19 ақп, 2021 сағат 13:43

Былтыр Ұлттық банк дағдарысқа қарсы бастамаларға 2,3 трлн теңге бөлген

Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі Олжас Төлеуов 2020 жылғы ақша-кредит саясатының нәтижелері, қазіргі жағдайдағы базалық мөлшерлеменің оңтайлы деңгейі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, коронавирус пандемиясының әлемдік экономикаға тигізген әсері мен мұнай бағасының төмендеуіне алып келгенін ескерсек, 2020 – шынымен де өзгешелеу жыл болды. 

«Осыған байланысты орталық банктер экономиканың ынталандырушы күшіне айналуы керек болды. Бұл жерде Қазақстанның Ұлттық банкі де осы міндетті орындады. Сөйтіп, Ұлттық банк дағдарысқа қарсы бастамаларды жалпы сомасы 2,3 триллион теңгеге дейін қаржыландырды. Бұл былтыр Қазақстандағы дағдарысқа қарсы шараларды қаржыландыруға арналған үкімет қаражатының жартысынан көбін құрайды», - дейді Олжас Төлеуов

Сонымен бірге 2020 жылға арналған экономиканы монетизациялау немесе ауқымды ақшаның елдің номиналды ЖІӨ-ге қатынасы, біздің алдын-ала бағалауымыз бойынша, 36,8%-ды құрады. Бұл 2019 жылғы көрсеткіштен 5 пайыздық тармаққа жоғары және 2017 жылдан бастап Қазақстан экономикасын монетизациялаудың максималды деңгейі. Бұл сандар Ұлттық банктің экономиканы дағдарыс кезеңінде елдегі экономикалық белсенділіктің жедел қалпына келуі мен өсуіне қажетті өтімділіктің қажетті көлемімен қамтамасыз еткенін көрсетеді.

«Сонымен бірге Ұлттық Банк сол уақытта баға тұрақтылығын қамтамасыз етуді көздейтін басты мақсатты орындау үшін жұмыстар жүргізді. Негізгі құрал базалық мөлшерлеме болды. Өткен жылдың соңында инфляция, алдын ала күтілгендей, 4–6% дәлізден шығып, 7,5%-ды құрады. Бірақ өткен жылдың наурыз айында инфляция екі таңбалы көрсеткіш – 11%-ға дейін өседі деп болжанған болатын. Әрине, бұл болжамның негізінде коронавирус пандемиясының салдарынан валюта мен тауар нарықтарында орын алған және күтілетін шоктар ескерілді», - деді ол.

Дегенмен, уақытында қабылданған шаралардың арқасында инфляцияның төменгі көрсеткішін қол жеткіздік – экономикада оң баға сақталып, теңгемен көрсетілген активтердің инвестициялық және жинақтық тартымдылығы қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар, ол инфляцияның 4–6% дәлізден шығуына әсер еткен факторлар туралы айтты.

«Инфляцияның қалыптасуына азық-түлік құнының өсуі үлес қосқанын айтар едім. БҰҰ азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының мәліметтері бойынша, өткен жыл, тұтастай алғанда, 2014 жылдан бері қарай бүкіл әлемде азық-түлік бағасының өсуі жағынан рекордтық көрсеткіш берді. Сөйтіп, бұл жағдай барлық дерлік елде азық-түлік инфляциясының жеделдеуіне алып келді. Сонымен қатар, көп жағдайда монетарлық факторларға және ақша-кредит саясатының өтімділігіне әсер ететін Қазақстандағы инфляцияның азық-түлікке жатпайтын бөлігі былтыр жыл бойы 2015 жылдан бері қарайғы көрсеткіштен төмен мәнде қалды, шамамен 5,5%», - дейді спикер.

Инфляцияның үдеуі бүкіл аймақ үшін жалпы тенденцияға айналды. ЕАЭО елдеріндегі нақты жылдық инфляция деңгейі орталық банктердің дәліздерінен шығып, тіпті кей жерлерде көпжылдық максимумдарға жетті.Ең үлкен өсім Қырғызстанда болды – 3,1%-дан 9,7%-ға дейін немесе 6,6 п.т., ал ең азы – Қазақстанда (2,1 п.т. – 5,4%-дан 7,5%-ға) және Ресейде (1,9 п.т. – 3,0-ден 4,9%-ға дейін).

Олжас Төлеуов базалық мөлшерлемені төмендету қажеттілігі туралы айтты.

«Ұлттық банкте базалық мөлшерлеменің белгілі бір деңгейіне қатысты бастапқы сөзсіз позициясы немесе таргеті жоқ. Сондықтан Ұлттық банк «қандай жағдай болмасын және кез келген жағдайда базалық мөлшерлемені төмендетуге қарсы» деген тұжырым дұрыс емес. Қазіргі уақытта сыртқы және ішкі инфляциялық қысым күшейіп тұр, азық-түлік бағасының одан әрі өсу қаупі артты, енді, әрине, елде және әлемде коронавирус инфекциясының таралуына байланысты белгісіздік сақталады. Міне, сондықтан 9,0%-дық базалық бөлшерлеменің қазіргі деңгейі экономикадағы ақшаның құнын көрсетеді, ол инфляцияға қарсы қазіргі және болашақ тәуекелдерді теңестіреді, экономиканың қалпына келуі мен өсуінің алғышарттарын құрайды», - дейді Ұлттық банк өкілі.