26 ақп, 2026 сағат 17:31

Дариға Бадықова журналист Нұрсейіт Жылқышыбайдан сотта жеңілді


Коллаж: Ult.kz

Актриса Дариға Бадықованың журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға қарсы арыз-шағымы бойынша қозғалған сот ісінде Бадықова жеңіліс тапты, деп хабарлайды Ult.kz.

Актрисаның бұрынғы күйеуі Дархан  Мұсаев Нұрсейіт Жылқышыбайдың «Уақыт көрсетеді» YouTube-арнасына жеке өмірі және Дариға Бадықовамен арасындағы қарым-қатынас туралы айтқан. 

Алайда Дариға Бадықова сотқа жолдаған талап арызында журналистің бейнематериалын шындыққа жанаспайды деп тануды, оны желіден жоюды және жария түрде кешірім сұратуды сұраған. Сондай-ақ талапкер 1 000 000 теңге моральдық зиян, 2 500 000 теңге заңгерлік қызмет ақысы және 802 128 теңге сараптама шығындарын қоса алғанда, жалпы мөлшері 4 миллион теңгеден асатын өтемақы сұраған. 

Нұрсейіт Жылқышыбайдың адвокаты Инга Иманбай бұл істі сөз бостандығын қорғау, журналистиканы сот арқылы тұншықтыруға жол бермеу деп есептейтінін айтады.

«Бұл іс мен үшін жай ғана кезекті процесс емес. Менің бірінші мамандығым – журналистика, екінші мамандығым – заңгер. Сондықтан мен үшін міндет қана емес, ішкі заңгер ретінде сөз бостандығын қорғау – кәсіби ұстаным. Мұнда мен ешкімнің жеке өміріне араласқан жоқпын. Мен қорғаған нәрсе – журналистің кәсіби еркіндігі, пікір алуандығы және авторды өз шығармашылық өнімін өшіруге мәжбүрлеуге жол бермеу принципі», – деген.