Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов вакцина алуға ниетті тұрғындардың саны күрт артқанын мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қабылданған шаралардың нәтижесінде вакцина алуға ниет білдіргендердің саны 5 есеге артты. Егер мамыр айының ортасында күніне 1000-1500 адам вакцина алса, маусым айының қазіргі күндері 7 мыңнан астам адам егілуде. Стационларларда дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтардың жеткілікті қоры қалыптастырылған», - деді әкім Үкімет отырысында.
Сондай-ақ, ол қалада сырқаттану деңгейінің өсуін вирустың «Дельта» штамының тіркелуімен байланыстырды.
«COVID-19 індетін жұқтырған адамдардың саны мамыр айында 10 мыңнан асқан болса, маусым айының басында біршама тұрақталып, 2 мың жағдайға дейін азайған болатын. Алайда маусым айының ортасынан бастап вирустың «Дельта» штамының анықталуына байланысты аурудың күрт өсуі байқалды», - деді Алтай Көлгінов.
