Фото: polisia.kz
Шымкентте оқушыны алдаған алаяқ ұсталды, - деп хабарлайды Ult.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Полиция департаментінің киберпол қызметкерлері "Anti-fraud" іс-шарасы аясында интернет-алаяқтық жасаған ер адамды ұстады.
"Ол "Free Fire" мобильді ойынының жетілдірілген аккаунтын сатамын деп өзгенің 2 миллион теңгеден астам қаражатын иемденген. 6-сынып оқушысы ұсынысқа қызығып, күдіктінің нұсқауы бойынша анасының банк картасын суретке түсіріп, карта деректері мен аударым жасауға арналған кодты жолдаған. Шотында ақшаның жоғалғанын байқаған анасы полицияға жүгінді", - делінген хабарламада.
Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті анықталып, ұсталды.
Полиция ата-аналарға балаларына интернеттегі қауіпсіздік ережелері туралы жиі ескертіп отыруға кеңес береді. Бөгде адамдарға банк деректерін ешқашан хабарламау керектігін әрдайым еске салып жүрген абзал.