04 там, 2016 сағат 09:07

Ғаббас Қабышұлы. Атақ сатамын! Атақ...

Бүгiнде бiздiң Қазақстан – бизнес-республика. Бизнес де­генiмiз – сартылдаған сауда. Ухит-сухитпен уысыңа түскендi бересiң де аласың, қосасың да бөлесiң. Ненi не қылсаң да, ол сенiң қолыңнан басқаларға қымбаттап кетiп, басқалардан саған арзандап қайтып келуi керек. Екi арадағы делдал ақша – дедектеген бизнес. Мұны қалай түсiнгi­лерiң келсе, солай түсiнiңдер, ал менiң көзiмнiң әбден жеткенi – ақшаның “ар-абыройының” аспандағаны! Қа­зiрде домаланған Жер жарықтықты аңызда айтылатын Көк Өгiз мүйiзiмен тiрей көтерiп тұрған жоқ, ол қат-қабат төселген Ақша-төсекте жатыр, яғни тағдыры – Ақшаның қолында.
Иә, бүгiнде бiздiң Қазақстан – түймеден тауға дейiнгiсiнiң бәрiн сататын республика. Ұжымшар мен кеңшар, зауыт пен фабрик, көл мен өзен, алтын мен темiр, ағаш пен көмiр, мейманхана мен жатақхана, наубайхана мен асхана, мектеп пен балабақша... Бұ­лардың бизнес базарына шығарылғанына да 20 жылдан асып барады. Айтпақшы, бiздiң билiк былтырдан берi институт-универси­тет­тердi, академияларды (Бас академияның саудасы бiткелi қашан!) ақшалай... тойст, саудалай бастады...
Әлi күнге естерiңiзде шығар, сонау 2000 жылы Жер мәселесi Парламент мәжiлiсiнiң опақ-сопақ отырысының күн тәртiбiне кiргi­зiлгенде, онда тiзiлiп отырған “көзiр тұздар” мен “көзөл корольдер”: “Жер – бiздiң Анамыз! Жердi сатқаның – Анаңды сатқаның! Кәнеки, Жер-Ананы сатып байқаңдар, атаңа нәлет ит... немелер!” –деп бiр күн айқайласып, ию-қию болысып, ерте­ңiнде “Жер жалға да берiлсiн, сатылсын да!” деп бiрауыздан қаулы қабылдағалы, мiне, 15 жыл. Бiрақ ол қаулының бiр жерiнде әлде жыртық, әлде тыртық болса керек, биыл жыл басында Жердi сату, жалға беру жайында “тың” қаулы шығып, онда әлгi жыртық жамалмай, тыртық жазылмай, керiсiнше ұлғайтылып жiберiп, Атырау – Семей аралығындағы қалың жұрт ол заңсымаққа қасқайып қарсы тұрып, билiк бұға қалып, президент Н.Назарбаев мораторийiн ала жүгiрдi. (Бiздiң билiкте халыққа қажетсiз қаулыны халықсыз шығара салатын, ал халық ренжи бастағанда түлкiқұйрық бола салатын “дәс­түр” бар. Оны бәрiмiз бiлемiз!).
Бүгiнде бiздiң Қазақстанда сатылмайтын бiр ғана нәрсе қалғанын бiлдiм: ол – өкпемiзге тәулiк бойы кiрiп-шығып тұратын ауа! Таза ма, лас па, мәселе онысында емес, мәселе оның кiрсе шықпай, шықса кiрмей қоятын қырсығы жоқтығында. Уай, сол қасиетiмен ол да көп ұзамай бизнестiң мүл­кiне айналар-ау! Менiң ойлап бiлуiмше: бизнесшiлер оны сорттап салып, өлшеп сататын арнаулы ыдысты жасайтын хас шебердi таба алмай әуре-сарсаң бола бас­тапты. Үлгi-өнеге атаулыны шетелдерден iздеп, олардың қаңсығын таңсық етiп алуға ше­бер­лен­дiк қой, сол ғадетпен бiздiң “iскер­лер” Қытайға топ-топ болып шапқылап барып, онда таза ауа­ны дорбалап сататын тә­сiл табылғанын кө­рiп келiп, өзде­рi де солай iс­те­мекшi екен дегендi естi­дiм. Ал мен оларша аспанға өрмелемей-ақ, саны аз болса да сапасы мировой, өте қарапайым, өте тиiмдi жап-жаңа бизнес бұйымын таптым. Вот, сол бұйымды мен ешқайда бармай, ешкiмнен сұрамай, Қытай мен Ресейге жалтақтамай, өз үйiмде отырып, өзiм ойлап таптым! Оным – АТАҚ!
Адамның адам болғаны атақты ойлап тапқан күнiнен басталған ғой, солай емес пе? Дәл солай! Ал мен жап-жаңа атақ шығарған жоқпын, бiрақ, қазекемше айтқанда, атақты “алтынмен аптап, күмiспен күптеп” саудалайтын жап-жаңа бизнес ойлап таптым. Нендей атақ сататынымды осы ай туа Бас Бизнес Орталығына тiзiп жазып апарып, мәңгiлiкке заңдастырып та алдым.
Сонымен, менiң су жаңа биз­несiмде сататын атақтарым: “Данышпан”, “Дана”, “Ғұлама”, “Кемеңгер”, “Көреген”, “Әу­лие”, “Әлем адамы”, “Аса көр­нектi”, “Ерен атақты”, “Қайталанбас тұлға”... Әзiрше осылар. Ал бұлар ып-ыстық күйiнде дереу өтiп кете бастаса, онда ано-о-оу жылдары сатылып бiткен: “Мыңжылдықтың адамы”, “Жүзжылдықтың адамы”, “Ғасыр ғұламасы”, “Алтын адам”, тағы да не бар едi, солардың үлгiлерiн iз­деттiрiп, тауып алып, қайтадан жаңаша жасатып, әдетiмiзше бағасын екi есе өсiрiп, Астана мен Алматының бас алаңдарына шығарамын. Өйткенi атақ iздеген­дердiң көбi сол маңда.
Өзiм Әдебиет ауылының тұрғыны болғандықтан, әуелгi сатар атағым – “ұлы”. Соңғы жылдары Жазушылар одағымызда көзi тiрi ақын-жазушының мерейтойы болса, марқұм ақын-жазушының мүшелтойы болса, оған себепкер адамды, яки мерейтой мен мү­шелтой иелерiн,той мен астың баяндамашылары бастап, жарыса сөйлеушiлер қостап, шетiнен “ұлы ақын”, “ұлы жазушы”, “ұлы драматург”, “ұлы сыншы”, “ұлы аудармашы”... десiп, тiрiсiнiң өзiн, марқұмының аруағын Айға бiр-ақ шығаратын болдық. Күнге де шығарар едiк, бiрақ... баяғыдағы “кө­сем­дерiмiздiң” бiрi – мұртқасты           Л.И.Брежнев жолдас: “Америка Айға адам қондырды, ендi бiз олардан озып, Күнге қондыруымыз керек!” дегенде Ғарыш орталығының басшысы: “Күннiң қызуына төтеп бере алмаймыз ғой...” дептi. Сонда Леонид Ильич оған мұртқасын секiрте қарап: “Ештеңе етпейдi! Түнде ұшырыңдар!” деген екен. Сол сияқты...
Сонымен, саудамызды бастайық.
Мен “ұлы” деген атақтың бағасы... та-а-ак... оны... жо-жоқ, тоқта, тоқтай қал! Бұл атақты Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Бай­тұрсынов ағаларымыз сол кезде-ақ: “Қазақтың бас ақыны”, “Қазақтың ұлы ақыны” деп Құнанбайұлы Абайға еншiлеген екен, ендеше, екеуiнiң аруағынан аттаудан, Абай атамыздың дәрежесiн базарлатудан бiздi Құдай сақтасын! Және айтарым, егер мен бiрдеңе бiлсем, Абайдан кейiн де қазақта Абайдың деңгейiне жете алған ақын жоқ! Жүз жасаған жырауымыз Жамбыл атамыздың өзi: “Мынау тұрған Абайдың суретi ме, ұқсаған өлең сөздiң құдiретiне?!” демедi ме? Дедi! Олай болса, Алла ерекше жаратқан Абайымыздың “ұлы ақын” атағын саудаламайық, онымыз күнә болады! Ал Абекеңнiң iзiне iлескен үлкен-кiшi ақындарымызға: “классик ақын”, “көр­нектi ақын”, “аса көрнектi ақын”, “талантты ақын”, “аса талантты ақын”, “белгiлi ақын”, “аса белгiлi ақын”... деп айдар тақсақ, иншалла, лайықты болмақ. Жазушыларға да, драматургтарға да.
 Айтпақшы, соңғы жылдары бiздiң андай-мұндай айдары бар қайсыбiр қаламұстағыштарымыз: “Егер Абай бүгiн тiрi болса, кiтабын шығара алмай жүрер едi”; “Егер Абай бүгiн арамызда болса, гәзет-журналдарға өлеңдерiн өткiзе алмай сенделер едi”; “Егер Абай бүгiн тiрi жүрсе Жазушылар одағына мүше болудың кезегiнде тұрар едi”... деп жазып жүр. Шiр­кiн-ай, солардың базданған бастарын түп-түгел қосып, “Сандалбайлардың сасықсөз одағын” құрып берер ме едi, жатсын шiрiп!
Жә, бизнесiме оралайын.
Бизнесiмнiң басы – “дана”. Жо-жоқ, “данышпан”. Бұл екеуi ағайынды атақ болса да, екiншiсi­нiң бiрiншi тұруға құқы бар: 4 әрпi артық, оның нарқы – 1.000.000 доллар да, “дана” – 900.000 доллар. Иә, доллармен бағалауым керек. “Нұр Отан” партиясының соңғы сиязында партия басшысы Н.Назарбаев мырза: “Долларды ұмытыңдар!” десе де, АҚШ аман-есенде, оның 1 доллары бiздiң 400 теңгенi көздеп тұрғанда, оны қалай ұмытпақпын?!
Келесi атақ – “әулие”. Яғни оны бiрiншi етiп... иә, ол қымбат... иә, дiни сипаты бар... әй, бiрақ оның 1.000.000 долларға өтпеуi мүмкiн, себебi: сөйлер сөзге келгенде алдында ешкiм жоқтай болып жүрген Мырзатай Жолдасбеков “әулиенi” тегiн таратқалы қашан! Сенатор жазушы Әбiш Кекiлбайдың жасы 70-ке толғанда (бүгiнде марқұм, топырағы торқа болсын!), сол Мырзатай Жолдасбеков құлшына құттықтап сөйлеп, Маңғыстаудың әулиелерiн санап шығып, Әбiштi сол бабаларының тiзiмiне тiркеп, “әулие” атағын берген-дi. Iле-шала “Әулие” деп етектей етiп мақала да жазған. Айтпақшы, осы Мырзатай “Нұр­ Отан” партиясының кезектi сиязында Н.Назарбаев мырзаға “кемеңгер” атағын тарту еттi. Оу, оның пре­зидентке “данышпан”, “дана”, “батыр” атақтарын бұдан он шақты жыл бұ­рын бергенi де есiме ендi түсiп отыр. Оның ол атақтарды қайдан, кiмнен, қаншаға алғанын ешкiм бiлмейдi. Демек, менiң әлемде жоқ деп отырған бизнесiм Астанада бар болып шықты-ау, ә... Базар билеген заман-ай...
Оңаша ойымнан туындаған қымбат әңгiмем арзандауға айналды ма, қалай өзi... Дефицит бо­лар атақтарды М.Ж. және тағы басқалар сауда айналымына салып жiбергендерiн кеш бiлгенiмдi қарашы! 
Алайда бизнес бұзық болса да, ниетiм түзiк, мен де iлгерi аттай берейiн. Менiң алдымдағы атақбергiштердiң жалаулары үздiксiз желбiрей бермес.
Әйткенмен, “1.000.000 доллар”, “900.000 доллар” деген аузымды ептеп жабыңқырап, 800.000 доллардан бастайтынымды хабарлаймын. Яки, құрметтi атаққұмар мырзалар және өзiнiң бала-шағасынан бұрын солардың тiлеуiн тiлеп жүретiн атақсыз мырзалар, Алматының жаймабазарында жүздесейiк! Сiздердiң қай атақты таңдағандарыңызға қарай олардың әрқайсысын таразыға тартып көремiз. Ендi “данышпанды” 800.000 долларға бағалауға мәж­бүр болсам, басқаларын кезегiне, сипаттамасына, кiм алатынына қарай арзандатып байқаймын. Желiм оңынан тұрса, белес-белес жол кешiп, Алатауды алты айналып, Астанаға бет түзеп, сондағы кәсiптестерiммен қалта қағысып, қирата жеңiп, “Бәйтеректiң” басына бiр шығу ойымда бар...
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ
"Жас Алаш" газеті