Фото: ашық дереккөз
Қарағанды қаласында мектептің кеңейтімі мен оған тиесілі жер телімін жекешелендіру заңға қайшы деп танылып, сот арқылы мәмілелер мен әкімдік қаулыларының күші жойылды, деп хабарлайды Ult.kz.
2000 жылы қалалық коммуналдық мүлікті басқару департаменті мектептің екі қабатты кеңейтімін жекеменшік жоғары оқу орнына 789 мың теңгеге сатқан. Кейін 2006 жылы қала әкімдігі жеке тұлғаға осы нысанды пайдалану үшін жер телімін берген. Алайда 2009 жылы бұл шешімге өзгеріс енгізіліп, жер пайдаланушы ретінде азаматтың орнына университет көрсетілген.
Бұдан кейін университет пен жер қатынастары бөлімі арасында 1 гектар жерді сатып алу-сату келісімшарты жасалған. Уәкілетті орган тексеріс жүргізіп, бірқатар заң бұзушылықты анықтады: мектеп таратылмаған, ал жекешелендірілген кеңейтім мектеппен бір кешен ретінде қарастырылған, олардың ортақ заңды мекенжайы мен бір кадастрлық нөмірі бар.
«Жекешелендіру туралы» және «Жер туралы» Жарлықтардың талаптарына сәйкес, мұндай нысандарды жеке меншікке беруге болмайды. Сот мәміленің мазмұны заң талаптарына қайшы екенін және құқықтық тәртіп негіздеріне қарсы жасалғанын атап өтіп, сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп таныды.
Нәтижесінде, жер учаскесі мен ғимарат мемлекет меншігіне қайтарылды. Апелляциялық сот бірінші инстанция шешімін толық күшінде қалдырды.
