Фото: Алматы әкімдігі
Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театрына «академиялық» мәртебе берілді. Бұл шешімді ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов 2025 жылы 2 желтоқсанда қабылдады, деп хабарлайды Ult.kz.
1935 жылы құрылған театрға биыл 90 жыл толады. Осы уақыт ішінде ол қаланың маңызды мәдени ошақтарының біріне айналды. Театр қоржынында қазақ халық ертегілеріне және әлем әдебиетінің үздік шығармаларына негізделген қойылымдар ерекше орын алады. Ересек көрермендерге арналған философиялық және драмалық спектакльдер де ұсынылады. Бүгінде көрерменінің сұранысына сай репертуар үнемі жаңарып отырады.
Театрдың ең ірі мәдени жобаларының бірі – халықаралық деңгейде танылған Almaty Puppet Festival фестивалі. Бұл іс-шара Алматыны қуыршақ театры өнерінің маңызды орталықтарының біріне айналдырып, әлемнің түкпір-түкпірінен театр ұжымдарын жинайды. Сонымен қатар театр халықаралық фестивальдерге белсенді қатысып, қазақстандық өнерді шетелдерге паш етіп келеді.
«Академиялық» мәртебенің берілуі – театрдың ұлттық мәдениетті дамытуға, жас ұрпақты рухани тәрбиелеуге қосқан көпжылдық еңбегінің жоғары бағалануы.
