, сұхбаттарын алып жатты, Бүкілодақтық телевидениеден ғана көрінетін басқа да тұлғалар көзге шалынды.
Қыркүйек оқиғаларының нағыз қызған күндері біз облыс басшының аға көмекшісі Амангелді Дәулетжанов екеуміз қабылдау бөлмеде, үстелге қонып жүрдік. Нәжімеден Есқалиевтың өзі жұмыс кабинетін тастаған жоқ, «азаттықтар» мен казактар қақтығысын болдырмау үшін үздіксіз жиындар мен кездесулер өтіп жатты.
ОІІ басқармасы бастығы В.Г.Шумов облыс басшысының қауіпсіздігі үшін қасына офицерлерінің бірі, самбодан КСРО чемпионы Рамазан Нұрмашевты қойды.
Қала ортасында, «Зенит» зауыты маңында аяқастынан түсініксіз оқиғалар болып жатты. Қарсыластық шегіне жеткен кезде буырқанған көпшілік алдында облыс имамы Зейнолла мен владыка Антоний жалынды сөздерін айтып, тоқтауға, қантөгісті болдырмауға шақырды. Зауыттың Мәдениет сарайы айналасында күштік құрылымдардың шебі тұрды.
Тек ортақ күш-жігер мен қимыл арқасында әрең дегенде қақтығыстың алды алынды, «азаттықтардың» екпінімен казактардың «мерейтойлық» жиыны тоқтатылды, Ресейден келген казак қонақтары автобустармен қаладан шығарылып, пойызға отырғызылды.
1991 жылғы қыркүйектегі Орал оқиғаларының басты қорытындысы – түрлі ұлт өкілдерінен құралған оралдықтардың бірігуі, қазақтар мен жергілікті казактардың ақылға тоқтауы арқасында бейбітшіліктің сақталып қалғандығы. Бүгінде Орал өңірінде қазақтар мен казактар ғана емес, басқа да этникалық топ өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр.
Артур Нығмет
ОРАЛДАҒЫ ТЕКЕТІРЕС. 1991 ЖЫЛ, 1,2 тарау
