Фото: The National Gallery, London, bbc.com
Джозеф Мэллорд Уильям Тёрнердің 250 жылдық мерейтойына орай әлемнің көптеген музейлері бұл оқиғаны кең көлемде атап өтіп жатыр. Бұл ретте суретшінің ең танымал әрі көпшіліктің талқылауына көп түскен туындысы болған «Қаһарман» атты картинасына жаңаша көзқараспен қарап, тереңіне қайта бойлайтын кез келген сияқты.Тёрнердің «Қаһарман «Тимирері» 1839 жылы алғаш көпшілік назарына ұсынылғаннан-ақ ұлттық деңгейдегі танымалдылыққа ие болып, бүгінге дейін бұл шығарма өз мәнін жоғалтқан жоқ. Ол бір кездері Британияның сүйікті картинасы атанды, бүгінде 20 фунттық банкноттың бетіне бейнеленген. Алайда осы айтулы туындыға қатысты кеңінен тараған түсінік, көзқарас Тёрнердің шын мәніндегі ниетіне кереғар келуі мүмкін.
Мұндағы «Тимирер» – британдық әскери-теңіз флотының 98 зеңбіректі кемесі. Суретте ол артқы планда бейнеленген. Бұл британдық кеме Наполеон бастаған соғыста Францияға қарсы қорғаныста үлкен ерлік көрсетіп, аты аңызға айналды. Бірақ 1838 жылы оны бөлшектеп, материалдарын сату туралы шешім қабылданғанда, ұлттың назарын тағы өзіне аударды. Тёрнердің туындысында бұрынғы теңіз гладиаторы жарқыраған Темза өзенімен жаңа заманның бумен қозғалатын сүйрегіш кемесінің соңынан сүйретіліп келе жатыр.
Осындай көрініс 2012 жылы үлкен экранға шыққан «007: Скайфолл операциясы» фильміндегі бір сәтте де байқалады. Ол эпизодта Бонд (Дэниел Крейг) пен Q (Бен Уишоу) Лондондағы Ұлттық галереяда тұрған дәл осы картинаның алдында отырады. Жас әрі технологияның тілін түсінетін Q әңгіме арасында: «Бұл көрініс мен үнемі өзімді жабырқаулы сезінуге мәжбүрлейді... даңқты көне кеме қорлықпен жойылуға кетіп барады», дейді. Бұл «Тимирердің» бейнесіне қатысты жиі айтылатын пікірдің көрінісі.
Яғни, көпшілік бұл картинаны ұлттық даңқ пен ескі дәуірге деген сағыныштың символы ретінде қабылдайды. Бұл көзқарас бойынша, елеске айналған «Тимирер» – қаһарман, ал сүйреткіш – оның қарсы кейіпкері. XIX ғасырда ағылшын жазушысы Уильям Теккерей сүйреткішті «кішкентай әрі сұмпайы бу кемесі» деп атаған. Ал америкалық жазушы Герман Мелвилл оны «бумен сүйрегіш-пигмей» деп кемсіткен.
Мұндай көзқарастың қалыптасуын түсінуге де болады. 1804 жылы «Тимирер» Француз порттарына тосқауыл қойып, Британия жағалауын қорғауда маңызды рөл атқарды. Бірақ оның шын мәніндегі жұлдызды сәті 1805 жылдың 21 қазанында Атлант мұхитында болған Трафальгар шайқасында туды. Бұл шешуші қақтығыста адмирал Нельсон бастаған HMS Victory кемесі алға ұмтылды, бірақ француздардың Redoubtable кемесінен ауыр соққы алды. Сол сәтте қою қара түтін ішінен «Тимирер» шыға келіп, шабуылға тап береді. Қарсыласына зеңбірекпен атқылап, өзі де соққының ауыр зардабына ұшырайды. Бірақ кері шегінбей, бас кемені қорғап қалды. Ол осылайша шайқастың тағдырын шешкен кемелердің бірі ретінде тарихта қалды.
Жаңалықтан сұлулық тапқан
Тёрнер «Қаһарман «Тимирерді» салғанда 64 жаста еді. Ол 1775 жылы Лондондағы Ковент-Гарден маңында қарапайым отбасында дүниеге келгенімен, 14 жасында-ақ беделді Корольдік өнер академиясына қабылданады. 24 жасында академик, ал 32-де Перспективаның профессоры атанды. Бірақ ол мәртебесіне қарамастан Кокни акцентінен бас тартпады, сыпайы салттар мен жөн-жоралғыларға аса үйір болмады. Сонымен қатар ол аса іскер адам еді. Яғни жеке галерея ашып, бай қамқоршылар іздеп, халыққа өтімді әрі табысты жобалармен айналысты.
«Қаһарман «Тимирер» халыққа ұнайтындай, ұлттық мақтаныш сезімін оятып, көпшілік көңілінен шықты. Бірақ Тёрнердің бұл туындысы жай ғана ностальгиялық қимастық пен патриоттық сезімнің символы емес еді. Бұл картина – жаңа, индустриялық дәуірдің басталуы жайлы көркем метафора еді. Тёрнер үшін нағыз назар аударуға тұрарлық нысан – көпшілік қор көретін сүйреткіштің өзі.
Бу қозғалтқышы Тёрнер өмір сүрген дәуірдің ең озық жетістігі болатын. Тёрнер бұл технологияға тек таңданып қана қоймай, оның қоғамға, қоршаған ортаға, тіпті адамның сезіну қабілетіне қалай әсер ететінін зерделеді. Бұл оның «Қарлы боран – бу кемесі» (1842 жыл) мен «Жаңбыр, бу және жылдамдық» (1844 жыл) сынды туындыларында айқын байқалады.
Бұл – оның басты қарсыласы Джон Констебл екеуінің арасындағы үлкен айырмашылық. Жоғары таптан шыққан Констеблдің шығармаларында өнеркәсіп төңкерісінің ірі өзгерістерінің ізі де жоқ. Оның атақты «Шөп тиеген арбасы» (1821 жыл) ескі заманның өлі тыныштығын көз алдыңа келтіреді. Ал Тёрнер, керісінше, көрерменді индустрияның адуынды күшімен бетпе-бет келтіреді. Бұл – дәл сол сәттегі кәнігі өмірдің көрінісі еді. Британ флоты бу кемелерін белсенді қолдана бастаған еді. Бірақ «Тимирердің» жойылуы жай ғана техникалық жаңару емес – бұл теңіз тарихындағы бетбұрыс кезең болды. Мыңдаған жылдар бойы жел мен ескекке тәуелді болған адам енді табиғатқа қарсы тұратын бу қозғалтқышын тізгіндеді.
Фото: The National Gallery, London, bbc.com
Тёрнер бұл сәттің тарихи маңызын сезді. Ол Гомердің «Одиссеясындағы» желкенді кеме – әдебиете де өнерде де өмір жолының символы екенін жақсы білетін. Осылайша, ол «Қаһарман Тимирерде» ескінің орнын жаңа басқан сәтті көркем жеткізіп, адамзат тарихындағы үлкен трансформацияны, яғни индустриядан кейінгі дәуірдің өмірлік кезеңінің бастауын бейнелейтін әсерлі метаморфозаны әлемге паш етті.
Тёрнер тарих дөңгелегі кері айналмайтын заманда суретшілердің мойнына артылар жауапкершілікті терең сезінді. Оның түсінігінде ғасырлар бойы қастерленіп келген ағаш желкенді кемелердің бейнесін салу өнері – олардың тіреуіштері, желкендері мен ою-өрнекті тұмсық мүсіндері – енді ескіліктің елесі еді. Ол заманауи дәуірде әрбір суретшіге, тіпті әр адамға жүктелер міндет – бұрын бейнелеу өнерінде болмаған жаңа дүниелерден, темір воронкалар мен поршеньдерден, клапандар мен ескектерден сұлулық пен мән-мағына табу екенін ұқты.
«Қаһарман Тимирерде» оның осы ұлы миссияға бет бұруы ерекше есте қаларлық әрі ымырасыз символ арқылы айшықталған.
Дәуірдің өнерін жасаған суретші
Тёрнер өз дәуірінің қайтарымсыз өзгерістерін түсініп қана қоймай, оған көркемдікпен үн қатты. Ол палитрасына жаңадан шыққан бояу түрлерін – лимон-сарғыш пен қызғылт лакты батыл енгізді. Тіпті картинасының ерекше әсер беруі үшін ас үйіндегі май, тоң май, салат майы сияқты заттарды да пайдаланған.
Оның технологияға қызығушылығы мен жаңа әдістерге ұмтылысы кейінгі авангард суретшілерге қатты әсер етті. Мысалы, Клод Моне мен Камиль Писсарро Тёрнердің еңбектеріне тәнті болды. Оның «Жаңбыр, бу және жылдамдық» атты туындысы 1874 жылы Парижде өткен алғашқы импрессионистік көрмеге қойылды. Бұны қазіргі заманғы өнер тарихындағы бетбұрыс сәт деуге болады.
Осы жылы Тёрнердің 250 жылдығына арналған көрмелер Ливерпульдегі Уокер галереясынан бастап, Туикенхэмдегі Тёрнер үйіне дейін, Коннектикуттегі Йель британ өнер орталығынан Лондондағы Тейт Британия галереясына дейін әртүрлі бағыттарда ұйымдастырылады. Алайда бұл біртуар да ұлы суретшіні шынайы танып, толық ұғыну үшін оның «Қаһарман Тимирер» атты жауһар туындысының түпкі мәнін терең түсіну қажет.
Фото: bbc.com, The Metropolitan Museum
Көп жағдайда бұл картина бір кездегі шарықтаған даңқ пен ескі өмір салтына деген сағыныш пен қимастықты бейнелегенмеланхолиялық шығарма деп қабылданады. Алайда мұндай асығыс туған көзқарас туындының тұңғиығына терең бойламай, оның шынайы философиясын көлегейлейді.
Қысқасы «Қаһарман Тимирер» – өзгеріс пен жаңаруға қатысты шығарма. Одан алуға болатын нағыз сабақ — Тёрнердің дүниетанымы мен көзқарасында. Ол ескіден бас тартып, жаңаға деген қорқынышты басып, жаңашылдықты құшақ жая қарсы алған, дәстүрлі өнер соқпақатарына кіріптар болудан бас тартқан тұлға. Қазіргі заманды терең түсініп, сол сәттің өзінен сұлулық пен ұлылық табуға деген ұмтылысын және өткенмен тік тұрып қоштасу батылдығын Тернер осы туындысында керемет жеткізе білді. Міне, осы рух — Тёрнердің қазіргі өнерге қалдырған ең асыл мұрасы.