30 шіл, 2019 сағат 12:38

Елдос Сметов Ақтауда шеберлік сабағын өткізді

Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері және 2015 жылғы әлем чемпионы Елдос Сметов Ақтауда «Әділ дзюдо» клубының дзюдошыларына шеберлік сабағын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жастар чемпионның әрбір қимыл-қозғалысын мұқият бақылап, айтқан ақыл-кеңестерін тыңдады. Елдос Сметов татамиде жас спортшылармен қатар тұрып өзінің әдіс тәсілдерін көрсетті. Тіпті олармен жеке-жеке белдесіп, жастарға сенімділік сыйлап, ынталандырды.


Сондай-ақ, әлемге белгілі спорт шебері жастармен сұхбаттасып, олардың қойған сұрақтарына жауап берді.

«Қазіргі таңда күресті қоймай жатып, жастармен татамиде кездесулер өткізу – оларға үлкен мотивация деп айта аламын. Сондықтан әр аймаққа барғанда аудандарды аралап, спорт сүйер жастарға шеберлік сабағын үйретемін. Менің тәжірибем мол. Өзім ғана білмей, өзгелерге де үйретуім керек. Жалпы, Ақтауға демалуға келдім», - дейді дзюдодан әлем чемпионы Елдос Сметов.