30 мау, 2022 сағат 12:30

Депутаттар каникулға шықты


Парламенттің бірлескен отырысы өтіп, жетінші сайланған Парламенттің екінші сессиясы ресми түрде жабылды. Депутаттар каникулға кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

30 маусымда Парламент екінші сессияның жұмысын қорытындылады. Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Парламенттің осы сессиясы барша қазақстандық қоғам үшін айрықша жауапты кезеңде өткенін атап өтті.

"Ең алдымен, біз екі жылға созылған коронавирус пандемиясын еңсеріп қана қоймай, ортақ күш-жігеріміздің арқасында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздік. Қаңтарда еліміз үлкен қатерден аман-есен шықты. Мұндай оқиға мемлекетіміздің жаңа тарихында бұрын-соңды болмаған. Соған сай, дер кезінде және жедел әрекет ету қажет болды", - деді Қошанов.

Спикер екінші сессияның заңнамалық күн тәртібі де айтарлықтай мазмұнды болғанын айтты. Мәселен, Парламент палаталарының 4 бірлескен отырысы өткізілді. Мәжілістің 42 жалпы отырысы өтіп, онда 271 мәселе қаралды. Сенаттың 42 жалпы отырысы өтіп, онда 148 мәселе қаралды.

Бұл жолғы сессия кезінде қос палатаның жұмысында 127 заң жобасы болды, оның 78-і қабылданды. Қазіргі уақытта Президент Парламент қабылдаған заңдардың 66-на қол қойып, заң күшіне енді.

"Сессия барысында заң шығарушылар әлеуметтік саланы үнемі басты назарда ұстады. Мәселен, азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі заңды қабылдадық. Нәтижесінде базалық әлеуметтік кепілдіктердің өзекті мәселелері шешілді. Соның ішінде ерекше күтімді қажет ететін адамдарды қолдау, атаулы әлеуметтік көмек және зейнетақымен қамсыздандыру қоса қарастырылған", - деді Мәжіліс төрағасы.

Депутаттардың бастамасымен 27 заң жобасы әзірленді. Олардың 19-ы қабылданды, ал 8 заң жобасы бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Депутаттар бастамашы болған бірқатар заң президенттің тапсырмаларын орындауға бағытталған.

"Біз жетінші сайланған парламенттің екінші сессиясын аяқтап отырмыз. Елімізде болып жатқан өзгерістерге әрқайсымыз өз міндетіміздей қарап, бір кісідей жұмыла кіріссек қана, шын мәніндегі Жаңа Қазақстанды құра аламыз. Алдағы жұмысымызда біз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жаңа бастамалары мен реформаларын іске асыруға жұмылуымыз керек. Кез келген сынақты бірлесіп еңсерсек, Қазақстанның әлеуеті бұдан да арта түспек", - деді Қошанов.

Мәжіліс спикері әріптестеріне, Үкімет мүшелеріне, қоғам белсенділері мен сарапшыларға, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне алғыс айтты.