27 қар, 2016 сағат 08:00

Ислам әлемінің игілігі

Президенттің баспасөз қызметі мен  «Егемен Қазақстанның» бірлескен жобасы

25 жылдың 25 сәті

Тәуелсіз мемлекет ретінде танылып үлгерген 25 жылдық тарихымызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем экономикасын сауықтыруға қатысты ұсыныстары, жаһандық қауіпсіздік пен ядролық қарудан бас тартуға шақырған бастамалары жұмыр Жердің тағдырына бейжай қарамайтын адамзат қауымы үшін аса құнды құжат ретінде қабылданды. Бұдан бөлек, Елбасының саяси көрегендігінің бір қыры ретінде танылған, жекелеген мемлекеттер арасындағы саяси қырғиқабақтық пен экономикалық бәсекелестік салдарынан туындаған мәселелердің жігін жатқызып, сызын жібітіп жіберген бітімгершілік қадамдары өз алдына бір төбе.

Әсіресе, Нұрсұлтан Назарбаевтың бауырлас халықтар мен діндес, ділдес елдер арасын жақындату, ортақ мүддеге жұмылдыру бағытындағы бастамалары мен ұсыныстары өз жемісін беріп отыр. Қазіргі күні Қазақ елінің бастамашылдығымен құрылған халықаралық ұйымдар жұмысы жолға қойылды. Соның бір жарқын мысалы ретінде Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің 2011 жылғы 15 тамыздағы тапсырмасының негізінде құрылған Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы туралы әңгімелемекпіз.

 

Тарихи  негіздеме не дейді?

Тақырыптың түпкі мақсаты түсінікті болу үшін аз-кем тарихи шегініс жасауға тура келеді. Өйткені, біз сөз етіп отырған Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының негізін Ислам Конференциясы Ұйымына қатысушы елдер құрайды. Демек, Астана төрінде Қазақстанның бас­тамасымен құрылған іргелі ұйымның бас­тауында тұтас тарихы бар Ислам елдері бауырластығы тұрғаны анық.

Ислам Конференциясы Ұйымының шаңырағы өткен ғасырдың 60-шы жыл­дары­ның соңында көтерілгені белгілі. Ал мүміндердің мүддесін көздейтін осы ұйым­ның әуелгі формасының қалыптасуы тіптен әріден, 1926 жылдан бастау алады. Өйткені, осы жылы Бүкіләлемдік ислам конференциясы құрылып, оның алғашқы отырысы Меккеде өткен екен. Одан кейіндері Конференцияның сессиялары Иерусалим, Карачи және Могадишо қалаларында шақырылған. Бұл жиын­дарда мұсылман елдері арасында әртүрлі салалар бойынша ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл орнату мәселелері қарастырылыпты.

Ал 1953 жылы аталған Конферен­ция­ның орнына Ислам конференциясының форумы құрылып, оның отырыстары Иерусалимде, сондай-ақ бірқатар араб елдерінің астаналарында өткен екен. Кейбір деректер бұдан кейін де жоға­рыда аталған Ислам конференциясы фо­румының атауы бірнеше рет өзге­р­тіл­генін, басқа да ислам ұйымдарының құ­рылғанын көрсетеді. Бірақ, бұл ұйым­дардың ешқайсысы да халықаралық сая­си үдерістерге жеткілікті түрде ықпал ете алмаған. Ал мұсылман әлеміне бар­лық Ислам мемлекеттерінің басын бі­ріктіріп, өзара тығыз ынтымақтастық орнату арқылы халықаралық саясатқа ықпал ететін ұйым аса қажет еді. Мұны мұсылман елдерінің басшылары мен дін қайраткерлері жақсы түсінді. Бұған мұсылман әлеміндегі ішкі және сыртқы саяси-экономикалық жағдайлар жол бермеді. Тек оның сәті 1969 жылы түскені ендігі тарихтан белгілі.

Ислам Конференциясы Ұйымы құ­рыл­ғаннан бері өзінің қатарын үнемі арттырумен қатар, қызмет ауқымын да кеңейтіп келеді. Алғашқы жылдары ИКҰ-ға 25 мемлекет мүше болса, бүгінде Ұйым Азия, Еуропа, Африка мен Оңтүстік Америка құрлықтарындағы 57 мемлекетті біріктіріп отыр және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы деген жа­ңа атауға ие. Сонымен қатар, ИЫҰ-ның жиындарына бес мемлекет жә­не бес халықаралық ұйым байқаушы ре­тінде қатысады. Оның үстіне Ислам Ын­тымақтастығы Ұйымы әлемде БҰҰ-дан кейінгі екінші ірі халықаралық сая­си ұйым болып табылады. Қазіргі кез­де Жер шарындағы тұрғындардың төрттен бірін Мұхаммед пайғамбар үм­бет­тері құрайды. Яғни, мұсылман ел­деріндегі тұрғындардың жалпы саны 1,532 миллиард шамасында. Бұл – ға­лам­шар халқының 22,9 пайызы. Ал Қазақстан тұрғындар саны жағынан Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына қа­ты­сушы елдер арасында – 23, әлем елдері ара­сында 62-ші орында тұр.

 

Ислам әлемін діни идеология ғана біріктіре ме?

Жалпы, көпвекторлы әлемде мемле­кеттердің геосаяси ұстанымы белгілі бір бағыттың аясында ғана дамуы үлкен қателік болар еді. Керісінше, тарихи тамыры бір елдер мен діни ұстанымдары ортақ мемлекеттер үшін дамудың жолын да бірге таңдау мүмкіндігі зор. Ислам елдеріне де осы үрдіс тән. Демек, дүние жүзінің мұсылмандарын діни идеологиядан бөлек, өркениетті әлемдегі бәсекеге қабілеттілік жолындағы ұстанымдар біріктіретіні анық. Оның астарында ең алдымен таза экономикалық дамуға қатысты мүдделер жатқандығы айқын аңғарылады. Ал экономикалық одақтар мен аумақтық ықпалдастық аясында күш біріктіру кезеңінде әлем картасында шашырап жатқан елдерді бір идея тоғысында жинау тәуекелдің ісі. Қазақстан осы қадамға барып отыр. Елбасының мұсылман әлеміндегі адами және табиғи ресурстарды ортақ игеруге қатысты ұсынысының маңыздылығы да сонда еді.

Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттер аумақтарында табиғи ресурстардың аса мол қоры жатыр. Нақты мәліметтер бойынша, оның көлемі әлемдегі қосалқы қордың 65 пайызын құрайды. Ұйымға қатысушы елдер, сондай-ақ әлемде өндірілетін шикізаттың 45 пайызын өндіреді. Осыдан шамалы уақыт бұрынғы деректер бойынша, Ислам елдерінің ішкі жалпы өнімі 7,5 трлн. АҚШ долларын құраған екен. Бұл мәлімет мұсылман әлеміндегі елдер өндіретін өнімнің Қытайдың ІЖӨ-сіне жақындап қалғанын білдіреді.

Ал Қазақстанның ИЫҰ-ға мүше мемлекеттермен өзара тауар айналымы соңғы жиырма жыл аралығында айтарлықтай өскені анық. Мысалға, бір ғана 2008 жылы айналым көлемінің құны 10,6 миллиард долларды құрапты. Оның 8 миллиард доллары – экспорт, 2,6 миллиард доллары – импорт. Демек, біздің еліміз Ислам елдерінің ынтамақтастығына мүше болу арқылы көлемі жағынан әлемдегі екінші орында тұрған тұтыну нарығына жол ашқаны анық. Бұл өз кезегінде отандық өндірістің одан әрі дамуына және жаңаша сипатта өнім өндіруге деген бейімділігін арттыруға ықпал ететіні белгілі. Яғни, мұсылман елдері нарығы үшін өнім даярлаудың өз ерекшелігі бар. Мұндағы басты талап: халал өндірісінің жолға қойылуы. Қазіргі күні отандық өндіріс бұл талап үдесінен толықтай шығып, халал стандарына сай өнім ішкі нарықты да қамтамасыз ете бастады.

14-04-01

Қазақстан және ИЫҰ: Ізгілік миссиясы

Қазақстан Республикасы Ислам Ынты­мақ­тастығы Ұйымына 1995 жылдың желтоқсан айында Гвинеяның Конкари қаласында өткен Ұйымға мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлерінің конференциясында толық құқықты мүше ретінде қабылданған еді. Мүше болып қабылданған кезден-ақ еліміз Ұйымның әртараптандырылған қызметіне белсене қатысуды бастап кетті. Қазақстан алғашқы күннен ИЫҰ-ның рөлін арт­тыруға және оның өркениетті әлемдегі ерек­шеліктерін нығайтуға өзінің үлесін қосып келеді. Бүгінде еліміз Ұйым аясында әлеуметтік-экономикалық саясатты жүзеге асыру жолымен кедейшілікті жою, білім сапасы деңгейін арттыру, Ұйымға қатысушы елдерде демократияны дамыту, адам құқығының қорғалуы мен азаматтық қоғамды ізгілендіру сияқты мәселелеріне жан-жақты қолдау көрсетіп отыр.

Жалпы қатысушы елдер 2005 жыл­дың 8 желтоқсанында Меккеде өт­кен Ұйымның жоғары деңгейдегі конфе­ренц­иясында қабылданған 10 жылдық іс-қимыл бағдарламасын басшылыққа ала отырып жұмыс жүргізеді. ИЫҰ үшін бұл құжаттың алатын орны ерекше. Аталған құ­жатта Ұйым қызметінің алдағы он жыл ішіндегі перспективалары нақты көр­сетілген. Ислам әлемінің «Жол картасы» рөлін атқаратын бұл құжатта Ұйым елдері арасында ішкі сауданы кеңейту арқылы оның көлемін қазіргі 16 пайыздан 20 пайызға дейін арттыру шаралары да қарастырылған. Осыған байланысты Қазақстан өзінің экономикалық стратегиясын сауда-экономикалық байланыс­тарды ынталандыруға, Ұйымға мүше мемлекеттермен инвестициялық және технологиялық тәжірибелер алмасуға бағыттауда.

Негізінен, Қазақстанның мұсылман елдерінің дамуына қосқан орасан үлесінің бір дәлелі ретінде еліміздің осы іргелі халықаралық ұйым – Ислам Ынты­мақтастығы Ұйымына төрағалық еткен кезеңін айтсақ та жеткілікті. 2011 жылғы төрағалық тізгінін қолға алған еліміз ұйым жұмысына саяси тұрғыдан ғана емес, экономикалық әріптестікті жандандыру бағытында да серпін берді. Әрі біздің Ұйымға төрағалығымыз Қазақ­стан үшін ғана емес, мұқым Ислам ел­де­рі үшін абыройға саналған ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен кезеңмен ұштасып жатты. Бұл Қазақстанның Ислам елдері ынтымақтастығы тарихында екі бағыттағы халықаралық ұйымдардың тізігінін бір ­уыста ұстаған ел ретінде қалуы еді. Өйт­кені, Қазақстан Республикасы ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер ішінде ЕҚЫҰ-ға төр­а­­-
ғалық еткен тұңғыш мемлекет болатын.

 

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету әлеуеті

АҚИҰ туралы бастаманы 2011 жылы ИЕҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-сессиясында ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көтерген болатын. Араға екі жыл салып Астанада өткен үкіметаралық сарапшылық кеңесінде ИЫҰ-ға мүше 30 мемлекеттің сарапшылары жарғылық құжаттың жобасын мақұлдаған болатын. Бұл бүгінгі күні Астанада жұмысына кіріскен Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы немесе Азық-түліктің өзара көмек қоры атауына ие болған ұйымның кіндігін кескені анық.

Осы жерде біршама азулы елдерден тұратын мүшелері бар ұйымның ішінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі Қазақстанға қалай сеніп тапсырылды деген заңды сауал туады. Мамандардың айтуынша, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Қазақстанның әлеуеті зор. Соңғы бес жыл көлемінде еліміз ұн және астық экспорты бойынша алғашқы орындарды иеленіп келеді. Еңбек өнімділігін және ауыл шаруашылығы өндіру көлемін арттыру қоры жеткілікті. Сондай-ақ, біздің елімізде шамамен 24 млн га егістік және 180 млн га жайылымдық жер бар. Бұл мұсылман елдерін табиғи ет және ет өнімдерімен қамтамасыз ету үшін таптырмайтын мүмкіндік ретінде қара­с­тырылады.

Оның үстіне, Ислам елдері қаржы көздерінің инвестициялық әлеуетінің ең көп шоғырланған ортасы да қазақстандық нарық болып тұр. Әсіресе, Ислам даму банкімен жасалған келісімдердің нәтижесі баянды. Қаржы құрылымы тарапынан Қазақстанның ауыл шаруашылығын қол­дауға зор ықылас бар. Сонымен бірге, Ислам даму банкінен ет-сүт өн­дірісін дамыту бойынша зерттеулер жүр­гізу үшін Қазақстанға 90 млн теңге кө­лемінде грант бөлу туралы келісімге қол жеткізілген. Бүгінде Ислам даму банкі Қазақстанға 1,2 млрд доллардан астам инвестиция салды. Алдағы жылдары ИДБ қаржысына автокөлік жолдары, ауыл шаруашылығы және энергетика салаларында экономикалық тұрғыдан аса маңызды жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр.

Қазірдің өзінде аймақтардағы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы әлеуметтік-экономикалық маңызды жобаларды жүзеге асыру үшін және ауыл шаруашылығына тиімді алқаптарды суландыруға қатысты 107 млрд теңгеден астам қаржы бөлу туралы келісім жүзеге асырылуда. Нақтылай кетсек, 25 млрд теңге болатын алғашқы жоба Алматы облысында жалпы 120 мыңға жуық халық тұратын елді мекендерді ауыз сумен қамтуды жақсартуға бағытталған. Жобаның мультипликативті тиімділігі бар және сумен қамтамасыз ету инфра­құрылымын пайдалану саласында қо­сымша жұмыс орнын құруға, халықтың көшуін төмендетіп және ауылдық жерде бизнестің дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.

Ал 82,5 млрд теңгеден асатын екінші жоба Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы алқаптарды суландыру мен дренаж жүйелерін жаңғыртуды көздейді. Жоба Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы жалпы аумағы 149,3 мың га суармалы жерлердің мелиоративті жағдайын жақсартуға бағытталған. Бұл жоба суармалы жер­лер­дің өнімділігін бір жарым есеге көтеруге, суармалы жерлер бойынша жобалардың жылдық ішкі жалпы кірісін 62,3 млн теңгеге арттырып, халықты жұмыспен қамтуға бағытталған.

 

АҚИҰ қандай қызмет атқарады?

Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының штаб-пәтері Астана қаласында орналасатындығын айттық. Халықаралық ұйымның кеңсесі мүше мемлекеттерге ауыл шаруашылығын, ауылдық жерлерді, азық-түлік қауіп­сіздігін тиімді дамытудың және биотехнологияларды дамытудың түрлі аспектілері бойынша тәжірибе мен техникалық жаңашылдықтарды ұсынумен айналысатын болады.

Жаңа ұйым ислам елдері халқын табиғи-климаттық жағдайлар мен геогра­фиялық орналасуын ескеріп, ИЫҰ мүше елдердің азық-түлікті жеткізу шығын­дарын азайтуға мүмкіндік беретін тиімді көлік-логистикалық бағдарларын құру, бір­лескен азық-түлік қорларын құру және оны басқару арқылы азық-түлік бағасын тұрақтандырып, экономикалық қолже­тімді азық-түлікпен қамтамасыз ету мін­деттерін шешетін болады. Аталған ұйым мүше мемлекеттерге ауыл шаруа­шылығын, ауылдық жерлерді, азық-түлік қауіп­сіздігін және биотеxнологияны тиім­ді дамытуды жоспарлап отыр. Сон­дай-ақ, әртүрлі аспектіде теxникалық ноу-xоу және тәжірибе беріп, тұрақты әлеу­мет­тік байланысты қамтамасыз етуді көздейді.

 

Ұйым мүшелері кімдер?

Ұйымды құру туралы бастама кө­терілген 2013 жылдан бері ұлан-ғайыр жұмыстар жасалыпты. Мәселен, осы уақыт аралығында Азық-түлік қауіпсіздігі бойынша Ислам ұйымының жарғысына алғашқылар қатарында Джибути, Судан, Сомали, Комор аралдарының ода­ғы, Палестина, Мавритания, Уганда, Буркина-Фасо, Сьерра Леоне, Гамбия, Гвинея, Гвинея-Биссау, Мали, Нигерия, Ауғанстан, Иран, Түркия, Суринам және Қазақстан сияқты 19 мемлекет қол қойды. Осылайша, АҚИҰ Жарғысы алғаш рет қолданысқа енді. Ал ұйымның Жарғысына қосылушылар қатары бертін келе артып отырды. Ливия Араб Республикасы 2014 жылы, Біріккен Араб Әмірліктері мен Сауд Арабиясы Корольдігі және Бенин Республикасы 2015 жылы толықтай қосылды. Биыл бұл тізім одан әрі жал­ғас­ты. Египет Араб Республикасы, Кот-д-Ивуар Республикасымен қатар, Бангладеш, Мозамбик, Тәжікстан, Қатар және Камерун мемлекеттері АҚИҰ Жар­ғы­сына осы жыл ішінде қол қойды. Ал күні кеше ғана Кувейт мемлекетінен осы Жарғыны ратификациялау рәсімі аяқ­тал­ғаны туралы ресми ақпарат жетті. Сөйтіп, үстіміздегі жылдың қазан айындағы дерек бойынша АҚИҰ-ға 31 мемлекет мүше болып кірді.

 

Мақсаттар мен міндеттер

Соның бірнеше бағытына тоқтала кетсек:

біріншіден, ауыл шаруашылығын, ауылдық жерлерді, азық-түлік қауіп­сіздігін, сондай-ақ биотехнологияны тиім­ді дамытудың түрлі аспектілері бойынша, оның ішінде шөлейттенуден, орман алқаптарының азаюынан, топырақтың эрозиясы мен сортаңдануынан туындаған проблемаларды шешу бойынша мүше мемлекеттерге сарапшылық тәжірибені және техникалық ноу-хауды ұсыну, сонымен қатар, орнықты әлеуметтік байланыстарды қамтамасыз ету;

екіншіден, мүше мемлекеттермен үйлестіре отырып, қажетті шұғыл және гуманитарлық көмекті айқындау және көрсету мақсатында, оның ішінде азық-түлік қауіпсіздігі қорын құру арқылы мүше мемлекеттердегі өндірістік қауіп­сіздік саласындағы ахуалды бағалау және оған мониторинг жүргізу;

үшіншіден, мүше мемлекеттерде ауыл шаруашылығын дамыту және азық-тү­лік қауіпсіздігін арттыру мақсатында қаржылай және ауыл шаруашылығы ресурстарын жұмылдыру және басқару;

төртіншіден, ортақ ауыл шаруашылығы қағидаттарын, оның ішінде тиісті технологиялармен алмасу және оларды беру арқылы үйлестіру, тұжырымдау және іске асыру болады.

Осы жерде, шыт жаңа ұйымның ұйыт­қы болуымен атқарылған істердің нәти­жесіне де тоқтала кеткен орынды. Бү­гінгі күні мынадай жұмыстар атқарылуда екен. Мысалы, елімізде «Азық-түлік қауіп­сіздігі жөніндегі ислам ұйымы Жар­ғы­сын ратификациялау туралы» Заң қабыл­данды.

«Қазақстан Үкіметі мен АҚИҰ ара­сын­дағы штаб-пәтер туралы келісімге қол қою туралы» Үкімет қаулысына сәйкес еліміздегі мемлекеттік органдармен бірігіп атқарылатын жұмыстар кеңесіп, пішілуде екен. Сондай-ақ, АҚИҰ-ның 5 жылдық даму жоспары бекітілген.

 

Қандай құқықтық мәртебеге ие?

Осы Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының жарғысына қол қой­ған ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үкіметтері сәйкесінше ұйымға құқықтық мәртебе беруші болып табылады. ИЫҰ Жарғысының 24-бабына сәйкес, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының мамандандырылған институты болып табылады. Тиісінше, аталған ұйым ха­лық­аралық ұйым ретінде толыққанды заңды тұлға мәртебесін пайдаланатын болады және өзінің жарғысында айқындалғанындай, өз функцияларын жүзеге асырып, міндеттерін орындайды. Ал ұйымға берілетін иммунитеттер мен артықшылықтар, оның ішінде заңды қолсұғылмаушылық пен салық салудан босату ұйымның және тиісті қабылдаушы елдің арасындағы екіжақты келісімде айқындалуға тиісті талаптар қатарында қаралады.

 

Қазақстан дамуына қаншалықты үлес қосады?

Ұйымға мүшелік Қазақстан Респуб­ликасына азық-түлік экспортын ұлғайтуға, ауыл шаруа­шылығы инфрақұрылымдарын дамытуға немесе жаңғыртуға қатысты ұтым­дылық береді. Ұйым қызметі аясында Қазақстан ішкі айналымнан кемінде 1 млн тонна бидайды сыртқа шығаруға, ел ішін­дегі инфрақұрылымдық жобаларға Ислам Даму банкінің қаржысын тартуға, Орталық Азия елдері мен Ауғанстандағы инфрақұрылымды дамытуға, сәйкесінше осы елдерге экспортты арттыруға, ислам­дық қаржы құралдарын пайдаланып ел экономикасына тікелей инвестициялар тартуға мүмкіндік алады.

Сондай-ақ, азық-түлік қауіпсіздігі ахуалына әсер ету мүмкіндігін бере оты­рып, ұйымның Қа­зақстанда орналасуы мемлекетіміздің халықаралық қоғамдастықтағы рөлін күшейте түседі.

Атап өтетін маңызды жайдың бірі, Қазақстан ұйым­ның штаб-пәтерін қабылдап отырған ел ретінде оның Атқа­рушы кеңесінде тұрақты бір орын­ға ие болады. Тәртіп бойынша Атқарушы ке­ңес­­те, төр­ағасын қоса алғанда, 8 мүше-мемлекет тір­­кел­­­ген. Осы­лайша, Қазақстан ұйымның шешім қа­­­был­­­дауы ба­рысында артықшылыққа қол жеткізіп отыр.

Енді маман пікіріне құлақ түрсек, экономика ғылымдарының докторы, профессор Тоқтар Есіркеповтің айтуынша, Ислам елдерінің арасындағы мұндай байланыстан еліміз бірнеше бағытта ұпай жинайды екен. Біріншісі – саяси ықпал ету аймағы ұлғаяды. «Геосаяси ұстанымдары арқылы әлемнің дамуына ықпал етіп отырған алпауыт елдердің агрессиясына төтеп берудің бір жолы – бірігу», дейді ғалым. Бұл тарапта Ел­ба­сының сыртқы саясаттағы ұстанымын толық қолдау керек. Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем назарын аударып отырған реформаларының дені ортақ нарық пен әлеуетті күшті оңтайлы бірік­тіруге бастайды. Кеден одағынан басталған рефор­маның Еу­ра­зиялық экономикалық одаққа ұласып аяқталуы­ның тиімділігі осында. Ортақ алаңдағы ақша мен тауар айналымының артуы сыртқы саясат­тағы еркіндікті де қамтамасыз етуге ықпал ететін болады.

– Екінші жағынан, Ислам елдері дегенде ізгілік, адамгершілік қағидаттарына негізделген қоғам құру жөнінде ойға берілеміз. Рас, қазіргі жағдайда мұсыл­мандардың атына әлемдік терроризм арқылы кір жұқтыру жүріп жатыр, соған қарамастан, әлемді ізгілендіруге осы Ислам елдері тарапынан көптеген батыл қадамдар жасалуда. Соның бірі Қазақстанның бастамасымен қолға алынған Азық-түлік қауіпсіздігі ұйымы. Қандай адам болса да ас-ауқатсыз өмір сүре алмайтыны сияқты, әлемнің алдында азық-түлік қауіпсіздігінен туындайтын мәселелерді шешіп алу міндеті тұр. Н.Назарбаевтың 2013 жылдан бері жиі айтып жүрген мәселесі осы. Және бұл мәселенің мұсылман елдері арасында оңтайлы жолға қойылуы тағы да Қазақстан мен оның басшысына деген әлемнің ілтипатын оятатыны анық, –дейді Тоқтар Есіркепов.

Ғалымның тағы баса айтқаны, осы қадам арқылы қазақстандық нарықтың адымы ұзара түспек. Яғни, Атқарушы хатшылығы мен Бас Ассамблеясы Аста­нада орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының әлеуеті зор. «Бұл – отандық халал индустрияның дамуына таптырмайтын мүмкіндік. Арғы жағымызда 1 жарым миллиардтан астам адамды құрайтын тұтыну нарығы тұр…», деп пайымдайды экономист.

 

Түйін

Көпвекторлы әлемде адамзаттың ортақ игілігін көздейтін бастамаларға қатысты бастапқы көзқарас әралуан болатыны заңды. Және сол жалпы жаһандық идеялар дүние жүзі картасында кейіннен пайда болған жас мемлекеттің басшысы тарапынан айтылған болса екі есе сын тезіне салынатыны тағы ақиқат. Сүйінерлігі, Қазақстан бұл сыннан сүрінбей өтті және Мемлекет басшысының күллі адамзаттың игілігіне бағытталған бастамалары әлем халқы мен көшбасшылары тарапынан кең қолдау тапты.

Және бұл ба­­ғыт­­тағы жұмыстар тек тарихи тамырлас­тықты жаң­­ғырту ғана емес, жаңа тұр­паттағы әлемдік қоғам­дастық талабына сай экономикалық байланыс­тар негізінде жүзе асырылуы айрықша мәнге ие.

Сондай бір тарихи бағалауға негіз бо­латын Ислам елдерінің арасындағы ынты­мақ­тастықты арттыруға бағытталған Ел­ба­сы идеясының жеміс бере бастағанын сөз еттік…

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»