02 нау, 2023 сағат 16:58

Дәурен Абаев жаңа қызметке тағайындалды

Фото: Akorda.kz

Дәурен Абаев ТМД Бас хатшысының орынбасары болып тағайындалады. Ақпаратты Сыртқы істер министрлігі растады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сайты.

"Дәурен Абаев ТМД Бас хатшысының орынбасары болып тағайындалады. Ол 7 наурызда Минскке барады. Ол жақта Қазақстанның қазіргі өкілі Бекетжан Жұмахановтың орнына тағайындалады", - деді СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.

Дәурен Әскербекұлы Абаев 1979 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Үйленген, екі баласы бар.

2001 жылы Дәурен Абаев әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін қызыл дипломмен бітірген. 2006 жылы Нидерландыдағы Лейден университетін тәмәмдаған. 2014 жылы Еуразиялық гуманитарлық институттың дипломын алған. Қазақ, орыс және ағылшын тілінде еркін сөйлейді.

Еңбек жолы:

2001 жылдың тамызы мен 2003 жылдың тамызы аралығында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің орталық аппаратында жұмыс істеді.

2003 жылдың мамыры мен 2007 жылдың мамыры аралығында Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы және Нидерланд Корольдігіндегі Елшіліктерінде дипломатиялық қызмет атқарды.

2007 жылдың мамыры мен 2007 жылдың желтоқсаны аралығында - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Баспасөз қызметі бөлімінің бастығы.

2007 жылдың желтоқсаны мен 2008 жылдың желтоқсаны аралығында – Қазақстан Республикасы Президенті Протоколының бас сарапшысы, консультанты.

2008 жылдың желтоқсаны мен 2009 жылдың қазаны аралығында - Қазақстан Республикасы Президенті Баспасөз хатшысының орынбасары.

2009 жылдың қазанынан - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы.

2011 жылдың қазанында Мемлекет басшысының Өкімімен Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы болып тағайындалды.

2011 жылғы шілдеден - Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі.

2016 жылғы 6 мамырдан Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрі.

2019 жылдың 25 ақпанынан бастап Қазақстан Республикасы Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасы ақпарат және қоғамдық даму министрі болып тағайындалды.

2020 жылдың 4 мамырынан – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары.

2021 жылдың 11 қаңтарынан 2023 жылдың қаңтарына дейін — Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі қызметін атқарды.