Фото: Pinterest
Ult.kz-те жиһанкез журналист Динара Болаттың өзге пайымы.
Қыс келді. Солтүстікте орналасқан Скандинавия, Канада, Ресей секілді біздің халықтың көп бөлігінде де күздің соңы мен қыстың басында басталып, көктемге дейін созылатын маусымдық немесе қысқы депрессияға ұшырау қаупі бар. Бұл күйзелістің Seasonal Affective Disorder деп аталатын ғылыми атауы бар.
Күн көзі әлсіреп, яғни ағзада мелатонин азайып, биологиялық сағат, тәуліктегі жарық уақыты қысқаруына байланысты адамда психикалық өзгерістер басталуы мүмкін. Әдетте қысқы депрессия кезінде адамның көңіл күйі түсіп, ағза жиі демалғысы кеп, әдеттегі белсенділігі төмендеп, шаршау сезімі белең алады. Көп адамның көктем, жаз кезіндегі өмірсүйгіштігі, қызығушылықтары бәсеңсіп, бойын ауыр сезімдер билей бастайды.
"Әр сырқаттың өз емі бар" демекші, ниет болса бұл жағдайдың да алдын алуға болады.
Дәрумендерді толықтыру
Алдымен С және Д дәруменімен қысқа қамданған абзал. Дәл осы дәрумендер қыс кезінде жеткіліксіз болып, иммунитет әлсірейді, көңіл күй түседі.
Күн сәулесіне шығу
Иә, қыс кезінде күн көзі аз. Дегенмен күн шықсын, шықпасын күн сайын таза ауада сыртта 30-60 минут серуендеген абзал.
Фото: Pinterest
Айналаңа зер салу, сұлулық көру
Жылы, ыңғайлы киініп, қар жауғанын бақылау. Ағашқа қонған шықтардың сұлулығына сүйсіну. Аула, көшедегі қарапайым қысқы тірлікті тамашалау жанға жайлылық сыйлайды.
Жеке немесе отбасымен жайлы уақыт өткізу
Үйде бір өзіңізге немес отбасы мүшелерімен қысқы сусындар дайындап, бірге тәттілер пісіруге болады. Қыста кішкентай балаларға какао, өзіңізге зімбір, корица, апельсин қосылған шай демдеуге де таптырмас уақыт.
Жылы жамылғы мен денеге жағымды жылы пижама, шұлық киіп, пісірген тәттілерді ортаға алып, жайлы фильмдер көрген әдемі әсер береді.
Пайым
Осылайша суық қысты да жылы ету мүмкін. Сыртта күннің суық болуы керісінше адамдар өзара бірігуі, ешқайда асықпай баяулауы мен жүректердің жылынуына жағдай жасайтындай. Иә, қыс мезгілі жыл сайын қайталанатын кезең. Алайда ешқандай маусым дәл сол күйімен қайталанбайды. Сол себепті осы жылдың қысын өзіміз көркемдеп, әдемі естеліктер жинауға асығайық.
