24 қыр, 2021 сағат 12:20

Германия концлагерінде қаза тапқан 927 қазақстандық жауынгердің жақындары іздестірілуде


ІІ Дүниежүзілік соғыс кезінде Германиядағы концлагерьлерде қаза болған 927 отандасымыздың тізімі табылды. Бүгінде олардың туыстарын іздестіру жұмысы жүріп жатыр. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дандыбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Возвращение имени» халықаралық патриоттық ұйымы бізге соғыс кезінде Германиядағы концлагерьлерде қаза тапқан 927 қазақстандық жауынгердің тізімін берді. Қазіргі уақытта қаза тапқандардың туыстарын анықтау бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Сондай-ақ, біздің министрлік өкілдері биыл 8 мамырда «Плацдарм» қоғамдық ұйымының шақыруымен Украинаға барып, Славянск үшін шайқаста қаза тапқан 99 жауынгердің, оның ішінде жерлесіміз - лейтенант Үкібай Базарбайдың сүйектерін қайта жерлеу рәсіміне қатысты. Одан бөлек, қазіргі уақытта ресейлік іздеу тобы біздің 12 жерлесіміздің дене қалдықтарына сараптама жүргізуде, кейін олар бізге беріледі», - деді Тимур Дандыбаев.

Бұған дейін ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары ІІ Дүниежүзілік соғыста хабар-ошарсыз кеткен 7 отандасымыздың мәйіті табылғанын айтты. 

Оның мәлімдеуінше, жоғалғандардың аты-жөндері анықталып, елге жеткізілген.