31 там, 2021 сағат 13:58

Екібастұзда өрт салдарынан сорғы станциясы 270 млн теңге шығынға ұшырады


Сәтбаев атындағы су арнасындағы ірі өрт салдарынан сорғы станциясы 270 млн теңге шығынға ұшырады. №2,3,4,5 сорғы станциясының қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, ағымдағы жылдың 29 тамызында «Сәтбаев су арнасы» ШЖҚ РМК филиалының №2 сорғы станциясында өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. Сорғы Екібастұз қаласынан 35 км қашықтықта орналасқан.

- Оқиға орнына келген кезде төрт деңгейлі темір бетон сорғы ғимаратының 3-ші және 4-ші деңгейде сегіз ұяшықтан тұратын бақылау-тарату құрылғысы, ағаш есік, жалпы алаңы 150 ш. м. ағаш қабырғалардың қаптамасы, 100 қума метр оқшаулау күштік кабельдің жануы анықталды, - дейді департаментте. 

30 тамызда өрт салдарынан бірнеше агрегат істен шыққан. Материалдық шығын 270 млн теңгені құрады. Осыған байланысты ағымдағы жылдың 31 тамызында Екібастұз қаласы әкімінің төрағалығымен төтенше жағдайлар жөніндегі қалалық комиссияның кезектен тыс отырысын өткізіп, жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жариялау жоспарланған. Кейіннен қаулы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне сорғыны жөндеуге қаржы бөлу туралы жолданады. 

Сорғы станциясының басшысы В. Егердің айтуынша, жөндеу жұмыстары шамамен 10 күнге созылады, елді мекендерге қауіп төнбейді. Қазіргі уақытта Екібастұз су қоймасында 17 млн текше су, Екібастұз қаласының суды тұтынудың айлық нормасы 1,7 млн текше құрайды. Қарағанды облысы үшін де қауіп жоқ.