Фото: ҰҚК баспасөз қызметі
ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі Астанада, сондай-ақ Ақмола мен Павлодар облыстарында автомектептер жұмысы мен жүргізуші куәліктерін рәсімдеу кезінде ірі жемқорлық схемасын әшкереледі, деп хабарлайды Ult.kz.
Тергеу мәліметінше, Астанадағы Мамандандырылған ХҚКО басшысының бұрынғы орынбасары азаматтарға емтихан тапсыруға көмектесіп, жүргізуші куәлігін заңсыз жолмен алып беруді жүйелі түрде ұйымдастырған. Бұл «қызмет» үшін ол тұрақты түрде пара алып отырған.
Құзырлы органның хабарлауынша, жалпы сомасы 100 миллион теңгеден асатын 60-тан астам дерек процестік түрде тіркелген.
Сонымен қатар Көкшетаудағы Мамандандырылған ХҚКО мен Екібастұздағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының филиал басшылары да заңсыз әрекеттері үшін әшкереленді. Олар жалған адамдар арқылы емтихан тапсыруды ұйымдастырып, ол үшін ақша алған.
Бұдан бөлек, Астана, Шымкент және Тараз қалаларындағы осы мемлекеттік корпорацияның филиалдарында жылжымайтын мүлікті қайта тіркеу мен ауыртпалықтарды алып тастау кезінде қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану және заңсыз баю фактілері анықталған.
Аталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.
