05 там, 2019 сағат 07:49

Электронды денсаулық төлқұжаты іске қосылды


Елімізде пилоттық режимде тұрғындардың электронды денсаулық төлқұжаты іске қосылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлім етті.

Осылайша, көптен күткен цифрлық сервистің бета-нұсқасы «Электронды үкімет» порталында жұмыс істей бастады.   

«Кез келген қазақстандық порталға кіріп, өзінің медициналық жазбаларын көре алады. Яғни, азамат қандай медициналық мекемеден қызмет алғанын, сондай-ақ осыған дейін алған тегін медициналық көмегінің көлемі мен  жазылған рецептін біле алады», – деп атап өтті Е.Біртанов.

Оның айтуынша, көп жылдан бері дәрілерді есепке алу, емханалардағы іс жүргізу процесін қағазсыз жүйеге көшіру бойынша әртүрлі ақпараттық жүйелер дамытылған.

«Бұрын деректердің барлығы әртүрлі ақпараттық жүйеде жинақталатын еді. Біздің міндетіміз әр азамат осы жазбаларды өздері көріп, басқарып және оларға қол жеткізе алатындығына көз жеткізу болатын. Ең бастысы, болып жатқан оқиғаның шынайы көрінісін көре аламыз», – дейді ол.

ҚР Денсаулық сақтау министрінің сөзінше, жаңа жылдан бастап электронды денсаулық паспорты онлайн режимде жаңартылып отырады. Ең алдымен, бұл ел медицинасының ашықтығы мен мемлекет шығындарының жариялылығын қамтамасыз ететін болады. Жоспарға сәйкес, жақында ата-аналарға балаларының медициналық мәліметтері қолжетімді болады.

Айта кетсек, egov.kz порталы арқылы мынадай қызметтерді алуға болады: учаскелік дәрігердің аты-жөнін; аурудың атауын (нозология); медициналық мекеменің атауын; дәрілік препараттың атауын; рецептінің жазылған күні мен оны берген дәріхананың атауын; ауруханаға жатқызу кодын; диагнозды; жоспарлы госпитализацияға жіберген ұйымның атын; госпитализацияға қайда жіберілгенін; хаттама нөмірін; аурудың атын және кодын; диспансерлік есепке тұру күнін және т.б.