Қаңтар оқиғасы бойынша Алматы облысында 384 қылмыстық іс тіркелді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы облысында қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік кезінде қамауға алынғандарға заңға қайшы әрекеттерге бару, яғни азаптау дерегі бойынша 37 қылмыстық іс қозғалып тергелуде.
Сондай-ақ тергеу және уақытша ұстау изоляторынан 33 адам босатылды. Оның ішінде 8 кәмелетке толмаған бала бар. Жалпы қаңтар оқиғасында 758 адам зардап шекті. Оның 643-і полиция қызметкері, 78-і әскерилер, 37-сі бейбіт тұрғын. 8 ғимарат, 68 көлік қиратылды, 7 көлік толығымен өртеніп кетті. Қаңтар оқиғасы бойынша барлығы 384 қылмыстық іс тіркелді. Адам өлтіру дерегі бойынша 5 іс қозғалып, үш іс полиция департаментінің өндірісінде. Ұрлық дерегі бойынша 158 іс тіркеліп, 88 іс ашылды. Облыстық полиция департаменті мен қалалық полиция басқармасы ғимаратынан 512 қару қолды болды.
«ҚР ҚК 287 бабына сәйкес, егерде өзінде қазіргі кезде заңсыз сақтаған қаруды сол тұлға бізге өз әрекетімен келіп тапсыратын болса, қылмыстық жауапкершіліктен босатылады», - деді Алматы облыстық полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Руслан Чарапиев.
