12 желтоқсан күні Қарағандыдағы аялдамалардың бірінде белгісіз біреу қоғамдық көлік жүргізушісіне пышақ ала жүгіріп, кондукторды балағаттаған.
Бұл туралы хабар Қарағанды қалалық полиция басқармасының Жедел басқару орталығына түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қарағанды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, патрульдік полиция полкінің қызметкерлері осы іске қатысы бар деген күдікпен 23 жастағы қала тұрғынын ұстады.
Полиция қызметкерлері күдікті қоғамдық көлікте қоқыс шашып, осыған байланысты кондуктордың ескертпесіне балағат сөз айтып, дау шыққаны белгілі болды.
«Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 293 бабы 3тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды», - делінген хабарламада.
