26 қаң, 2017 сағат 12:16

"Ел құлағы саңырау, кімге айтамын…"

Қайран сөзім қор болды…
Абай

Сөзден қадір-қасиет кетіп, ана тілінің хал-ахуалы  күйінішті  күйге түскендей жағдайға жетсек те қит етсе біз билікті неге кінәлай береміз? Шамалы уақыт жауапкершілігін сезініп, бір сәт өзімізге де үңіліп, бағыт-бағдардан ауытқымас үшін мезгіл Темірқазығына қарап, жан  дүниемізді тазалап, түзеп алсақ қайтеді? Ана тіліне  одағай ода айтудың қажеті  жоқ. Сөйтсе де обал мен сауапты кім ойлайды? Егер біз алда-жалда мәңгілік ел құруды  асыл мұрат тұтсақ, етек-жеңімізді жинап, таң асқан  алқымы іспес арғымақтай болып, құйрық-жалы сүзіліп тұрмас па? 

Әйтпесе айтудайын айтылып келеді. «Он бес жылда аюды да қазақша сөйлетуге болар еді», «Қазақ елі барда қазақ тілі де өмір сүреді. Өседі. Өркендейді. Ұлтымыздың ұлы тілі – мәңгілік». Айтылып келе жатқан бұлжымайтын қағида. Есеңгіреген кімнің болса да есін жиғызатын ескерту ережедей.
Тамаша түркітанушы, орыстардың ішіне сіңген арғы тегі неміс В.Радлов: «Қазақтардың тілі жатық та шешен өткір, көбіне іліп-қағып сұрақпен ­жауап беруге келгенде таңқаларлықтай оралымды. Қазақтардың кез келгені, тіпті сауатсыздарының өзі ана тілінде Еуропада байқап жүргеніміздей тек француздар мен орыстардың дәрежесінде сөйлейді» десе, татар оқымыстысы ­­­­А.­Садри одан қалыспайды: «Қазіргі ең таза, ең бай, ең табиғи және бұзылмай бұрынғы қалпында сақталып қалған бір тіл болса, ол қазақ тілі және қазақ әдебиеті, шын ғылым үшін біз мұны ашық айтып мойындауымыз керек».

Біз оны қайтіп қорлап жүрміз? Лауазымы жоғары бір министр қасиетті Құрани Кәрімдегі аяттарды орысша түсіндіріп, уағыздауға үндесе, енді екінші бұрынғы біреуі миын ауыстырмаса қазақша мүлде қақпайтынын мақтанышпен мәлімдеді. Сонда туған тілдің көсегесін кім көгертеді? Олардан не үміт, не қайыр? Әлгідей көзқамандардың ерсі іс-әрекетін, өресі мен өрісін көріп, естіп көзі жетіп жүргесін бе, күнгейдегі бір студент (әлі санада сәулесі бар екен) тіпті «Рухымыз уланып барады» деп дабыл қаға бастады. Жалғыз бен жарымның жанайқайы емес бұл.

Біреулердің қаңсығы таңсық болып, қазақ телеарналарында қытай, кәріс, үнді мен түріктің бітпейтін сериалдары қаптап кетті. Бұлар қаншама ұлттық болмыс-бітім, өнеге-тәрбие мен мінез-құлыққа жағымсыз әсер етіп бүлдіріп жатқаны неге толғандырмайды? (Тақырыптарына қарағанның өзінде төбе шашың тік тұрады «Махаббат машақаты», «Махаббат бекеті», «Махаббатым жүрегімде», «Махаббат дерті», «Махаббат торы», «Махаббат ордасы», «Махаббат мұңы», «Оның махаббаты», «Махаббат пен жаза», «Ұрланған тағдыр», («Ұрланған өмір»), «Тағдыр тәлкегі», «Тағдырым шешілмеген күн», «Әйелімді ауыстырамын», «Әйел бақыты», «Әйел қырық шырақты», «Әйел сыры», «Қыздар», «Қыз жолы», «Қыз ақысы», «Сәби жүрек», «Жетім жүрек», «Жүрекке жол», «Аналар», «Менің әсем анам», «Келін», «Келинка Сабина», «Сүйген жарым», «Бақытты болғым келеді» болып ащы ішектей шұбатылып кете береді. Сонша телміргенде көк жәшік қандай тар болса, оқиғалары, мазмұны, түрі мен шешімі сондай сорақы.

Жақында бұрынғы «Алатау» кинотеатрының қасынан өттім. Жүрегім шым етіп, ішім удай ашыды. Тып-типыл етіліп, орнына «жынойнақ» салыныпты. Оңтүстік астанада «Алатаудан» басқа ­«Искра», Шымкенттегі «Қазақстан», «Мир», «Шымкент», Сәкен ­Сейфуллин атындағы кинотеатр­лар және естуімше, басқа қалалардағы осыған ұқсас мәдени ошақтар өзге мақсатқа пайдаланыла бастапты. Көрермен тұшынып көретін кинофильмдер қайда кетті? Әлде ХХІ ғасыр өнердің ең маңызды саласын тосырқап, өгейсітті ме? Барған сайын менменсіп, өңмеңдеп келе жатқан отандық телеарна­лар талап пен талғамды мүлде ұмыта бастағандай. Жұртқа қандай «майшелпек» ұсынатыны бағдарламалардың бет-бейнесін айқындайды. Кітап пен кино таратуды ұмыт қалдырып, оған онша мән бермей, қай ұшпаққа шықпақпыз?

Беделді басылымдардың бірі балуанды дабыралатып сөйлеткізді: «Күш-қуатым тайғанша күресемін». Былай қарағанда сөкеттік пен сәйкессіздік жоқ сықылды, алайда қазақша сөз сіңімділігін көздесек, бастан бақ тайды, күш-қуат кеміп, сарқыла, азая бастады демей ме? Табан астында кірпияздық танытып, тырнақ, астынан кір іздеп отырмағанымыз Аллаға аян. Артылған азаматтық жауапкершілікті сезініп, әр сөзді хас шебер кірпіш қалағандай етіп қолданып, тілдің бағын байламай жазу кімге болса мәртебе емес пе? Күтпеген жерден хикметке кездесіп қаның қайнайды. Халықтың сүйікті әншісі С.Жанпейісова өткенде бір сұхбатында (ұмытпасам, 29 қараша күні) қайта-қайта шемішке деп айта берді. Жаны ашып, ол неге тіл тазалығын сақтамайды. Бұл сөздің түбірі орыстың семена, семя, семечка сөзі емес пе? Асқабақты қауын, қауынды дынка дегеннің кері. Пістені, ең болмаса, шекілдеуік десе біреудің бір нәрсесі кете ме? «Мұрты мұқалу»,«шымбайға тимеу» тіркестері де онша қазақша сайрап тұрған жоқ. Орталық мешіттің жанында кіре берісте бадырайтып «мұсылман заттар дүкені» деп жазып қойғаны ешкімді ойландырмағаны ма? Заттардың мұсылман, кәпірі бола ма? Жөні мұсылман тұтынатын заттар сатылатын жер емес пе? Түркісіб ауданындағы №115 мектептің қаршадай оқушысы З.Мұхаметханов тынымсыз жүріп жатқан мылтықсыз майданда бұғып қалмай, тіл тағдырына жүрегі ауыратынын боямасыз айтады: «…ұл­­­­­ты ­басқа Асылы Осман апамыз: «Қазақ кезінде артта қалғандарды алға жетелеп, жалаңаштарын киіндірді, аштарын тойындырды. Енді бүгін біз сол қазақ тілінің дамуына баршамыз бірдей үн қосып, неге жұмыла кіріс­пейміз. Қазақтың нанын жеген тілін де үйренсін» демеп пе еді? Сөйте отырып, 2015 жылы бәзбір зерттеулерге сенсек, Қазақстанда қырық төрт мыңдай кісі мемлекеттік тілді үйрену үстінде деп алдарқатудың жөн-жосығы бар ма?»

Ауызды құр шөппен сүрте бермейік десек, марқұм Герольд Бельгер де ұлттың қарым-қатынас құралының мәртебесі үшін оқжылан арбаған бозторғайдай шырылдап өткен жоқ па? Оны тәнті етіп, жылқыға байланысты жүздеген төл сөзді айналымға түсірген ғалым Ахмет Тоқтабай, жарты мыңға тарта гүл мен оның сұлу да нәзік әлемін білетін ақын Оразақын Асқар, қазақ сөзінің нұрлы қайнарындай марқұм ақсақал Жағда Бабалықұлының тәжірибелері мен ұлан-ғайыр тілтанымдағы көл-көсір рухани қазына байлығын кәдеге жаратып, іс жүзіне асыра алдық па? Бұл тұрғыда көтеретін маңызды мәселелер мен істелетін шаруалар шашетектен.

Күлеміз бе, жылаймыз ба? Қазақия­ның қай түкпірінде де мемлекеттік және жекеменшік университет пен академиялар көбейді. Одан білім деңгейі күрт өсіп немесе өшіп кетті ме? Әйтпесе неге жаппай білімсіздік етек алып барады. Жаңсақтықпен біреудің айтқанын басқаға тели салу жиілей бастады. Г.Н.Потаниннің «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай» дегенін А.В.Затаевичке, Ш.Мұртазаның: «Қазақтың рухани дүниесінде екі Шолақ бар. Олар: ­Балуан шолақ және Қуандық Шолағын» Ә. Кекілбайұлына жапсырады. Бұл шарасыздық па, жоқ әдейі шатастыру ма? Абай неге ездердің енжарлығына күйініп, «Қайран сөзім қор болды» деп зарлады? Оның алдында да уәж айтып, аталы сөзге тоқтайтын кездің өзінде Дулат күңіренген жоқ па еді: «Ел құлағы саңырау, кімге айтамын…»

Санадан мүлде сызып тастау үшін бір сәтте ІІ Екатерина өз пәрменімен қырымды Таврида, Текені Уральск, Жайықты Урал деп өзгерткен жоқ па? Уақыт басқа болғанымен тым жалтақпыз-ау.

Қанша қақсағанға қарамай (ақырын берсін!) ерсі қылығына қымсынып, қоғамдық орындар мен көліктерде, білім ордалары мен мәдени ошақтарда Ана тілін ту етіп, оның айбынын асырып, абыройын асқақтатудың орнына орқаздар (қойыртпақ аралас­тырып орыс-қазақша сөйлейтіндер) мейлінше көбейді. Тәрбиенің түрі, бұны ескертсең өзіңе тап-тап беріп одыраңдайды. ­Намыс найзағайы қайда? Есіткен құлақ болып, тиісті қорытынды шығара білсе, бұл орайда 31 телеарнаның «Информбюрасы» өз жұмысын тура жолға қою керек болып тұр.

Тіл үшін мәңгі майдан, қиянкескі қиын күрес жүріп жатыр. Ол ешқашан бәсеңдемейді. Тәуелсіздігімізге ­ширек ғасыр толды. Біз сынағанда немқұрайлық пен оралымсыздықты айтқымыз келеді. Әйтпесе, ұзында өшіміз, қысқада кегіміз жоқ.Саясатта сырғыта бермей, пәрменді іс-шаралар жасалса қағанағымыз қарқ, сағанағымыз сарқ болмай ма?!

Жақында бұрынғы «Алатау» кинотеатрының қасынан өттім. Жүрегім шым етіп, ішім удай ашыды. Тып-типыл етіліп, орнына «жынойнақ» салыныпты. Оңтүстік астанада «Алатаудан» басқа ­«Искра», Шымкенттегі «Қазақстан», «Мир», «Шымкент», Сәкен ­Сейфуллин атындағы кинотеатр­лар және естуімше, басқа қалалардағы осыған ұқсас мәдени ошақтар өзге мақсатқа пайдаланыла бастапты. Көрермен тұшынып көретін кинофильмдер қайда кетті? Әлде ХХІ ғасыр өнердің ең маңызды саласын тосырқап, өгейсітті ме? Барған сайын менменсіп, өңмеңдеп келе жатқан отандық телеарна­лар талап пен талғамды мүлде ұмыта бастағандай. Жұртқа қандай «майшелпек» ұсынатыны бағдарламалардың бет-бейнесін айқындайды. Кітап пен кино таратуды ұмыт қалдырып, оған онша мән бермей, қай ұшпаққа шықпақпыз?

Аян-Сейітхан НЫСАНАЛИН, 
ақын, «Құрмет» орденінің 
иегері, Қазақстанның 
Құрметті журналисі

"Ана тілі" газеті