09 жел, 2022 сағат 09:23

Қанатбек Жайсаңбаев Президент көмекшісі болып тағайындалды


Президент көмекшісі – Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі тағайындалды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қанатбек Бақытұлы Жайсаңбаев Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі лауазымынан босатылсын", - делінген Жарлықта.

Мемлекет басшысының өкімі бойынша, Ғабидулла Оспанқұлов Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.

Қанатбек Жайсаңбаев 1980 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген.

2010-2016 жылы Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы, кейін Президент Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы болып жұмыс істеді. Сондай-ақ, бұған дейін Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарған.

Ал 2021 жылы сәуірде Президент Әкімшілігі бөлімінің меңгерушісі болған.