Нұр-Сұлтан қаласының Бас имамы Ерболат Жүсіпов Рамазан айында мешітке келудің тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Нұр-Сұлтан қаласы «қызыл» аймақта болғандықтан, осыған қатысты ережелерді айтып кетейін. Бес уақыт намаз тек жекелеген түрде оқылады. Яғни, жамағатпен намаз оқылмайды. Мешіттің есіктері ашық. Әрбір мешітке келуші жеке құлшылық ете алады. Қасындағы адаммен ара қашықтық міндетті түрде 2 метр болуы керек. Бұған біз жіті мән беруіміз керек. Намаз оқитын залдарда имамдар, намазға келуші адамдардың бәрі міндетті түрде маска тағуы қажет. Маска тағу бізде күн тәртібінен қалмайтын мәселе қазір», - деді имам.
Ол, сондай-ақ ауызашар қоржындарын тарату ісі әкімдікпен бірлесіп ұйымдастырылатынын мәлім етті.
«Ораза ұстаған адамдарға мүмкіндігінше ауызашар қоржынын ұйымдастырып беруіміз керек. ҚМДБ-нің осындай нұсқауы бар. Біз бұл істе әкімдікпен бірге қаламыздағы еріктілер мен мешіт жамағатын тарта отырып, арнайы ауызашар қорапшаларын жеткізетін боламыз.
Намаз оқып болғаннан кейін біз келушілерге мешіттен тезірек шығуға өтініш жасаймыз. Жасы үлкен қариялардың, жас балалардың мешітте емес, үйде құлшылық жасауына кеңес береміз. Бір ескертетін жағдай, Тарауық намаз жамағатпен оқылмайды», - деді астананың бас имамы.
