05 сәу, 2021 сағат 20:44

Қарағандылық ультрамарафоншы Заңғар Әлкенов 320 шақырымды бағындырмақ

Қарағанды гарнизонының әскери полиция бөлімінің офицері Заңғар Әлкенов ультрамарафонға дайындалуда. Ол өзінің жүгіруін армия үшін ерекше күн - 7 мамырда бастауды жоспарлап отыр. Ал әзірше Алматыдағы Алатау баурайында қарқынды жаттығулар өтуде, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

2020 жылы Заңғар Қарағанды - Атасу бағыты бойынша 200 шақырымды сәтті еңсерген болатын. 

«Қазір ультрамарафонның екінші кезеңі - 320 шақырым. Алматыда мамандар нақты жоспар құрып, ағза үшін қажетті су мөлшерін есептейді», - дейді Заңғар Әлкенов.

 

Ультрамарафоншының көптеген жетістіктері бар. Ол қазақ күресінен спорт шебері, дзюдодан спорт шеберіне үміткер. 2012 жылы жарақат алғаннан кейін жекпе-жек өнерін ұзақ қашықтыққа жүгіруге алмастырды. 

320 шақырымдық жүгірісті GPS-навигатор арқылы онлайн режимінде бақылауға болады. 

«Бәрі жақсы деңгейде өтеді деп ойлаймын. Егер бұл марафон мен үшін табысты болса, келесі жылы Қарағанды - Алматы бағыты бойынша 1 000 шақырым жүгіруді жоспарлап отырмын», - дейді Заңғар Әлкенов.