
Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат Бейсенова эпидемиялық ахуалдың нашарлауына байланысты елорда тұрғындарына үндеу жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Құрметті елорда қонақтары мен тұрғындары! Қазір коронавирустың таралуына байланысты карантин шараларының күшейтілуіне қарамастан, кей тұрғындар қауіпсіздік шараларын сақтамай, адам өміріне қауіп төнген жағдайлар жиілеп кетті. Сондықтан сізден карантин шараларын сақтауды сұраймыз. Бетперде тағып, қолыңызды мұқият жуу керек. Санитайзерді өзіңізбен бірге алып жүріңіз, онымен қолыңызды үнемі залалсыздандыру керек. Мейлінше адам көп жиналатын жерлерге бармаңыздар. Сондай-ақ, түрлі мерекелер өткізуді де тоқтата тұру керек. Өзіңізге және жақындарыңызға қорғаныш болыңыз», - деді С. Бейсенова елорда әкімдігінде өткен онлайн брифингіде.
Бұған дейін Сархат Бейсенова елордадағы КВИ жұқтыру статистикасын жариялаған еді. Елордада коронавирус жұқтырғандар күніне 150-ден 280-ге дейін тіркеледі.
Айта кетейік, елордада қашықтан оқитындар арасында КВИ жұқтыру жағдайы көбейген.
Оқу жылының басынан 25-ші наурызға дейінгі CОVІD-19 жағдайы бойынша оқушылар арасында 1590 жағдай тіркелді. Оның ішінде оффлайн режимде оқушылар арасында 30,6% (1103 жағдай), қашықтан оқитындар арасында – 69,4%. Оқу жылының басынан бері Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 92 мектеп карантинге жабылған.
