30 қаң, 2023 сағат 19:21

"Итеріп, айғайлаған". Астанада дене шынықтыру мұғалімі жұмыстан шығарылды

Фото: hornews.com

Астанадағы №27 мектеп-лицейінің дене шынықтыру пәні мұғалімі ата-аналардың шағымынан кейін жұмыстан шығарылды. Бұл туралы қалалық білім басқармасы хабарлады, - деп жазады Massaget.kz порталы.

Басқарма мәліметінше, мектепте қызметтік тексеріс жүргізіліп, мұғалімнің екінші сынып оқушысына қарым-қатынасы педагогикалық этикаға сәйкес келмейтіні анықталған. Дене шынықтыру мұғалімі қатаң сөгіс алды.

"Мектептің бұйрығына және Еңбек кодексіне сәйкес, бұл мұғалім жұмыстан шығарылды. Этикалық нормалар мен талаптарды сақтамау фактілерін болдырмау мақсатында мектеп ұжымымен профилактикалық жұмыс жүргізілді. Басшының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына педагогикалық этиканың негізгі қағидаттарының сақталуын бақылау және мұндай жағдайларға жол бермеу тапсырылды", - делінген хабарламада.

Еске салайық, № 27 мектеп-лицейінің екінші сынып оқушысының ата-анасы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі сегіз жасар қызын итеріп, оған айғайлағанын айтқан еді. Дәлел ретінде мектептегі бейнебақылау камерасынан видео ұсынған.

Полиция бұл факт бойынша тексеру жүргізіп жатқанын және сот-медициналық сараптама тағайындағанын хабарлады.