19 нау, 2021 сағат 20:12

Қарағанды облысының өзендерінде мұз жару жұмыстары басталды

Қарағанды облысында су тасқынынан қорғауға арналған шаралар қабылдануда. Кептелістер мен су басудың алдын алу үшін өзендерде мұз жару жұмыстары басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Облыстық ТЖД хабарлағандай, Осакаров ауданы Николаевка ауылының маңында Сабырқожа өзенінде жарылыс жұмыстары жүргізілді.

Құтқарушылар тұрғындардан абай болуды сұрайды.

«Еш жағдайда мұзға шықпаңыздар, себебі жарылыс толқынынан мұз бетінде жарықтар пайда болады. Көктемде су қоймаларында мұз үстінен өту өте қауіпті», - деп ескертеді ведомствода. 

Өңірде қар шығару, су өткізу құрылыстарын тазалау секілді басқа да жұмыстар жалғасуда. ТЖД мәліметінше, елді мекендерден миллион текше метрден астам қар шығарылды. 1 600 астам су өткізу құрылыстары тазартылды. 

Негізгі су қоймаларынан су ағызу жүріп жатыр.