05 қыр, 2019 сағат 14:43

Елорданың құрылыс компаниялары заң талаптарын ескермейді – Біржан Нұрымбетов

Нұр-Сұлтан қаласының екі құрылыс компаниясындағы жалақы бойынша берешек 265 миллион теңгені құрайды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Негізгі проблема - жалақының уақтылы төленбеуі. Қазіргі уақытта республиканың жұмыс істеп тұрған 39 кәсіпорнында жалақы бойынша мерзімі өткен берешек сомасы 1,8 мың жұмыскерге 683 миллион теңгені құрайды. Елордада заң талаптарын ескермейтін және 2 айдан астам уақыт жұмысшыларына жалақы төлемейтін кәсіпорын басшылары да кездеседі. Бұл, ең алдымен, «Шар-Құрылыс» және «ДжиЭлБи» ЖШС, жалпы қарызы 265 млн. теңге», – деді Біржан Нұрымбетов елорданың жекелеген кәсіпорындарындағы еңбек қатынастарының проблемалық мәселелеріне арналған кеңес барысында.

Сонымен қатар, оның айтуынша, жалақыны ұзақ уақытқа кешіктіру фактілері «Мостостроительный отряд – 25 им. Рязанова» ЖШС-да көптеген жанжалдың себебі болып отыр. Бүгінгі таңда республикадағы бұл компанияның жалпы берешегі 30 миллион теңгеден асады. Оның 5 миллион теңгесі Нұр-Сұлтан қаласында әлі төленбеген. Ал жұмыскерлер осы жылдың қыркүйегінде тағы да наразылық митингісін ұйымдастырды.

«Келесі проблемалық мәселе – банкротқа ұшыраған кәсіпорындардағы жалақы бойынша берешек. Республика бойынша 86 кәсіпорында 2,3 мың жұмыскердің алдындағы қарыз 983 миллион теңгені құрайды. Оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласындағы 4 банкроттық кәсіпорынның 9,4 млн теңге берешегі бар», – деді министр.

Біржан Нұрымбетов қоғамдағы әлеуметтік шиеленістің алдын алуға да назар аударды.

«Жыл басынан бері республикада еңбек жанжалдарының 3 фактісі тіркелді. «Абу-Даби Плаза» құрылыс кешені құрылыстағы қазақстандық және шетелдік жұмысшылардың арасындағы үнемі туындаған қақтығыстардың тұрақты шиеленіс көзі болып отыр. Тек осы жылдың өзінде аталған мекемеде 4 жанжал орын алған. Бірақ олар тұрмыстық және ұлтаралық сипатта болды. Олардың себебі жергілікті және шетелдік қызметкерлердің еңбек жағдайының әртүрлі болуында», – деді министр.

Сондай-ақ, ол ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Бас прокуратурамен бірлесіп шетелдік жұмыс күшін тартатын 63 кәсіпорында (тексеру жүргізуге) бастамашылық еткенін атап өтті. 38 кәсіпорында тексеру аяқталды, оның ішінде 19-да еңбекақы төлеудегі сәйкессіздіктің 161 фактісі анықталды.

«Тексеру нәтижелері көрсеткендей, Нұр Сұлтан қаласында Arabtec CCL филиалында жергілікті және шетелдік жұмыскерлерді тамақтандыру кезінде теңсіз жағдайлар фактілері анықталды. Жатақханада тұратын шетелдік жұмыскерлерге күніне 3 рет ас беріледі, оның құны 2-ден 3 мың теңгеге дейін, ал жергілікті қызметкерлер бөлек тамақтанады. Оларға тек 800 теңге мөлшерінде өтемақылық төлем беріледі. Сонымен қатар, жұмыс берушілердің берілген рұқсатқа сәйкес келмейтін лауазымдарға шетелдік жұмыскерлерді тарту фактілері, сондай-ақ қазақстандық кадрларды қамту талаптарының сақталмау фактілері анықталды. Тексеру нәтижелері бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары тарапынан нұсқама берілді», – деді Б.Нұрымбетов.

Министр шетелдік жұмыс күшіне байланысты бұзушылықтардың тұрақты анықталуына байланысты ҚР Еңбек министрлігі квоталарды қысқарту бойынша шаралар қабылдап, шетелдік мамандарды тартуға рұқсат беру ережесін күшейтуді жоспарлап отырғанын атап өтті.